Бүгін, 24 қыркүйекте сағат 06.50-де Атырау теміржол вокзалына жарты сағаттай кешігіп жеткен Астрахань пойызынан түскендердің дені ресейліктер еді. Негізінен 55 жасқа дейінгі ер адамдар. Олардың өзінің айтуынша, көпшілігі үшін Атырау транзиттік өткел. Ол арқылы Алматыға, Астанаға немесе әрі қарай басқа елге асып кетпек.
Ер адамдар перроннан түскен бойда ақша айырбастау қосындары мен қазақстандық сим-карталарды сату нүктелерін іздеуге кірісіп кетті. Журналистермен құлықсыз ғана тілдесіп, фотокамераны көргенде көзден таса болуға тырысты.
- Досым екеуіміз Бішкекке бара жатырмыз, ол жақта туыстарым бар. Әуелі Астанаға, сосын Қырғызстанға барамыз. Ресей елшілігі арқылы төлқұжат рәсімдеуді жоспарлап отырмын. Бәлкім, Германиядағы ағама бара алатын шығармын, бара алмасам, Грузияға немесе Арменияға барармын, – дейді 24 жастағы Денис.
Өзі аспирант, болашақ әлеуметтанушы. Үйінде ата-анасы қалған. Алғашқы мобилизация толқыны оған тимеген, бірақ ертең не боларын ешкім айта алмайды. "Астраханьда «арнайы операцияға» және мобилизацияға қарсы шерулер болды ма?" деген сұраққа Денис білмейтінін, Ресейдің басқа қалаларында наразылық акциялары болғанын, бірақ өз қаласында көрмегенін айтты.
– Мені камераға түсірмеңізші, сенімді емеспін, кері қайтуға тура келетін болса, қазір артық сөйлеп қойсам, бәлесі тиер, – деп асығыс қоштасқан Денис досымен Астанаға билет алуға кетті.
Ал мен әскерге шақырылатындарға мүлдем ұқсамайтын екі ересек адамға жақындадым. Андрей 48 жаста, техника саласының маманы, мұнай секторында жұмыс істейді, ал IT маманы Павел 33 жаста. Қолдарында әскери билеттері бар, әзірге әскери комиссариатқа шақырылмаған. Бірақ олар шақыртуды күтпеген. Павел 21 қыркүйекте, «ішінара» мобилизация жарияланған күні Сочиде болған, тіпті Астраханьдағы үйлеріне де бармастан, Қазақстанға асып кеткен. Осы жерден Грузияға баруды жоспарлап отыр. Демалысқа барамын дейді. Осылайша, ресейліктердің көбі асығыс кетіп жатқанын айтады.
Андрей Атыраудан Алматыға ұшпақ ниетте. Ол жақта әріптестері бар екен, олардың көмегімен Қазақстанға немесе басқа елге жұмысқа орналасуға үміті бар. Теңіз жобаларында тәжірибесі бар. Өзі бұрын біздің елден жұмысқа орналасуға қызығушылық танытпаған, тек қолма-қол ақша алып, шұғыл кетуге мәжбүр болыпты. Ростов облысындағы үйінде отбасы - әйелі мен қызы қалған.
– Сіз мобилизацияға ілігесіз бе? – деп сұрадым Андрейден.
- Бізде бәрі ілігеді, - деп жауап береді ол томсарып.
– Сіздің облыста «арнайы операцияға» немесе мобилизацияға қарсы наразылықтар болды ма?
– Жоқ, – деді Андрей камерадан теріс айналып.
- Неге деп ойлайсыз?
– Халқымыз бытыраңқы ғой.
- Бірақ мұның неге алып баратынын бәрі түсіне ме?
- Бізді қырып тастау үшін әкетеді.
Осы кезде кавказдық түр-келбеттегі ер адамдар тобынан екі адам бөлініп шығып, менен "жергілікті сим-карталарды қайдан сатып алуға болады?" деп сұрады. Дүңгіршек таңғы 8-ден бастап жұмыс істейтінін айттым. Меймандардан қандай мақсатпен келгенін сұрай бастадым. Бірі ақырындап әрі қарай кетіп, екіншісі өзінің аты Даниель екенін, оның қарашайлық екенін, түрік фирмасында краншы болып жұмыс істейтінін, Ақтауға жұмысқа бара жатқанын айтты. Жасы 27-де, әскерде болған, егер мобилизацияға шақырса, амалсыз бағынатынын айтты. Әскер жасындағы туыстары бар, олардың ешқайсысы шақырылмаған, айтуынша, олардың не істейтіндерінен хабарсыз.
25 жастағы Даниил да Алматыға бара жатыр, ол жақта студент достары бар екен. Атырауда ол бірнеше күнге пойызда танысқан жаңа досында қонақта болмақ. Ал 39 жастағы досы маржандай тістерін көрсетіп, үнемі жымиюмен болды. «Ресейден неге кеттің?» деген сұраққа, ол өте қысқа жауап берді:
- Өйткені не үшін екені түсініксіз, босқа өлгім келмейді!
Анасы Атырауда тұрады екен, өзі де осы жақтың тумасы. Алдымен осы жақтан банк картасын ашқысы келеді, өйткені ресейлік карталар еш жерде қабылданбайды. Ол анасының үйінде көп қалмайтындай көрінді.
Вокзалда wi-fi желісіне қай жерден қосылуға болады деген сұрақпен жүгінген жастар ашыла қоймады. Олар тек 25 және 26 жаста екенін, әскерде қызмет етпегенін, наразылық шерулеріне қатыспағанын және өз қалаларында мұндай наразылықтардың бар-жоғын білмейтінін айтты. Олардың кетуіне қарсы болмаған ата-аналары үйде қалған. Демобилизацияға деген көзқарасын сұрағанда, олар жауап беруден бас тартып, Қазақстанға еш себепсіз және жоспарсыз келгендерін айтты.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ