6 қазан күні Алматы гарнизонының әскери соты 22 сәуірде Жамбыл облысы Гвардейский елді мекеніндегі госпитальда қаза болған 18 жастағы жауынгер Әлібек ҚАЛБАЙДЫҢ өліміне қатысты істі қайта тергеу туралы қаулы шығарды. Жәбірленуші тараптың адвокаты Гүләйым ШИНТАЕВА сотқа дейінгі тергеудің айғақтарына күмән келтіріп, істің жан-жақты қайта зерттелуін сұрап, өтінішхатын жолдады. Сотқа айыпталушы тараптан да осындай өтінішхат түскен болатын.
Еске салсақ, осы жылдың 22 сәуірінде Әлібек Қалбай Жамбыл облысының Гвардейский әскери қалашығында әскери сапқа тұрған кезде есінен танып құлаған болатын. Әскери госпитальға жеткізілген ол есін жимай көз жұмды. Сот 23 тамызда басталды, содан бері 17 отырыс өтті.
18 жастағы атыраулық сарбаз Айболат АМАНЖУЛОВҚА ҚР Қылмыстық кодексінің 440-бабының 4-бөлігі («Адам өліміне әкеп соққан жарғылық ережелерді бұзу») бойынша айып тағылған.
Қазіргі сот процесі - екі тарап та басқа адамды соттап жатыр деп есептейтін сирек жағдай. Мәселен, жәбірленушінің адвокаты Гүлайым ШЫНТАЕВА былай деді:
- Істі кері қайтаруға жатады деп санаймыз, себебі 6-7 соққыдан бір сарбаздың 18 жерінен жарақат алып, қан ұйып өлімге ұшырауы мүмкін емес. Сондықтан біз ...әділ шешім шығару үшін жауаптыларды жазалауыңызды сұраймыз.
Әлібек Қалбайдың әжесі Болсын КУЛМАГАМБЕТОВА оны қолдайтынын айтты.
Ал айыптау тарапы мұнымен келіспеді.
– Сотталушының кінәсі толық дәлелденді және қайта зерттеу үшін негіз жоқ деп есептейміз, - деп мәлімдеді Гвардейский гарнизоны әскери прокуратурасының прокуроры Азамат ИСРАИЛОВ.
Оны екінші айыптаушы өкіл Гвардейский гарнизонының әскери прокуратурасының аға прокуроры Танат ҚҰЛАНБАЕВ та қолдады.
Судья Қанат ЕСТАЙ екі өтінішхатта айтылған уәждерді тыңдап, үзіліс жариялап, кеңесу бөлмесіне кетті.
Үзілісте Аманжуловтың адвокаты Сержан ПРАЛИЕВПЕН тілдестік. Оның пікірінше, айыптау тек Петропавлдан шақырылған сарбаз Курочкиннің Аманжолов пен Қалбай арасында төбелес болды деген айғақтарына негізделген, ал қалған сарбаздың барлығы әскери тергеушінің қысымына қарамастан мұны растамаған.
Пралиев Курочкиннің қысыммен және гарнизонның әскери тергеу басқармасына қызметке орналастыру туралы уәде етілген соң жалған куәлік берді деп есептейді. Оның айтуынша, ол уәде орындалған. Сонымен қатар, адвокаттың пікірінше, әскери тергеушілер Курочкиннің оған сұрақ қоюы мүмкін адамдармен байланысын шектеген.
...Судья кеңесу бөлмесінен келген соң түскен өтінішхаттарды қолдайтынын, әскери прокуратураға істі толыққанды зерттеу үшін процессуалдық шешім қабылдауға жолдайтынын жеткізді. Прокурорлар бұл қаулыға шағымданатынын айтты.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор