Атырау, 6 қазан 12:21
 ашықВ Атырау +14
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Шынжырланған инвестор

2 021 просмотра

Қазақстандағы соңғы жылдары газ, жылу, электр қуаты, сумен қамту және кәріз жүйесі тарифтерінің өсуі инфляцияның жалпы өсімінен бір жарым есе артып отыр (статистикамен ғаламторда еркін танысуға болады). Әйтсе де, мемлекет ресми тұтыну қоржынын бағалағанда және ең төменгі жалақы мен зейнетақыны есептегенде тарифтердің секірмелі өсуін есепке алмайды. Еліміздегі көптеген отбасылардың, шағын бизнес кәсіпорындары табыстарының үштен бірі осы коммуналдық қызметтерге кетеді емес пе?

Әрі қарай тарифтердің өсуінен болған тауарлар мен қызметтер бағаларының шарықтауы тағы да қарапайым халықтың есебінен өндіріледі. Бұл шағын және орта бизнестің қалыпты қызмет етуіне қауіп төндірсе, халықтың өмір сүру деңгейлерін де төмендетеді.

Неге бұлай болды? Өйткені, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі (ТМРА) монополистердің барлық шығындарын нақты бір – инвестициялық тарифпен есептейтін негізгі тарифті енгізіп қойды. Бұл - көп бөлігі барлық табиғи монополиялар сияқты жеке кәсіпорындарды қаржыландыруға кетеді деп белгіленген республика бойынша жылына бірнеше жүздеген миллиард теңге болатын қосымша қаражат. Осылайша мемлекет пен ірі жеке бизнес халық пен шағын және орта бизнесті инвестор болуға мәжбүрлейді. Алайда бұлар – инвестициялық жобаларды қаржыландыратын, бірақ ешқандай дивиденд пайда көрмейтін еріксіз инвесторлар. Дивидендтерді электр желілерінің, станцияларының, ЖЭО-ның, газ, су құбырлары желілерінің, тазарту құрылғыларының  және т.б. иелері көреді.

Тарифтер өскенімен, қызметтер сапасы көбіне бұрынғы төмен қалпында қалып отырғаны да таңғаларлық.

Бүгінгі күні табиғи монополиялардың қызметі ашық емес және бақылаусыз болып қалып отыр. Инвестициялық тариф төлем түбіртектерінде негізгі тариф құрамынан бөлек жолда көрсетілмейді. Инвестициялық тариф есебінен монополистерге қандай сома түсіп жатқанын және монополистерді осы пайызсыз несиелеу қалай игеріліп жатқанын тұтынушылар білуі керек. Бұл инвестициялық тарифтер сәйкесінше нысандар қолданысқа берілгеннен кейін, мейлі ол желілерді жетілдіру не жаңа турбиналар құрылысы және т.б. болсын, алынып тасталуы немесе төмендетілуі тиіс. Халық пен бизнес төлеп жатқан инвестицияны игеру бюджеттік қаражаттардай қатаң бақылауға алынуы тиіс.

Орталық билік өкілдеріне («Нұр Отан» ХДП төрағасының орынбасары Бауыржан Байбекке, вице-премьер Бақытжан Сағынтаевқа, ТМРА төрағасының орынбасары Аманжол Алпысбаевқа) суды, газды, қуат көздерін, жерді жаратқан сіздер емессіздер деп айтқым келеді. Бұларды табиғат («Жаратушы») адамдарға тегін сыйлаған.

Барлық нәрсені де үнемдеу керек. Алайда коммуналдық қызметтер тарифін көтеру – бұл үнемдеудің ең басты әдісі емес. Инновациялық технологиялар дәуірінде және ЕХРО-2017-ге қарсы су, газ, электр қуатын үнемдеуді үкімет баяғыда уәде еткен қуат сақтаушы аспаптарын енгізу арқылы жүзеге асыру керек. Егер Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі (ИЖТМ) мұндай аспаптарды енгізе алмаса, ИЖТМ-нің вице-министрі Альберт Рау Атырауға келіп, жергілікті қазақтар жаназалар мен садақаларда баклажкалардан жасалған қол жуғыштар арқылы суды қалай үнемдейтінін көріп кетсін.

Қали Әубекеров, зейнеткер

14 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.