Атырау, 27 қараша 09:22
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Наурыз өз мәнін жоғалта бастады»

2 595 просмотра

Алдаш ИСАЕВ - Атырау облысы, Индер ауданы, 1-ші ауылда 1924 жылы дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ардагері, бірнеше жыл колхоз төрағасы, совхоз директоры болған.

Индер поселкесінде тұратын 89 жастағы қария Алдаш ИСАЕВТЫҢ пікірінше, бүгінгі тойланып жүрген Наурыздың біздің бабалар мерекесімен еш байланысы жоқ.

- Мен біз халықтық мерекеден қазір айрылып қалдық деп есептеймін, - дейді Алдаш Исаев ақсақал. - Себебі, жыл сайын осы мереке күні әр мекеме киіз үй тігіп қояды да, өздері сонда кіріп алып отырады. Ал қарапайым халық оның қызығын сыртында тұрып тамашалайды. Концерт пен көріністі мектеп мен мәдениет қызметкерлері ғана дайындайды. Ал бұған барша халықты жұмылдыру қажет. Сондықтан, бізге бұл мерекені халық болып тойлау үшін көпті қызықтыратын, ел болып қатысатын салтанатты шараларды ойлап табу қажет. Бір сөзбен, бұл мерекеде ешкім де жабырқаулы болмауы керек. Наурыз - бірліктің, жылулықтың нышаны. Мұнда терең астар жатыр. Біз көненің адамы болғасын, Наурыз мерекесінің мәнін терең түсінеміз. Мәселен, менің жұбайым Рая ИСАЕВА жыл сайын 10 литр наурыз көжені дайындап, көшеге шығып, халыққа ұсынады. Осының өзі халықты бір-біріне жақындастырып, татуластырады. Бұл да - бір көңілге мереке сыйлайтын сәт.

- Өз өміріңіздегі алғашқы Наурыз мерекесі есіңізде ме?

- Мен Наурыздың шын мәнінде тойланғанын бірінші рет алты жасымда көрдім. Одан кейін Кеңестік өмір келіп, Наурыз туралы ұмыттық қой. 1988 жылдан бастап ұлттық мерекені қайтадан тойлай бастадық. Осындай үзілістерден бе, Наурыз өз мәнін жоғалта бастады. Менің бала кезімде адамдар бар тәуірін іліп, барын қазанға салып, бауырсағы мен Наурыз көжесін пісіріп, ауыл, ауылға барып көрісіп, қыдыра бастайтын. Мен тұрған Тоқай ауылында 11 үй болған. Индерден Атырауға дейінгі аралықта 20 шақты жуық ауыл болған. Сол кезде табиғат та түлеп, мұқым ел ынтымақшылдығын танытып, өнер мен ұлттық ойындарға кезек берген. Наурыз мерекесі кезінде жастар бөлек отырып жиналатын. Оны «отырмақ» деп атайтын. Онда ас ішілгеннен кейін түрлі ойын ойнала бастайды. «Қол тұзақ», «жұп па, тақ па», «күрес», «асық» ойындары болды. Ойыннан жеңілгендер ән салады, күй тартады, ақша немесе сақина, сырға, білезікпен өтейді. Аты барлар «мүше» алып, бір-бірінен алып қашады. Түйіншек мүшеге бірі ақша, бірі сақина, сырға береді. Мүшені алып қашқан жігіт әр ауылға соғып, түйіншектерді көбейте береді. Аты жүйрігі соңында сол түйіншек мүшеге ие болып жатады.

- Батаңызды беріңіз, ата!

- Ақ мол болып, елімізге тыныштық әкесін. Берекелі, ынтымағы жарасқан ел болайық! Наурыз құтты болсын!

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

21 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.