Берісі 3700, арысы 5000 жылдан бермен тойланып келе жатқан Наурыз мерекесінің кереметтері Низамульдің «Сиясетнама», Омар Хайямның «Наурызнама» туындыларында тамаша өрнектелген. Олар бұл күннің табиғат заңына соншалық сәйкестігімен қоса, орындалатын неше түрлі қызықты салт-жоралғылар жайында да жазып қалдырған. Мәселен, Берунидің жазуынша, Наурыздың бірінші күні таңсәріде аузыңнан әлі сөз шықпай тұрып, үш шай қасық әсел (бал) жеп, үш шырпы жақсаң, барлық ауруыңнан құлан-таза айығасың делінеді. Тағы бір жоралғы: Наурыз күні таңғы намаз алдында аздаған шекер жеп, зәйтүн майымен денесін майлаған адамға, жыл бойына кесел жоламайды делінеді.
Адамның тәні – су, топырақ, ауа және от секілді төрт элементтен құралған болса, осы физиологиялық әрі метафизикалық мән-мағынасы бар төрттіктің түгел алмасып, қимыл-қозғалысқа түсетін кезі тап 21-22 наурыз күнімен тұспа-тұс келеді екен. Қазақтың «Өшкен – жанып, өлген – тірілді» дейтін күні осы болар.
Баяғыда қазақтар наурызкөжені аспанда жаңа ай туғаннан бастап үлестіре бастаған. Негізінде 7 наурыздан бастап наурыз мерекесін тойлап, күн аралатып, әр ру, әр ауыл, әр көше соғымнан қалған сүріні асып, қайқы бас кәрі жілікті асыр салған балаларға мінгізіп, ұлан-асыр бір ай бойы тойлаған. Яғни бұл – наурыз мерекесі күнтізбедегі бір күннің көлеміне сыймайды деген сөз. Иранда күні бүгін бақандай 13 күн, Әзірбайжанда 7 күн, Қазақстанда 3 күн (биыл 5 күн) тойлануы да әз Наурыздың бәсінің биік тұрғанын аңғартады. 2010 жылдан бастап Біріккен Ұлт-тар Ұйымы 21 наурызды Халықаралық наурыз күні ретінде ресми түрде бекітті. Дәл бүгін планетамызда бұл күнді 300 миллионнан астам халық тойлайды.
Кешегі кеңес заманында наурыз мерекесі мүлдем тойланбады делініп жүрген сөз – бекер. Басқа жерді білмеймін, бірақ Қаратау – Түркістан өңірінде шамасы жеткен шаңырақтың наурызкөже істеп, бір-бірін қонаққа шақыруы жетпіс жылда да тыйылып көрмегеніне дүйім жұрт куә. Әрине, Қазақстан бойынша жалпыхалықтық ресми мереке ретінде Наурыздың қайта оралуы 1988 жылы жүзеге асқаны белгілі. 60 жылдан кейін ел бойынша жаппай тұңғыш тойланған Наурыз мерекесіндегі халық көзіндегі қуаныш, жүрегіндегі лүпіл қандай еді, шіркін! Сол қуаныш, сол лүпіл жылдан-жылға азая бергендей, азая бергендей. Олай деп отырғанымыз, соңғы жылдары Наурыз нағыз отбасылық та, халықтық та мереке емес, жасанды, фольклорлық-этнографиялық еске алу сынды мерекеге айналып барады. Жылда бір сағындырып келетін әз Наурызды әр шаңырақтан бастап, толыққан-ды жалпықазақстандық мерекеге қалай айналдырамыз? Осы орайда көршілеріміздің Наурызды тойлауда бізден қандай өзгешеліктері бар, не үйренуге болады екен, көз жүгіртіп көрелік. Соңғы кезде Наурыз мерекесінде ішіп-жеуден (онда да киіз үйге кіретін әкімқаралар ғой) аса алмай қалсақ, көршілес Шығыс халықтарында бұл мереке – бар бояуымен жарқырап көрінетін аса үлкен халықтық сейіл-серуен: ипподромда бәй-ге өтетін, боз кілемде балуандар белдесетін, ит пен әтеш төбелестіріп, қошқар мен бұқа сүзістіретін, масқарапаздар миығыңа күлкі үйірілтетін, керней-сырнайдың үнімен керілген арқан үстінде би билейтін ең қызық думан.
Өзбекстанда Наурызды тойлаудың ең басты атрибуты – көршілердің бірігіп, бір қазанда сүмөлөк қайнатуы. Наурыздың 20-нан 21-не қараған түні әйелдер түні бойы ән салып, би билеп, әзіл-қалжың айтыса отырып, абыр-сабырмен сүмөлөк қайнатады. Ол үшін 1 метрге дейін ошақ қазып, үстіне қазан орнатады. Сөйтіп, ошаққа тек қана жеміс беретін ағашты отын ғып жағады. Бұл дәруменге бай неше түрлі дәмнен жасалатын тәтті ас туралы аңыз көп. Соның бірінде Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қызы бибі Фатима қос ұлы Хасан мен Хұсанды аштықта немен тамақтандырарын білмей, қарны шұрқыраған балаларын алдарқату үшін жерден көк шөп жұлып, оны таспен бірге қазанға сап, үстіне су құйып қайнатқан деседі. Сөйтсе, шөп дегені жас бидайдың сабағы екен, керемет, дәмді сорпа боп шығып, қос ұлын әбден тойдырған екен дейді. Бұл енді Ислам діні келген соң шыққан аңыз болса керек, әйтпесе сүмөлөктің тарихы сонау Зороастризмге барып тіреледі.
Сол көнеден қалған дәстүр бойынша, сүмөлөк қайнатқанда, өріктің дәнегіндей жиырма шақты тас теріп әкеп, әбден жуып, қазанға бірге салады. Кейін сол тас кімнің табағына түссе, ол бақытты адам. Әлгі тасқа қарап тілек тілесе, сол тілегі сөзсіз орындалады деседі. Тастың орнына кейде грек жаңғағы салынады. Өзбектерде бала көтермей жүрген келіншекті емдеу дәл осы сүмөлөк пісірумен сәйкес келеді. Бала көтермей жүрген әйел түні бойы сүмөлөк пісіп жатқан қазан-ошақтың басында отыруы керек те, сүмөлөк піскен соң, қазанды қалай оттан алады, солай келіншек күйеуінің шапанын киіп, тұп-тура қоздағы шоқтың үстіне отырады. Қанша уақыт отырады, ол келіншектің шыдамы мен тілек-ниетіне байланысты. Кәрікөздердің айтуынша, осындай процедурадан соң аяғы ауырламайтын әйел болмайды екен. Көптен бала көтере алмай жүрген келіншектер дәл осы қасиетті тағам – сүмөлөк пісіретін күнді жыл сайын асыға күтеді.
Халықтық сенім бойынша, өзбектер Наурыз күні үйге бірінші боп бас сұққан адамға көп нәрсе байланысты деп қарайды. Жаңа жылдың алғашқы қонағы атына заты сай, пейілі түзу, оң ниетті, ең бастысы, қой егіз табатын құтты қонақ болса деп тілейді. Ал Душанбеде мерекенің ең басты атрибуты – адамның аюмен алысуы. Қорбаңбай аюмен құлшынысы бар кез келген адам күресе алады. Сондай-ақ Тәжікстанның таулы аудандарында бұл күні орындалатын ерекше дәстүр бар. Мейрам алдында жас жігіттер бойжеткен қызы бар үйдің қой қорасын қожайынға білдірмей, қи-тезектен айнадай қып тазалап қоюға тырысады. Бұл іс оңымен орындалса, онда қожайын жігіттерді ерекше сыйлап, қонақ қып күтуге тиісті, ал жігіттер ұсталып қалған жағдайда, қожайынды қонақ қып күтуі тиіс.
Қытайдың батыс аудандарында наурызды тек түркітілдес халықтар ғана емес, қытайлықтар да тойлайды. Қытайлықтар мәселен, көшеге алашұбар киім киіп, қолдарына саздан жасалған буйволдың мүсінін ұстап шығады. Мерекенің басты белгісі – бамбуктен жасалған буйволды қара, ақ, қызыл, жасыл және сары сынды бес түске боялған қағазбен күптеп қояды. Бұл түстер 5 элементтің – от, су, металл, ағаш пен жердің символын білдіреді. Храмның жанында саз балшықтан жасалған буйволды қиратып, бамбуктен жасалған буйволды өртейді. Әзірбайжандар бұл күні ерте тұрып, міндетті түрде тәтті дәмнен ауыз тиеді, мәселен, бал, ол болмаса қант, шекер. Одан кейін «жаман рухтарды» қуу үшін үйді адыраспанмен тазалайды. Осыдан соң бұлақ не өзен басына барып, жуынып-шайынады, бір-біріне су шашысады.
Су – тазалықтың символы. Артынан бір-біріне тәтті сыйлайды. Әр отбасы дастарқанға «с» әрпінен басталатын, мәселен, сүт, сіркесу сияқты жеті түрлі дәм қояды. Сондай-ақ үстелге айна, балауыз, боялған жұмыртқа қояды. Бұлардың терең символдық мәні бар: балауыз – адамды жа-ман рухтан қорғайтын жарық немесе от, айна – айқындықтың немесе жаңа жылдың басталғанын білдіреді. Ол үшін айнаның үстіне қойып қойған боялған жұмыртқа тербеліп, теңселуі керек. Бұл мифтік аңыз бойынша, жерді бір мүйізімен тіреп тұр-ған көк өгіздің бір жыл бойы шаршап-шалдығып, жер шарын келесі мүйізіне «ауыстырғанын», яғни жаңа жылдың басталғанын білдіреді. Осыдан кейін жұрт бір-бірін құттықтап, жақсы тілек-бата айтысып, той тойлауға кіріседі.
Әзірбайжандарда үйде қанша адам болса, сонша шырақ жағып, барлығының оттан қарғитын да дәстүрі бар. «Жамандық отпен кетсін, оттан күш-қуат дарысын» деген ырымдары бұл. Отты су құйып сөндіруге болмайды, күлін көміп тастайды. Оңтүстік Әзірбайжанда құмыраға таза су құйып, отбасы мүшелерінің әрқайсысы оған қалаған нәрсесін салып, құмыраны құбыла жаққа қаратып қояды. Келесі күні парсының ұлы ақыны Хафиздің жыр кітабын парақтай отырып, құмырадан заттарды бір-бірлеп шығарады да, оны Хафиздың ғазалдарының көмегімен жори бастайды. Яғни құмырадан затты шығарғанда, Хафиздың ғазалдарының мазмұны жақсылықты жырласа, онда әлгі затты салған адамның арманы орындалатын болғаны.
Әрине, мұның бәрі кейбіреулеріміз үшін ислам дініне қайшы келетін, тозған дәстүр болып көрінуі де мүмкін. Десек те, ырым-жырымнан гөрі, мұндай шаралардың мерекелік сипаты басым. Қай халықтың да көнеден келе жатқан дәстүр-салтына, таным-нанымына құрметпен қарап үйренген дұрыс. Қазақтың да көшпенді өмірден қалған небір тамаша дәстүрлерін жандандыра білсек, одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Мұның бәрі қасиетті Наурызды кіршіксіз тазалықпен, шынайы ақ ниетпен қарсы алудың әрекетінен туған амалдар екені анық.
Самарқанның көк тасы ери ме?
Халық аузында «Ұлыстың ұлы күнінде Самарқанның көк тасы ериді» деген нақыл сөз бар. Бұл нені білдіреді?
Алдымен «көк тасқа» келейік. Қазақтың қазымыр кемпір-шалдары баласына көңілі толмаса «басыма көк тас қояр деймісің» деп өкпе-назын білдіріп жатады. Яғни «көк тас» дегеніміз – жай тас емес, асыл тас, лағыл тас. Дәл ғылыми анықтамасы «лазурит» деп аталады. Ертеде қайтыс болған атақты адамдардың басына Самарқаннан көк тас алдырып қою дәс-түр болған. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Абылай ханның түсінде» былай дейді: «...Абылай хан Самарқанға елші жіберді: «Ұрысым, соғысым жоқ, әулиелерді зиярат қыла келдім. Басты-басты ақсақалдары қонаққа келсін» деп...Бірін-бірі сыйласып, қонақ болысып, Абылай хан сонда бір көк қасқа айтып сойдырып, басына қойдыратын тас қаздырды дейді. Абылайдың бағына шыққан тасты Самарқан жұрты: «Бұл баяғы Әмір Темірден соң, ешкімге шықпаған тас» десіпті...» Самарқанда Әмір Темір көрегеннің лағылдан жасалған тағы бар. Яғни «Самарқанның көк тасы жібиді» деген сөз бір жағынан Наурыз күні «ханның да қаһары қайтып, көңілі жібиді» дегенді білдіреді. Кейбір зерттеушілер Самарқандағы Ұлықбектің обсерваториясындағы аспан денелерін белгілеген үлкен көк тасқа Ұлыстың ұлы күні күн сәулесі тікелей түскенде әлгі тас жібитінін айтады. Яғни жыл он екі ай тас қараңғы бөлмедегі көк тасқа дәл осы күні саңылаудан күн сәулесі себездейді екен.
Наурызда бір-біріне бұрынғы өкпе-реніштері бар адамдар төс қағыстырып, қайта достасады. Егер Ұлыстың ұлы күнінде өкпе-ренішін қия алмаса, «Сен тастан да қаттысың ба, бұл күні Самарқанның көк тасының өзі жібиді» деп наз айтатын болған. Кейбір ғалымдар «Самарқанның көк тасы» дегенді Самарқан қаласының атауымен байланыстыра қараған жөн деп есептейді. Мәселен, парсы тілінде «кан» қазіргі кен сөзі дегенді білдіреді екен. Сонда Самарқан «самаргда» (асыл тас) кеніне сәйкес келеді. Кан сөзі кейін «канд», «кент», яғни қала, шаһар деген мағынаға ойысқан да болуы мүмкін. Бәрін айт та бірін айт, Жетісуға жасылдан көйлек кигізіп, Сарыарқаны са-мал желге сүйгізіп, Қаратаудың төбесін көкке тигізіп, Маңғыстауға құт-берекені үйгізіп жеткен әз Наурызымыз құтты болсын дейміз!
Дереккөз: aikyn.kz