Атырау, 6 қазан 12:54
 ашықВ Атырау +14
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Бәйгеге тігілген жер

5 576 просмотра

Жер телімін нарық бағасынан бірнеше есе арзанға алу мүмкін бе? Егер бұл жер телімдері табиғатта мүлдем жоқ болса, мүмкін. Немесе егер бұл жердің иесі жерге әлі иелік ете алмаса, өз арманыңдағы үйді салатын жерді тиынға сатып алуға болады... Шым-шытырық па? Келісемін. Ендеше, мұны анықтап көрейік...

«ШЫН СӨЗІМ»

Еркінқаладан біреу 8 жүздік (соток) жерді күлкі келтіретін бағаға - 2500 долларға ұсынады. Водниково-2 ауылынан 10 жүздік жер телімін 4000 долларға, Ақсайдағы 8 жүздікті 3500 көк ақшаға, престижді Нұрсая ықшамауданынан 11 жүздік жерді 8000 долларға сатады. Осындай жарнамалар толып жатыр, тек аузыңды аңқитып, сілекейіңді шұбырта бер. Неге соншалықты арзан? Бәрі оп-оңай: жер иелері атанып жүргендердің қолында бір-ақ құжат бар – уақытша мемлекеттік акті. Мен мүдделі сатып алушының кейпіне еніп, сатушылардан өздеріне тиесілі емес жерлерді қалай сатып жүргендерін сұрадым.

- Біз сізбен бірге нотариусқа барамыз, сіз маған жер телімі үшін ақшаны бересіз. Мен сізден осы ақшаны қарызға алып жатырмын деп қолхат беремін. Бұл менің сізден ақша алғанымның туралы дәлелі болады. Осыдан кейін сіздің құрылысты бастай беруіңізге болады. Менің мемлекеттік актім 2014 жылға дейін. Үй салуға үлгерерсіз немесе іргетасын құйып қойыңыз. Кейіннен үйді салып болған соң, жер телімін сіздің атыңызға ресімдеймін, - деп өз жер сату сызбасын сипаттады сатушылардың бірі.

- Ал егер осы уақытта сіз осы ойыңыздан айнып қалсаңыз, маған қолхатпен алған 2000 долларымды қайтарасыз ба?

- Сіз не айтып тұрсыз! Маған бұл неге керек? Мен сөз беріп тұрмын ғой! - деп сенімсіздеу жауап берді.

Келесі сатушы сенімхат негізінде күмәнді мәміле жасауды ұсынды:

- Сіз маған ақша бересіз, біз нотариусқа барамыз, сіз осы жер теліміне қатысты менің барлық мүдделеріме өкілдік ете алатындығы жөнінде сенімхат беремін. Содан соң үйіңізді сала беріңіз. Тұрақты мемлекеттік актіні алған бойда, сізге сыйға тартамын.

- Алайда осы уақытта бәрі де болуы мүмкін ғой. Мысалы, сіз менің қаражатыма үй салынған жерді маған сыйлаудан айнып қалсаңыз не болады? Тіпті, сіз бір нәрсеге ұшырап қалсаңыз, бұл жер телімін маған кім сыйға тартады?

- Егер сіз осындай қорқақ болсаңыз, егер сізге мықты кепілдіктер керек болса, бес-алты есе қымбат тұратын тұрақты мемлекеттік актісі бар жер сатып алыңыз. Барлығы сатып алып жатыр, қорқатын еш нәрсесі жоқ, - деп телефонды қойып тастады сатушым.

 

ЖОҚ НӘРСЕНІҢ САУДАСЫ

Жеке тұрғын үй құрылысын салуға жер телімін алу кезегіндегі «орнын» саудалап жүргендер де бар. Әлі алынбаған жер телімін «сатып алу-сату» сызбасы жоғарыдағыдай: болашақ жер иесінің мүдделеріне өкілдік ету сенімхаты жасалады. Алайда, бірде-бір жер кезегіне тұрушы маған жер телімі шамамен қай жерден, қай уақытта берілетіндігі жөнінде еш ақпарат бере алмады.

Бүгінгі күні Атырауда ЖТҚ үшін жер телімін алу кезегінде 50 мыңнан аса адам кезекте тұр. Қазіргі уақытта қалаға жақын Жаңаталап, Дамбы, «Атырау» ықшам аудандарынан жер телімдері кезекке 2003-2005 жылдары тіркелгендерге беріліп жатыр, бұлар 7 мыңға тарта адам. Болашақта жер телімдері (жылына 2-3 мыңнан аспауы керек) Талғайраң – Бесікті бағытында, осы жерлерге инженерлік коммуникация жүргізілгеннен кейін ғана берілетін болады деп жоспарлануда. Қала билігінің, әзірге, жоспарлары осындай. Сондықтан да «кезектегі орынды» сатып алып, көп жылдар бойы күтіп қалуыңыз ғажап емес.

 

ТӘУЕКЕЛ ТҮБІ - ЖЕЛ ҚАЙЫҚ, ӨТЕРСІҢ ДЕ КЕТЕРСІҢ

Атырау облыстық жер қатынастары басқармасында кейбір қалалықтардың жер сатудағы тапқырлықтарына былай жауап берді: «Кезекті сату Азаматтық және Жер кодекстерінде қарастырылмаған. Жер Кодексінің 50-бабы 2-тармағына сәйкес ҚР азаматтарына жеке үй құрылысы үшін 0,1 га жер телімі беріледі. Жерді игеру Жер Кодексінің 92-бабына сәйкес уақытша жалдап қолдану актісі негізінде 2 жыл ішінде жүзеге асырылуы тиіс, тек осыдан кейін ғана тұрақты мемлекеттік акті беріледі. ЖТҚ үшін уақытша жалдап қолдану актісі негізінде жер телімін алушы жерді сата алмайды, өйткені ол әлі оның меншігі болып есептелмейді. Ал уақытша мемлекеттік актісі бар жерді немесе кезектегі орынды сату – бұл заңға қайшы әрекеттер».

Атырау облыстық нотариустар палатасының төрағасы Гүлнәр МАСАТОВАНЫҢ айтуынша, сатушы мен сатып алушы арасындағы осындай мәмілелер сатып алушы үшін қауіпті:

- Бірінші де, екінші де жағдайларда сатып алушы мен сатушы арасында сатып алу-сату туралы шарт ресімделмейді, өйткені бұл үшін нотариусқа жер теліміне меншіктік құқығын белгілейтін құжаттар керек. Уақытша мемлекеттік акті құқық белгілеуші құжат болып саналмайды. Ал жер телімін алу кезегіндегі орнын сату - ауа сатқанмен бірдей.

Сатушылар ұсынып отырған сызбалар туралы айтайық. Егер әңгіме сатушының сатып алушыдан қарызға ақша алғаны туралы қолхаты туралы болса, мұнда нотариус ақшаның нақты берілгені жөнінде емес, тек қарыз алушының қолының өз қолы екенін ғана растайды. Сондай-ақ, тараптар қарыз беру жөнінде шарт жасаса алады, бұл жағдайда нотариус бір тараптың келесі тарапқа қарыз ақша бергені жөнінде растайды. Алайда қолхат та, шарт та сатып алушыны тәуекелдерден қорғай алмайды. Өйткені үй салынған, тұрақты мемлекеттік актісі бар жер он есе қымбат тұрады ғой. Ресми түрде біреудің жеріне үй салған сатып алушыға сатушы қарыз беру туралы қолхат немесе шартта көрсетілген екі мың долларды қайтарып, жерді өзінде қалдырмайтындығына ешкім кепіл бола алмайды.

Жерді сенімхат негізінде «сатып алу» жағдайында да осылай. Бұл жағдайда сенімхат адамның түрлі инстанциялардағы мүдделеріне өкілдік етуге, құжаттарды ресімдеуге беріледі. Мұнда сатушының сатып алушыға уәде еткен сыйлығын жасау үшін, ең алдымен, жерді де, үйді де (егер салынған болса) сатушының атына ресімдеуі керек. Сатушы кез келген сәтте бұл сенімхаттың күшін жоя алады, міне, осылайша, сатып алушы дымсыз қалады.

Тәуекелге барған дұрыс па, мұны әркім өзі шешеді. Алайда осындай сипаттағы хабарландырулардың көптігі, ұсыныстардың күмәнділігіне қарамастан, бұларды сатып алушылардың бар екендігін білдірсе керек.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

21 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.