Атырау, 23 қараша 17:30
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қой қоздап, қорада шу

7 784 просмотра

Көптен күткен көгілдір көктем кең далаға ерекшелік сыйлап үлгерген. Жер бусанып, жылылықтың лебі еседі. Далалықтағы ылғалды шөпке бөккен мал атаулы жерден басын алар емес. Қақаған қыстан аман-есен шығып, көктемнің шуақты күндеріне жеткен жан мен мал үшін «арқасын» кеңге салған рахаттанғандық сезім ғана бар.

«ТҮЙЕЛЕРДІҢ КӨЗ ЖАСЫНА ҚАРАЙ АЛМАЙМЫН»

Қыстақтарда жаппай мал төлдеуі басталып кеткен. «Қой қоздап, қорада шу» деген - осы. Асыр салған төлдер кең далаға сән берген.

«Қарабидай» қыстағы Есбол селосынан 8 шақырым қашықтықта жатыр. Селоға ең жақын орналасқан шаруа қожалығы болғандықтан, мұнда келімді-кетушілер де көп. Қыр қазағы да жатты жатырқаған емес. Бауырмалдық сезіммен төрін ұсынады. Есік алдынан қарсылаған шаруагер танысып үлгерместен бізді бірден үйіне шақырды. Біздің тек шаруасымен танысып, жол сұрасып, кідірместен кетеміз деген ойларымызды ысыртқан ақжарқын адамның көңілін қимай, үйге кірдік.

Жаңыл САДИХОВА ботаға бауыр басып қалғанЖаңыл САДИХОВА ботаға бауыр басып қалған- Мен «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған шопан Сәрсенғали ОЖЫҚОВТЫҢ ең кенже баласымын, -дейді Әбдіразақ ОЖЫҚОВ. - Әке-шешем қазір кенже немересімен Есбол селосында тұрып жатыр. Менің бар шаруаны қолға алғаныма 20 жылдың үстіне шығып кетті.

- Қыстан қалай шықтыңыздар?

- Мал әлдеқайда қоңды шықты. Қар жұқалау болғанымен жай еріп, жер жақсы сіңірді. Енді жаңбыр жауса, қуаңшылықты ұмытуға болады.

Көп кешікпей шәй дайын болды. Біздің әңгімеміз дастархан басында жалғасты.

- Мен Шымкент медициналық институтын бітірдім, - дейді Әбдіразақтың жұбайы Жаңыл САДИХОВА. - Махамбет селосында үш жыл фармацевт болып жұмыс істедім. Ақыры осы қыстақтан бір шықтым ғой.

- Енді ол түйе мен сиырды сауып, сүзбе, қаймақ, құрт, шұбат дайындағанда алдына жан салмайтын болды, - деп әзілдеді Әбдіразақ.

Расында, дастархан үстінде Жаңылдың қолынан шыққан сүт өнімдері, салаттары тұр еді тізіліп.

- Түйе деген талғамшыл ғой. Қазір екі мезгіл саусам, кейін әрбір үш сағат сайын иіген уақытта сауу қажет. Басында қатты қиналдым. Сәл кешіксең, сүті емшегін кернеп, көздерінен жас көрінеді. Кейде осы түйелерім жылап қалады ғой деп ешқайда шыға алмаймын. Өйткені, олар жыламаса екен деймін, -деді Жаңыл.

Аула ішінде ойнақ салған сүп-сүйкімді қозы, лақтар толып жүр. Олардың жүні жып-жылы әрі ауыздарынан сүт кетпеген.

- Мал төлдеуі уақыт талғамайды ғой, бірде күндіз, бірде түнде. Тұмсалары жаңа туған төлін жатырқап жолатпаса, болмаса туа алмай қиналады. Бәріне адам көмегі керек, -дейді менің сұхбаттастарым.

Әбдіразақ бізге арлан қасқырдың терісін көрсетті. Бұл қасқыр кезінде қойға шапқан жерінен Әбдіразақтың қолынан ажал құшқан. Биылғы қыста ол екі қасқырды қанжығасына байлапты.

 

МҰРАҒА ҚАЛҒАН АҚТАЯҚ

Балжан ЖҰҚИЕВАНЫ (суретте) біз «Қараоба» қыстағынан тезек теріп келе жатқанда кездестірдік. Балжан апа шәуілдеген иттерді ары қуып жіберді.

- Қорықпа, қырдың иттерінің дүрдиген түрі болмаса, адамды қаппайды. Бөгде біреу көрінсе, бірінші шәуілдеп, хабар беретін осылар. Иттер қыстақта сақтық үшін қажет, - дейді ол.

Балжан апа бар өмірін мал соңында өткізіп, бүгінде өмірден өткен ері Батырхан ШАМАРОВТЫҢ шопандық ақ таяғын баласы Қайрат ұстап қалғанын қуанышпен жеткізді. Жеке малымен отырған Шамаровтарқызығы мен қиындығына куә болған қыстақтарын қимайды.

- Ауылға барғанда не істейміз, онсыз да жұмыссыздар ығып жүр емес пе? Ырыздығымызға айналған мал шаруашылығынан кету ойымызда жоқ. Нәпақамызды малдан тауып отырмыз, қиындықсыз жұмыс бола ма,- дейді Қайрат ШАМАРОВ.

Сүрлеу жолдар жүруден қалып, суға толған. Шөптердің үстімен қуалау жүргізушіге қиындық туғыза бастады. Ылғалға мол іліксең, шығу мүмкін емес. Көмек беретін де ешкім жоқ. Айналада ұшқан қарғадан басқаны кезіктірмейсің. Ұялы байланыс ауық-ауық жоғалып кетеді. Бірдеңе етіп, «Үшашаға» қыстағына да жеттік. Мұндағы Қаржаубай ҚАЖИАХМЕТОВ қыстан аман шыққандарын жеткізді. Ерте туған үркек боталар тістелеп адамды жолатпайды. Шаруа иелері түйелерді екі мезгіл сауады, шұбаттың бір литрін 600 теңгеге сатады. Олар мұны ауданға сату үшін бармайды – бұл өте тиімсіз. Шұбатты сатып алушылар қайта өздері келеді. Аудан базарларында шұбаттың сирек кездесетіні де, бағасының шарықтап тұрғаны да содан.

- Малдың жүнін, терісін өткізе алмай жүрміз. Ал сүт, сүзбе, май, құрт, шұбат сатып, түскен ақшасына керек-жарағымызды аламыз, -дейді қыстақтағылар.

Самиғолла ҚАЛИЕВТІҢ «Жартөбе» қыстағында да мал жаппай төлдеп жатыр. Өткен жылдан бастап мал өсірумен айналыса бастаған Қалиевтердің алғашқы қадамдары қуантарлықтай.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

21 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.