Соңғы күндері Атырауға ресейліктердің ағылып келуіне байланысты пәтер жалдау ақысы күрт өсті. Кейбір жалға берушілер пайда табуды көздеп, жаңадан жалға алушылардың үш есе қымбат бағаға жалдауға дайын екенін алға тартып, бұрынғы жалға алушылардан (соның ішінде балалы отбасылардан) тұрғын үйді дереу босатуды талап етуде. Алайда мұндай әрекеттер заңсыз.
Атырау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы Әлем УӘЛИЕВТІҢ айтуынша, тұрғын үйді жалдау шартын мерзімінен бұрын тоқтату және үйден шығару ҚР Азаматтық кодексінің 401 және 556-баптарымен реттеледі. Жалға беруші жалдаушылар келісімшарт талабын бұзған жағдайда – мүлікті қасақана (немесе абайсызда) бүлдірсе, оны жөндемесе, төлемді екі реттен артық уақытында аудармаса ғана шығаруға құқылы.
– Бұл ретте жалға беруші жалға алушыға өз міндеттемелерін ақылға қонымды мерзімде орындау мүмкіндігін бергеннен кейін ғана келісімшартты мерзімінен бұрын бұзуды талап етуге құқылы. Ал, егер сіз пәтерді келісімшарт талаптарына сәйкес ұстасаңыз, жалдау ақысын уақтылы төлесеңіз, онда жалға беруші өзіне міндеттеме алған мерзімде, яғни қолданыстағы келісімшарт мерзімінде шығара алмайды, - дейді. Ә.Уәлиев.
Жасыратыны жоқ, жалдау келісімшартын бәрі бірдей жасамайды, бірақ мұндай жағдайда да дереу шығару қолданыстағы заңнама нормаларына қайшы келеді.
- Ауызша келісім жасаған жағдайда, егер араларыңызда жалға алудың белгілі бір шарттары келісілмеген болса, жалға беруші сізді шығармас бұрын кемінде үш ай бұрын хабарлауы керек. Полиция шақырып, шығартамын деп, қоқан-лоққы жасау да негізсіз. Одан басқа, сіз пәтерге өз бетіңізбен емес, жалға берушінің өзімен алдын ала келісім бойынша қоныстандыңыз, сондықтан бұл саладағы азаматтық-құқықтық қатынастар сот тәртібімен шешілуі керек, - деп түсіндірді А.Уәлиев. – Иә, барынша көп пайда табу мақсатында кәсіпкерлік қызмет көрсетілетіні рас, бірақ бұл ретте заңдылықтарды, содан соң адамгершілік туралы да ұмытпау керек.
Лев ГУЗИКОВ