Атырау, 29 желтоқсан 14:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Мектепте оқуға ата-анасының қолхаты керек

16 404 просмотра

«Менің 7 жасар қызым 1-типті (инсулинге тәуелді) қант диабетіне шалдыққан. Ол - І топ мүгедегі. Мемлекеттен айына барлығын қосқанда 38 мың теңге көмек аламыз. Мәселе мынада болып отыр: қандағы қант деңгейін әрбір екі сағат сайын, яғни күніне 8 рет өлшеп, 5 рет дәрі егу керектігі ұсынылған. Яғни, біз айына тест-жолақтың 2,5 орамасын (бір орамада 100 дана бар) және шприц-қалам үшін 150 ине (бір орамада 100 ине болады, бір қораптың құны – 3000 теңге) пайдаланамыз.

«Алмагүл» ықшамауданындағы балалар емханасының эндокринологы Айнагүл Амандосқызы бізге мемлекеттен жылына тест-жолақтың 10 орамасы мен 2 орама ине тиесілі екенін айтты. Бізге жылына қанша және не тиесілі екенін бұйрық нөміріне сілтеме жасап, нақты жауабын берсеңіздер екен.

Тағы бір сұрақ: қызымды ол жерде бағып, дәрі егетін ешкім жоқ болғандықтан балабақшаға қабылдамады. Ендеше балабақшаға медбике не үшін қажет? Балабақша басшылығы қабылдаудан бас тартуға құқылы ма? Қызымды мектепке қабылдаудан да бас тарта ма деп қорқатын болдым. Медициналық қорытынды негізінде мектепке қабылдаудан бас тартуы мүмкін бе? Мектепке дейінгі балалар мекемесі мен мектептегі медиктер мүгедек балаларды қадағалауға тиісті ме? Мектептерде қазіргі уақытта қанша мүгедек бала оқып жатыр? Мен үйде емес, оқу орнының қабырғасында оқып жатқан балаларды меңзеп отырмын. Диабет диагнозы қойылған бірнеше баланың ата-аналары мектеп директорларының қолқалауымен оларды үйден оқытуға мәжбүр болғанын білетін едім.

Сұрақты ғаламтор арқылы жолдаған Әлия Тұяқбаева.

Осы сұрақтарға облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен білім беру басқармасынан жауап беруді өтінген едік.

«ҚР денсаулық сақтау министрлігінің 5 жастан 15 жасқа дейінгі балалардың 1 типтегі қант диабетін емдеуге инсулиннің үздіксіз теріасты инфузиясының жүйесін пайдалану жөніндегі жобаны енгізу туралы» 2011 жылғы 2 қарашадағы №783 бұйрығымен Атырау облысында 2012 жылы 19 бала инсулиннің теріасты инфузиясын пайдалануға ауыстырылды, - делінген денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВТЫҢ жауабында.

Бұл балалардың гликемия деңгейін тәулігіне 8 рет өлшеп отыру қажет. Осы балалардың ата-аналары инсулиннің үздіксіз теріасты инфузиясын (инсулиндік помпаны) қолдану машықтарына үйретілді.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2011 жылдың 4 желтоқсанындағы №786 бұйрығына сәйкес, инсулинге тәуелді қант диабеті бар балалар республикалық бюджет есебінен инсулинмен, шприцтермен және диабетті бақылау құралымен (тест-жолақтармен) тегін қамтамасыз етіледі. Диспансерлік есепте тұрған балалардың қажеттілігін есептеу ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 14.06.2001 жылғы «Қант төмендететін препараттарға, инсулинді жеткізу және диабетті бақылау құралдарына қажеттілікті есептеу әдістемесін бекіту туралы» №575 бұйрығына сәйкес жасалады. Осы бұйрыққа сәйкес, бір науқасқа жылына 7 орама (350 дана) тест-жолақтар тиесілі. Орташа алғанда Атырау облысында өткен жылы бір сәбиге 10-11 орама тест-жолақтардан бөлінген болатын».

Егер мүгедек балаларды емдеуге қатысты бәрі түсінікті болса, оларды оқыту жағдайы анағұрлым күрделірек боп шықты.

«Егер қолыңызда психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес (ПМПК) пен қалалық (аудандық) білім беру бөлімінің қорытындысы мен балабақшаға жолдамасы бар болса, балабақша басшылығының қабылдаудан бас тартуға қақысы жоқ. Атаулы көмек (мемлекеттік жәрдемақы) алатын мүмкіндіктері шектеулі мүгедек балалар Атырау қаласының №20 арнайы балабақшасына барады» – делінген облыстық білім беру басқармасы бастығының міндетін атқарушы Шәкіржан МЫРЗАҒАЛИЕВТЫҢ жауабында.

Бірақ білім беру басқармасының бас маманы Ақкенже ИСАМБЕРГЕНОВАМЕН сұхбаттасу кезінде №20 балабақшада тек тіл мүкістігі бар балалар, сонымен қатар психикалық дамуы кешеуілдеген балаларға арналған арнайы топ қана бар екенін анықтадық. Бұған барлығы 96 бала барады екен. Облыста басқа сырқаттары бар мүгедек балаларға арналған жеке балабақша жоқ. Осы мәселені шешу 2015-2020 жылдардағы «Балапан» бағдарламасының екінші кезеңін жүзеге асыру жоспарында қарастырылған.

Жалпы балабақшаларда мүгедек балалар жоқ.

2004 жылғы 21 желтоқсандағы ҚР үкіметінің №1353 қаулысымен бекітілген «Мектепке дейінгі бiлiм беру ұйымдары
қызметiнiң үлгi ережесiнің» 10-тармағына сәйкес, балабақшаларға жұқпалы, тірек-қозғалыс аппараты бұзылуының ауыр түрiмен ауыратын және ақыл-ой кемiстігi бар балалардан басқа, 1 жастан 6 (7) жасқа дейінгi балалар қабылданады. Түзеу жұмысы үшiн жағдай жасалған болса, жалпы дамыту үлгiсіндегі мектепке дейiнгi ұйымға мүмкiндiктерi шектеулі балаларды қабылдауға болады. Бұл жағдайда логопедиялық қосындарды, мамандарды және т.б. айтып отыр. Бірақ бұлар да біздің балабақшаларда жоқ.

Атырау қаласында қазір мекен-жайы бойынша жалпы білім беретін мектептерде білім алып жатқан 247 мүгедек балалар бар. 108 мүгедек балалар ПМПК қорытындысы бойынша үйден оқытылады. ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2004 жылғы 14 қыркүйектегі №744 бұйрығында аурулар тізімі келтірілген. Соның негізінде ата-аналардың қалауы және мүмкіндігі ескеріліп, үйден оқытылады.

Егер сәбиге «Қант диабеті, 1 тип (инсулинге тәуелді), ауыр түрі» деген диагноз қойылса, ол үйден оқытылуы тиіс. Бірақ ата-ана ПМПК меңгерушісінің және мектеп директорының атына үйден оқытудан бас тартатынын және мектеп директоры мен мұғалімдеріне мектепте болған уақытта балаға қатысты көлденең жағдай бола қалса (талып қалса, ауруы ұстаса және т.б.), талап қоймайтындығын көрсетіп, жазбаша өтініш жаза алады.

- Бізде мектепте оқитын инсулинге тәуелді түрімен ауыратын мүгедек балалар бар. Алайда кез келген уақытта баланың жағдайы нашарлап, ол комаға түсіп кетуі мүмкін. Үйден оқытудан бас тартып, жалпы білім беретін мектепке оқытқысы келетін ата-аналар баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, балаға уақытында дәрісін егуі тиіс. Ата-аналар комиссияның пікірімен келісіп, баланы үйден оқыта алады (көпшілігі осылай істейді) немесе мектепте оқытуға қолқалай алады, - дейді №1 қалалық ПМПК меңгерушісі Гүлфара ҒИЗАТОВА. – Мұндай жағдайда біз оған оқу орнына «ата-анасының өтінішімен» деген белгі соғып, олардан қолхат алып, оқу орнына жолдама береміз. Мектеп әкімшілігі баланы қабылдауға міндетті. Бірақ бұл жағдайда оқушының қауіпсіздігі үшін ата-анасы жауапты болады.

21 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.