«АЖ»-ның кезекті онлайн-конференциясының қонағы - қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және көлік жолдары бөлімінің бастығы Жұмабай ҚАРАҒАЕВ.
БӘРІНДЕ ДОСТЫҚ ДЕГЕН АТАУ БАР
- Қараша айында жергілікті билік орындарына арыз жазған едім. Қала әкімі Айдарбековтен біздің поселкеге жол салу биылғы жылдың бюджетіне енгізілді деген жауап келді. Бұл не дегенді білдіреді? Биылғы жылдың аяғына дейін бізге жол салына ма? Тағы бір сұрағым бар, бұған неліктен екені белгісіз, әкім жауап бермеді: бізде 4 көше бар. Барлығы да Достық көшесі деп аталады. Бұл қалай болғаны?
Зейнеткер Бахтиярова, Ақжар поселкесі, Достық көшесі, 183
- Көшелердің атауы менің құзырымдағы мәселе емес. Бұл сұраққа ономастикалық комиссия жауап бере алады. Жолдар бойынша – шынымен де, ағымдағы жылда Ақжар поселкесіндегі кварталішілік жолдарды асфальттау жоспарланған. Барлық қажетті жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалды.
- Біз автодромның артында «Арнаулы автобазаға» қарсы тұрамыз деуге болады. Бұл мекемемен келісімшартымыз бар, қызметін уақытында төлеп тұрамыз. Бірақ қоқыс контейнерлері біздің көшемізден бір шақырымдай жерде орналасқан. Үйім көше бойындағы шеткі үй болғандықтан, бәрі қоқысты менің үйімнің алдына лақтырып тастайды. Жыл бойына қоқысты өзім жинап шығамын, өртеймін, қалдықтарын машинаға өзім апарам. Қолданыстағы нормалар бойынша контейнерлер қандай қашықтықта орналасуы тиіс?
Зейнеткер Кенжес Есенгелдиев, Атырау ықшамауданы, 412 б үй.
- Тұрғын үйлер мен қоқыс контейнерлері арасындағы санитарлық қашықтық нормативі 100 метрді құрайды. Белгіленбеген жерлерге қоқыс лақтыратын тұлғаларға шаралар қолдану мәселесі бойынша құқыққорғау органдарына хабарласу қажет. Аталмыш мекен-жайды «Арнаулы автобаза» КМК бақылауға алды.
- Балаларымызға өте қиын болып тұр. Біздің ықшамауданда жол деген атымен жоқ. Мектеп те жоқ, қалаға қатынап оқуға тура келеді. Әсіресе қыста балшықтан аяқ алып жүре алмайсың. Бізге жол салына ма?
Гүлнар Құбашева, Жұмыскер-2, Балауса ықшамауданы
- Біз Жұмыскер-1 ықшамауданында тұрамыз. Бізге жол қашан салынады? Облыстық, қалалық әкімдіктерге хат жаздық. Қаңтар айында «егер ақша бөлінсе, биылғы жылдың жұмыс жоспарына енгіземіз» деген екіұшты жауап келді. Мұны жай ғана сырғытпа жауап деп есептеймін. Биылғы жылдың жұмыс жоспарына бізді енгізді ме, жоқ па, тіке жауап берсеңіз екен. Көліктер балшыққа батып қалады, «жедел жәрдем» келуден бас тартады. Біздің округтік әкімнің формальды есебіне сүйенбей, біздің ықшамауданға назар аударсаңыздар екен. Қоқыс айлап тазаланбайды, лас, әсіресе зират маңы. Көшелердің атауы жоқ...
Зейнеткер Болат Досов, Жұмыскер-1, 266-учаске
- Бізде Жұмыскер-2-де поселкеішілік жолдар жоқ. Жол тек зиратқа дейін салынған, ал тірілердің жағдайы қалай болмақ? Әсіресе мектептің төңірегі адам айтқысыз. Мектеп қазылған, қоқысқа толған шұңқырдың ортасында тұр деуге болады. Балалар сабаққа осы үйінділердің ортасынан өтіп барады. Ықшамауданда бірде бір қоқыс контейнері жоқ - қоқысты қайда тастарымызды білмейміз.
- Үстіміздегі жылы Жұмыскер поселкесіндегі жалпы алаңы 79 560 шаршы метр болатын кварталішілік жолдарды асфальттау жоспарланған. Қажетті сметалық құжаттама дайындалған, қаржы бөлінген кезде мәселе қаралатын болады.
УӘДЕНІ ҮШ ЖЫЛ КҮТЕДІ
- Қаладағы жалғыз ғана балалар емханасы Алмагүлде орналасқан. Оған таңертеңгілік уақытта балалармен жету өте қиын. Микроавтобустар үшін тағы 2 маршрут ашуға және 8-ші және 5-ші маршруттарды ұзартуға болмай ма? Қазір олар «Ландыш» аялдамасына дейін барады. Ал біз соңғы аялдамада тұрамыз. Яғни, Алмагүлден қайтар кезде балалармен бірге тағы үш аялдама жаяу жүреміз. Таңертең бұдан да қиын болады. Лық толы автобуспен күбіге салынған майшабақ секілді әрең жетеміз.
Айгүл Жұмабаева, Балықшы
- Бөлімде №5 маршруттың қозғалыс сызбасын өзгертіп, Балықшы поселкесінің соңғы аялдамасына дейін бару мәселесі қарастырылуда. Бұдан басқа, осы бағыттағы микроавтобустар үлкен сыйымдылықтағы автобустарға ауыстырылатын болады.
- Біздің Жерұйық ықшамауданында, нақты 31-ші көшеде жаяу жүргінші жолы жоқ, балшықтан аяқ алып жүру мүмкін емес. 21-ші маршрутқа қатысты да шағымымыз бар. Автобус тиесілі уақыт аралығын сақтамайды, халықтың жиналуын күтіп тұрады. Аялдама жоқ, ашық аспан астында тұрамыз.
- Жерұйық ықшамауданынан жаяу жүргіншілер жолын салу қаржының жоқтығынан 2013 жылдың жұмыс жоспарына енгізілмеген. №21 маршруттың қозғалыс аралығын сақтау мәселесін біздің бөлім бақылауға алатын болады.
- Көкарнада 11-12 көше бар, тек олардың бір бөлігі ғана асфальтталған. Жолдар қашан болады? Батпақты күндері балалар мектепке балшықты кешіп барады. Қарияларға да қиын. Балшық болған кезде «жедел жәрдем» бізге кіре алмайды, науқастарға жаяулатып барады. Көшеде жарық жоқ, ауылдағыдай тас қараңғылықта өмір сүріп жатырмыз.
- «Көкарна» ықшамауданындағы жолдарды асфальттау қаржының жоқтығынан 2013 жылдың жұмыс жоспарына енбеген. Қосымша қаржылар бөлінген жағдайда, бұл мәселе қаралатын болады.
- Біз Жұлдыз-2 ықшамауданынан (Доссор трассасының бойында) үй салған едік. 34-ші, 35-ші, 36-шы көшелерге үйлер салынған. Бізден басқа тағы 60-70 жеке үйлер бар, бірақ жол жоқ. Бізге жолдар қашан салынады? Өткен жылы қалалық әкімдікке хабарласқан едік, бірақ еш өзгеріс жоқ.
Бақытжан Дәулетов
- Бұрынғы Водозаборный өткелі, қазіргі Мұқан Наурызалин көшесі – Жилгородоктағы асфальтталмаған жалғыз көше. 2008, 2009, 2010 жылдары арыз жазғанбыз, қала әкімінің орынбасары Нұрлығожиевтан: «бюджетте ақша жоқ» деген жауап келді.
Жилгородок
- Аталмыш ықшамаудандардағы және көшелердегі жолдарды асфальттау қаржы бөлінбегендіктен 2013 жылдың жұмыс жоспарына енбеген. Бұл мәселе қосымша қаржылар бөлінген жағдайда қаралатын болады.
- 2010 жылдан бастап қала әкімдігі бізге жол салуға уәде берді. Уәдені үш жыл күтеді деген бар ғой.
Руслан Аманғали, Геолог, Жамбыл көшесі, 58А
- Геолог поселкесінен көлік жол төсемін салуға қажетті барлық жобалау-сметалық құжаттамасы дайын. Үстіміздегі жылы қаржы бөлінген кезде сіздің өтінішіңіз қаралатын болады.
РЕТТІК НӨМІРМЕН БЕРІЛЕДІ
- Мен, Ерғалиева Айжан Қуанышқалиқызы 5 баланың анасымын. 2010 жылы күйеуіммен ажырастым, балалар өзімде қалды. 2010 жылдан бастап пәтер кезегінде тұрмын. 4 жыл бойына балалармен пәтерді өзім жалдап тұрамын. Айлық жалақым – 32 мың теңге, пәтер үшін 15 мың төлеймін. Қалалық әлеуметтік қорғау бөлімінен әлденеше рет комиссия келді. 2013 жылдың 20 ақпанында ТКШ-ге реттік нөмірімді білмек боп барған едік. Ондағылар барлық құжаттарымды жаңартуым керектігін айтты. Қазір құжаттар жинап жүрмін. Отбасымның атынан баспанамен көмектесуіңізді сұраймын.
- Сіз 2011 жылдың 28 маусымынан бастап баспанаға мұқтаж әлеуметтік қорғалған отбасылар тізімінің есебінде тұрсыз. Сіздің реттік нөміріңіз - 2267. Бұл мәселе «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес шешілетін болады.
- 1920 жылы дүниеге келген туысым Сәбила Қалиева тыл еңбеккері, қайтыс болған соғыс мүгедегінің жесірі. 1999 жылдан бері баспана кезегінде тұр. Өткен жылы қалалық әкімдік 2012 жылдың желтоқсанында пәтер беруге уәде берген еді. Желтоқсанда Қарағаевтың қабылдауында болдық, наурызда мүмкіндіктерді қарастырамыз деп уәде етті. Уәде етілген пәтер бола ма?
Қалиевадан
- Сіздің туысыңыз Қалиева Сәбила шынымен де 1999 жылдың 13 қыркүйегінен бастап баспанаға мұқтаж әлеуметтік қорғалған отбасылар тізімінде тұр. Бүгінде оның реттік нөмірі – 29. Оған мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана белгіленген кезектілікке сәйкес ұсынылатын болады. Дұрысында, жыл аяғына дейін болып қалар.
Оқырмандарымыздың жол құрылысы мәселесіне үлкен қызығушылық танытып отырғанын ескерген Қарағаев жасақталған жобалау-сметалық құжаттама мен қала аумағына жататын селолық округтер бойынша алдағы жұмыстар көлемі туралы мәліметтер ұсынды. 2013 жылға жоспарланған жұмыс көлемі: Ақсай селолық округі бойынша: Ақсай селосы – 4 көшедегі: Достық, Қазақстан, Ақ Жайық, Тайманов көшелеріндегі алаңы 15,5 мың шаршы метр көлік жолдарын күрделі жөндеу. Ақжар селосы – 6 көшедегі: Достық, С. Датов, Ақ Жайық, Нұржанов, Мұнайшы, Безымянная көшелеріндегі 18,758 мың шаршы метр жолды күрделі жөндеу. Атырау селолық округі бойынша: Құрманғазы селосы – 3 көшедегі: Рысқалиев, Құрмашев, Балманов көшелеріндегі 12,100 мың шаршы метр, сонымен қатар «Інжу-Маржан» Мәдениет үйінің алаңы. Балықшы поселкелік округі бойынша: Ақжайық ауылы – 5 көшедегі: Памир, Нұржанов, Жангелдин, Революция, Өзен көшелеріндегі 12,110 мың шаршы метр. Водниковпоселкесі– 3 көшедегі: №№1, 2, 3 көшелердегі 5,250 мың шаршы метр. Құрсай ауылы – 12 көшедегі: Алатау, 26 партсъезд, Қазалы, Еркінқала, Досмұхамедов, Жұмахметов, Теміртау, Мұқашұлы, Арыш, Темір, Алтай, 27 партсъезд көшелеріндегі 23265 шаршы метр. Геолог селолық округі бойынша: Бірлік және Бірлік-2 поселкелері – 5 көшедегі: Бекет ата, Сыдиықова, Шернияз, Қорқыт ата, Есет би көшелеріндегі 18,390 мың шаршы метр. Новокирпичный ауылы – 3 көшедегі: Жұбанов, Болатов, Асан қайғы көшелеріндегі 11,700 шаршы метр. Дамбы селолық округі бойынша: Дамбы селосы–3 көшедегі: Абай, Желтоқсан, Ғаббас көшелеріндегі 9,426 шаршы метр. Еркінқала селолық округі бойынша: Ракуша селосы – 5 көшедегі: Ынтымақ, Сақпаров, Боқашев, Жақсыбаев, Нұғыманов көшелеріндегі 18,900 мың шаршы метр. Жұмыскер поселкелік округі бойынша: Жұмыскер поселкесі – 79,560 мың шаршы метр жер. Әбілқайыр, Мұханжанов, Мүтәлиев көшелеріне, Әбішев, Ақтау, Жастар, Амантурлин өткелдеріне шығатын, ММС маңында, сонымен қатар жаңа үйлер салынған көшелерге кіретін жолдар қарастырылған. Өркен ықшамауданы – 12 көшедегі 67,800 мың шаршы метр жер. Кеңөзек селолық округі бойынша: Тасқала селосы – 7 көшедегі: Жастар, Комсомол, Кеңес, Ұлан, Молдашев, Бейбітшілік, Алғабаскөшелеріндегі 20,580 шаршы метр. Тасқала-2 селосы – 5 көшедегі: №№ 3, 5, 6, 9, 11 көшелеріндегі 25,250 мың шаршы метр. Аталмыш жұмыстарды толық жүзеге асыру үшін барлығы 6 350 000 000 теңге керек. Жұмыстар қаржының бөлінуіне қарай орындалатын болады.
- Сарықамыс-2 ықшамауданын асфальттау қашан басталатынын айтсаңыз екен? Асфальт қай көшелерге төселеді? Бүгінде біздің ықшамауданда 70 пайыз жерге үйлер салынған. Асфальттың жоқтығына қатысты орын алатын проблемаларымызды тізбелемей-ақ қоялық, онсыз да бәрі түсінікті ғой.
Құрметпен, Сарықамыс-2 ықшамауданының тұрғындары.
- Біз Сарықамыс-2 ықшамауданындағы 5-көшеде тұрамыз. 3-көшеде асфальт бар, ал бізде жоқ. Қашан салу жоспарланып отыр? Тағы бір өтініш. Қолданыстағы маршрутты біздің ықшамауданға дейін жеткізсе екен. Әйтпесе жақын маңдағы аялдама Лесхозда, ал ол бізге өте алыс әрі қолайсыз.
Жеміс Қарабауова
- Сарықамыс-2 ықшамауданындағы жолдарды асфальттау қаржының жоқтығынан 2013 жылдың жұмыс жоспарына енбеген. Қосымша қаржы бөлінген жағдайда бұл мәселе қарастырылатын болады. Бүгінгі күні Сарықамыс пен Гауһартас ықшамаудандарының тұрғындарына қалалық №15 маршрут қызмет көрсетеді. Автобус бағыттарын өзгерту мәселесі қызметтің осы түріне ашық конкурс өткізу кезінде қаралатын болады.
- Мен 2001 жылдан бері үй кезегінде тұрмын. Төрт балам бар. тұңғышым мектеп бітірмек, кенжем 4 жаста. Өзім Кіші Өнер академиясында мұғалім боп жұмыс жасаймын. Күйеуімнің фирмасы банкротқа ұшырап, қазір ол жұмыссыз қалды. Кезек бойынша реттік нөмірімізді алға жылжытуыңызды сұраймын.
- Сіз кезекте бюджеттік мемлекеттік мекеменің қызметкері ретінде тіркелгенсіз. Бүгінде сіздің кезектегі реттік нөміріңіз – 31, баспана қолданыстағы ережеге сәйкес берілетін болады. Сіздің реттік нөміріңізді ескерсек, қалалық құрылыс бөлімінің тұрғын үйлерді тапсыруына қарай, бәлкім, жыл аяғына дейін алып қаларсыз.
- Үш сұрағым бар: асфальт жолы, Самал ауданы арқылы Атырау-Астрахан айналма жолы, орта мектеп қашан салынады?
Қайрат, Самал ы/а
- Самал ықшамауданындағы жолдарды асфальттау қаржының жоқтығынан 2013 жылдың жұмыс жоспарына енбеді. Ол қосымша қаржы бөлінген кезде қаралатын болады. Сіздің ықшамауданнан орта мектеп салу мәселесі бойынша қалалық құрылыс бөліміне хабарласқаныңыз жөн.
ТЕМІРТАУДА - МУНИЦИПАЛДЫ, БІЗДЕ - ЖЕКЕ КӨЛІК
- Біздің Алмагүл-1 ықшамауданындағы №4 үй алғашқылардың бірі боп салынды. Цокольды қабатында зорлық-зомбылықтан жапа шеккен әйелдерді оңалту орталығы орналасқан. Ал екінші қанаты иесіз жатқандықтан, бомждардың сүйікті орнына айналған. Оның қожайыны кім екенін және өз құқығын қашан қолына алатынын көптен бері біле алмай келемін. «Эпиташвили» ПИК-і бұған қатысты бейхабар екенін, қаланың иелігінде шығар дегенді айтады. Осы рас па және ол жерде тәртіп қашан орнайды? Әйтпесе кім көрінген бас сұғады, түзге отырып кетеді, тонайды, терезе әйнектерін сындырып тастайды. Ал ол жерде біздің көпқабатты үйіміздің бүкіл коммуникациясы ашық-шашық жатыр.
Нұрлан Ермұханов
- Алмагүл ықшамауданындағы №4 тұрғын үйдің цоколды орын-жайы - Әділет департаментінің мәліметтеріне сәйкес, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен қалалық ішкі саясат бөлімінің балансына алынған.
- Неліктен бюджеті аз Теміртауда қоғамдық көлік ретінде корейлік сапалы автобустарды, ал Атырауда бірер жылдан кейін жарамсыз боп қалатын қытайлық автобустарды сатып алады?
Нұрлан
- Теміртау қаласының тұрғындарына муниципальды көлік қызмет көрсетеді. Ал біздің қалада қалалық және қала маңындағы маршруттарға қызмет көрсетумен жеке фирмалар мен жеке кәсіпкерлер айналысады. Сондықтан жергілікті билік орындарының оларға қандай өндірістегі автобустарды сатып алу керектігін нұсқауға қақысы жоқ. Орталық маршруттарға негізінен оңтүстік кореялық «DAEWOO» және «HYUNDAI» маркалы автобустар қолданылады. Бұған қоса қаладағы маршруттардың көпшілігіне қызмет көрсететін «АйсТрансХолдинг» ЖШС үстіміздегі жылы қосымша 100 автобус алуды жоспарлап отыр.
Қарағаев қаладағы қоғамдық көліктерде: - Ұлы Отан соғысына қатысушылардың; - бала жастан 16 жасқа дейінгі мүгедектердің; - сабақ кезінде 17 жасқа дейінгі мектеп оқушыларының; - Қазақ соқырлар қоғамы мен Қазақ саңыраулар қоғамы мүшелерінің; - І және ІІ топ мүгедектерінің тегін жүру құқығына ие екенін еске салады. Жасына байланысты зейнеткерлер тарифтің 50 пайызын төлейді.
- Өткен қыста №2 маршрут өте нашар жүрді. Машиналардың жағдайы да өте мүшкіл – салондардағы отырғыштар жыртылған, лас, көліктер ескі. Неліктен қожайындары өз автопаркіне қаржы салмайды? Адамдар Балықшыдан және кері қарай маршруттарды ұзақ күтіп тұруға мәжбүр. Мәселен, 12-маршрут тиесілі 4 минуттың орнына соңғы аялдамаларда 15 минуттап тұрады. Басқа аялдамаларда да аз уақыт тұрмайды. Олар қашан тәртіпке келеді?
Жолдас Ерғалиев, Перетаска
- №2 маршруттағы автобус қозғалысының біркелкі болмауының себебі - көліктер жиі бұзылып қалды. Қазіргі уақытта автобус салондарын жөндеу мен ретке келтіру шаралары алынды. Бұл мәселе бөлім бақылауына алынған.
- Бізден, І және ІІ топ мүгедектерінен ақпаннан бастап қоғамдық көлікте қолданыстағы тарифтің 50 пайызы мөлшерінде (25 теңге) төлемақы талап ете бастады. №2 және 6 маршрутта жолақы алады, ал, мәселен, №14 маршрут ақы алмайды. Біз үшін ережеде өзгеріс бар ма?
- Үстіміздегі жылдың 25 ақпанында қалалық маршруттарды, атап айтқанда №№1, 2, 3, 4, 6, 8, 10, 12, 14, 15, 20, 21, 22, 30А, 30, 50, 56, 57, 58, 64, 65, 52Амаршруттарына қызмет көрсету жөнінде өткізілген ашық конкурстың тендерлік комиссиясының шешіміне сәйкес, І және ІІ топ мүгедектері тегін жүреді. Заң бұзушылықтар туралы (+7 7122) 25-44-51 телефонына хабарласу керек.
- 2011 жылдың, содан кейін 2012 жылдың жолдарды асфальттаудың ресми жоспарына кірген Ақжайық (бұрынғы Холодильник) поселкесіндегі жолдар қашан асфальтталады? 2011 жылдың көктемінде ескі, бірақ әлі де бекем асфальтты алып тастап, белгісіз бағытқа шығарып тастады. Ал жаңасы әлі салынған жоқ. Біз, поселке тұрғындары (әсіресе, балалар, оқушылар) маусым аралығында қар ерігенде немесе жаңбыр жауған кезде батпақтан зардап шегеміз. Асфальтсыз жолды су шайып кететіні сондай, тіпті «жедел жәрдем» машинасы шақыртуға келе алмайды. Жолдарды асфальттау жоспарларының бекітіліп, газет бетіне жарияланатындығы, бюджеттің бөлініп, бірақ жоспарлардың орындалмайтындығы бізді алаңдатып отыр. Әлде есеп бойынша біздің поселке жолдары асфальтталған ба екен?
Ақжайық поселкесінің тұрғындары атынан Г. Жақсиева
- Бізде асфальтталған жол жоқ. Жыл сайын қала әкімінің атына хат жолдаймыз. Бес жылдан бері уәде беріп келеді. Бізде ең ұзын көше, 80 шақты үй бар. Көшемізден пошта бөлімшесі мен балабақша салынды, бірақ оған жету мүмкін емес.
Ақжар селосы, Нұржанов көшесінің тұрғындары
- Ағымдағы жылы Ақжайық пен Ақжар поселкелерінің кварталішілік жолдарын асфальттау жоспарланған. Қажетті жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалды.
ЕСКІ БАЗАРДАҒЫ ТОЗБАЙТЫН ҮЙ
- Қайырлы күн! Алмагүл ықшамауданы бойынша сұрағым бар: 17, 19 және 23-үйлерге жаңа лифтілер орнатыла ма?
Марат Қазмағанбетов
- Алмагүл ықшамауданындағы №17, 19, 23 тұрғын үйлерге жаңа лифтілер орнату үкімет қаулысымен бекітілген 2011-2020 жылдарға арналған ТКШ жаңғырту бағдарламасына сәйкес үстіміздегі жылға жоспарланған.
- Мен 2009 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрмын. 2012 жылы реттік нөмірім 1293 болатын. Сол кезде тубдиспансерде есепте тұрған (анықтамам бар) тұлға ретінде қосымша арыз жаздым. Алғаш туберкулезбен 2005 жылы, содан кейін 2011 жылы ауырдым. Тубдиспансерде есепте тұрушы ретінде кезегімді жылжытатын жеңілдігім бар. Бірақ менің арызыма жауап келген жоқ. Ол арызым қаралған ба және баспананы қаншалықты ұзақ күтуге тура келеді?
Айман Аманшиева
- Сіз баспана кезегіне 2009 жылдың 14 шілдесінен бастап ата-ана қамқорлығынсыз қалған жан ретінде, аз қамтылған, әлеуметтік қорғалмағандар санатында тіркеліпсіз. Баспана алу мәселесі кезектілік тәртібімен шешілетін болады.
- Біздің 1917 жылы салынған Балғымбаев, 32 (Ескі базар) мекен-жайындағы екіпәтерлік үйіміздің апатты деп танылғанына көп болды. 1986 жылы бізді ТКШ-ға шақырып: «күреледі, дайындалыңдар» деп, отбасы мүшелерінен басқа жандарды мекен-жай есебіне тіркеуге тыйым салған еді. 1997 жылы да дәл осындай жағдай қайталанды. 2007 жылы тағы да қағаз беріп, күрелуге кетеді деді. 2012 жылдың тамызында қайтадан күрегілері келіп, үйді суретке түсіріп, әкімдікке шақырды. Ал қаңтарда қалалық әкімдіктегілер біздің күрелетін тізімде жоқ екенімізді айтты. Үй жыл сайын жөндегендіктен ғана тұр. Енді не істейміз?
Қадыржанова Науша Өтемұратқызы
- Балғымбаев көшесіндегі №32 екіпәтерлік үй комиссия қорытындысы бойынша апатты үй ретінде күрелуге кететін үйлер тізіміне енгізілмеді.
ТАМҰҚТЫҚ ЕКІ ЖҮЗ ҚАДАМ
- 2003 жылы бізге ЖТҚ үшін жер телімі берілді. Бес жыл бойы салған үйімізге көшу коммуникациялардың (электр, су, газ, кәріз жүйесі) жоқтығынан кейін шегеріле берді. Билік орындарына бірнеше рет хабарластық, олардан еш жауап ала алмағаннан кейін, бұл уақытта біздің аумақта үй саны 10-ға жетті, бұл мәселелерді өз күшімізбен шешуге кірістік. 2010 жылы біздің ауданда тас жол салу басталған, алайда қуанышымыз ұзаққа бармады. Тас жолды жарты көшеге – Мостовой өзегінің үймегіне дейін төсеп, біздің 3 үйді «ұмытып» кетті, небәрі 200 метр жер қалған. Бұған да көніп едік, алайда Мостовой өзегін қазу жұмыстары кезінде арнайы техника топырақтың жоғарғы қабатын сыпырып кетіп, балшығын қалдырды. Осы 200 метр жер тек жазда күн ыстықта ғана кеуіп, қалған уақытта өткізбес саз-балшыққа айналады. 2011 жылы «Қазгидромет» РМК мен өндірістік база аралығындағы тағы бір тұйық көшеге жол салынды, бірақ, қандайма себептермен екені белгісіз, ол жерге шлагбаум қондырып, біз үшін жолды жауып тастады. Бұл қаншалықты заңды? Біздің осы үш үй үшін дұрыс жолға түсетін жалғыз жол - Мостовой өзегінің үймегі еді, оны да жөндеу жұмыстары кезінде қазып тастады. Ал өз қалтамыздан тас жол төсеуге жағдайымыз келмейді. 2010 жылдан бері сіздің бөлімге және Атырау қаласы әкімінің өзіне де біз (3 үй) бірнеше рет хат жолдағанбыз, алайда, біздің жолдауларымыз сол қағаз күйінде қалды. 2013 жылы Атырау облысы әкімі блогына екі сауал бергенмін, оған қазір Жерұйық ықшамауданы орамдарына тас жол салу бойынша тізімге келісім алу жүріп жатыр деп жауап келген. Осыған байланысты осы тізімге 2013 жылға біздің көшені қосуыңызды сұраймын. Өтінішімізді ескерсеңіздер, риза болар едік.
Бейілханова Зарема, Жерұйық ықшамауданы, 21 көше («Қазгидромет» РМК ғимараты артында).
- Осы бір жол бөлігін 2013 жылға Жерұйық ықшамауданына тас жол төсеу тізімінеқосумәселесі біздің бақылауымызда, Атырау қаласыныңжол салынбаған көшелері мен өткелдеріне тас жол төсеу бойынша ЖҚҚ жобалауға қала бюджетінен қаражат бөлінді. ЖҚҚ әзірленгеннен кейін, сондай-ақ Мемлекеттік сараптама жүргізілген соң, қалалық ТКШ бөлімі қаражат бөлу мәселесін қалалық мәслихат депутаттарының қарауына ұсынады. Өз округіңізден сайланған депутат осы мәселені шешуге қолдау көрсету үшін, сіз оған жағдай турасында айтып жеткізіңіз.
- Жақында Сатпаев көшесі, 5А үйінің тұрғындарынан қол жиналды. Сәуірде үйді жөндеу жұмыстары басталады дейді. Біздің үйдің ішкі аулалары бар, жоба бойынша бұл жерлерде хауыздар болады деп жоспарланған. Алайда олар басынан бастап іске қосылған жоқ, қазір оларды ешкім тазаламайды, жыл бойы шалшық су мен қоқыс жиналады да тұрады. Сұрақтар:
1. Үйімізге қандай жөндеу жұмыстары қажет екенін өзіміз анықтай аламыз ба?
2. Жұмыстардың сметасы мен құны туралы қайдан білуге болады?
3. Жөндеушілерді таңдауға өзіміз қатыса аламыз ба?
4. Қандай құжаттардың негізінде бұл жұмыстар жүргізілетін болады және осы мәселелер бойынша кімге жолыға аламыз?
Ләззат
- 2011-2020 жылдарға арналған ТКҚ жетілдіру мемлекеттік бағдарламасына сәйкес көппәтерлі үйлерді күрделі жөндеу үшін қажетті талаптардың бірі кондоминиум қатысушылары жалпы жиналысының тұрғындардың 70%-ның келісімі туралы хаттамасы болып табылады.
Термомодернизациялау бағдарламасы іс-әрекеттердің келесі тәртіптерін белгілейді:
- орынжай (пәтер) иелерінің алғашқы жиналысын өткізу. Күрделі жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданғаннан кейін мамандандырылған ұйым тұрғын үйге техникалық зерттеу жүргізеді;
- кондоминиум нысанына күрделі жөндеу жасау бойынша жұмыс түрлерін таңдау техникалық зерттеу қортындысы негізінде жүзеге асырылады, ал мердігерді орынжайлардың «пәтерлердің) иелері анықтайды;
- күрделі жөндеуді жүргізуге ақаулық ведомосты әзірлеу де кондоминиум нысандары иелерінің міндеттеріне кіреді. Олар, сондай-ақ, жұмыстардың сметалық құндарын бекітеді. Термомодернизациялау бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізу мәселелері бойынша Атырау қ. Әуезов көш. 101 «а» мекенжайында орналасқан (тел 25-42-29) «Атырау қаласының тұрғын үй инспекциясы» ММ-не жолыға аласыз.
- Менің Көкарнадағы саяжай қоғамында 7 жүздік жер телімім бар, сол жерге тұрғын үй салғым келеді. Бұл үшін не істеймін, қандай құжаттар толтырамын? Біз оны 1980 жылы «Атыраубалықтан» алғанбыз. Барлық қажетті қызметтерге, егін суару суына қалтқысыз төлеп отырмыз. Жер телімі жекешелендірілген, алайда қолымыздағы акт, неге екені белгісіз, менің пайымдауымша, уақытша. Өзімнің жеке меншік телімімді заңды түрде қалай аламын?
Айман апа
- Сіздің сұрағыңыз ТКШ бөлімі құзырына кірмейді, сондықтан да оны «Қалалық жер қатынастары бөліміне» жібереміз.
БАЛАЛАР ҚАЙДА ОЙНАЙДЫ?
- АМжГИ артындағы Баймұханов көш. 47 және 47а үйлерінде балалар алаңқайы болған. Оны бірнеше жыл бұрын күреп тастап, Каспий-инжиниринг ғимаратын салған. Жанында бос жер болған, қазір оған да ғимарат салып тастады. Аты Эко-экология сияқты. Үйлеріміздің қасында тағы бір бос жер қалған, алайда бұл жерді де біреу сатып алған деп айтады. Ақырында біздің балаларымыз алаңқайсыз қалды. Олардың біздің осы алаңқайымызды бұзуға қандай құқылары бар? 2011 жылы 15 шілдеде біз 140 қол қойылған хатты сол кездегі облыс әкімі Б. Рысқалиевқа жолдаған едік. Жауап қала әкімінің орынбасары А. Нұрлықожиевтан келді. Оның мазмұны «қашан ақша болады, сол кезде сіздерге алаңқай салып беремізге» саяды. Екі жыл өтті. Сонымен, балаларымыздың алаңқайы қашан болады?
- Атырау қаласы Баймұханов көш. 47 және 47а үйлеріндегі балалар алаңқайының күрелуі мен ғимараттың салынуы ТКШ бөлімі құзырына кірмейді, сондықтан да оны «Қалалық сәулет және қалақұрылыс бөлімі» ММ-не жібереміз.
Атырау қаласында 50 балалар ойын алаңқайын салу бюджеттен жеткілікті деңгейде қаражат бөлінген жағдайда жоспарланып отыр. Сұраныс жібердік. Ағымдағы 2013 жылға жергілікті бюджеттен 30 спорттық ойын алаңқайларын салуға қаражат бөлінді.
- Біз, Атырау ықшамауданының (5,6,7,8 өткелдері) тұрғындары қала әкіміне және «Атырау Жарық» компаниясына электрмен қамтудағы проблемаларымыз жөнінде 4 рет хат жазған болатынбыз. 10 жылдан бері электрмен қамтуда іркілістер шаршатты, әсіресе жазғы мезгілдерде күніне 20 рет жанып-өшеді. Кеңестік кезден келе жатырған ТП, ауыстыруды қажет етеді. Біздің ауданда ауыстыру немесе қандай да бір модернизация қарастырылған ба?
Бауыржан
- Қазіргі уақытта Атырау қаласы бойынша барлық электр желілерін, соның ішінде иесі жоқ, өз еркімен қондырған, қолданысқа жарамайтын және т.б. қондырғыларды түгендеу жүргізіліп жатыр. Осылардың нәтижелері бойынша болашақта электр желілерін салу мақсатымен жобалауға немесе Атырау қаласы желілеріне, ішінде Атырау ықшамауданында орналасқан электр подстанциясы да бар, күрделі жөндеу жүргізуге бюджеттен қаражат сұралатын болады.
Дайындаған Зульфия БАЙНЕКЕЕВА