Ресейдің Украинадағы әскери операциясына қарсы мәлімдемеге БҰҰ-ға мүше 193 елдің 54-і қол қойды, деп хабарлады ұйымдағы Украинаның тұрақты өкілі Сергей Кислица Қауіпсіздік кеңесінің отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында. Трансляция БҰҰ-ның YouTube арнасында жүргізілді.
* * *
АҚШ қорғаныс министрінің саяси мәселелер бойынша орынбасары Колин Кол брифинг барысында АҚШ Украинаға 3 миллиард доллар көлеміндегі жаңа әскери көмек пакетінің бір бөлігі ретінде алдағы бірнеше айда қару-жарақ жеткізе бастайды деп мәлімдеді. «Жеткізу алдағы бірнеше айда басталып, бірнеше жыл бойы жалғасады», - деді Кол.
* * *
Германияның бұрынғы канцлері Ангела Меркель оның ресми Мәскеуге қатысты «катастрофалық саясаты» үшін сынға қарамастан, қарулы қақтығысты реттеу үшін Ресей мен Украина арасында делдал бола алар еді. Бұл туралы Украинаның Германиядағы елшісі Андрей Мельник Der Spiegel басылымына берген сұхбатында айтты.
* * *
Зеленский: Біз Қырымды ешкімнен кеңес сұрамай-ақ қайтарамыз
Украина президенті Владимир Зеленский Киевте халықаралық "Қырым платформасы" саммитінде баяндама жасап, Ресей аннексиялап алған Қырымды "қалай да қайтарамыз" деп мәлімдеді.
Зеленский Қырымды қайтару мәселесінде басқа елдермен кеңеспейтінін, "Ресеймен келіссөз жүргізу" мүмкін емес екенін айтты. Украина президентінің пікірінше, Кремльдегілер "ешқашан диалог орнатуды олаймаған, олар соғыс жүргізуге ғана дайын болған".
"2014 жылы елімізді оккупациялау керек деп шешті, әлем әрекетсіз қалған соң олар әрі қарай басына берді. Ал біз олардың тұмсығын бұзып жатырмыз", - деген Зеленский Украина "Ресейді тыныштандыру үшін" майдан шебін осы қалпында белгілеуге келіспейтінін білдірді.
Ол Қырымды азат еткен соң Украина Еуроодақтың бір бөлігіне айналады, сол кезде түбек тұрғындары көптеген мүмкіндіктерге ие болады деп үміттенеді. "Қырым жолдары Еуропа жолдарының бір бөлігіне, ал Қырым порттары бүкіл Еуропа порттарына айналады, Симферополь мен Берлинді, Ялта мен Неапольді Украина ғана байланыстыра алады", - деп мәлімдеді украин президенті.
"Қырым платформасы" саммиті Киевте онлайн форматта өтті. Оған 60 елдің өкілдері қосылды.
Соғыс басталғалы бері Украина мен Ресей билігі арасында атысты тоқтату мәселелері бойынша бірнеше келіссөз болғанмен нәтижесіз аяқталған. Соңғысы наурызда Стамбулда өтті. Украина Ресейден 24 ақпаннан бері жаулап алған Украина облыстарын босатуды талап етті. Ресей бұған келіспеді.
Ақпан айынан бері Ресей Луганск облысының тұтас аумағын, Донецк, Херсон және Запорожье облысының едәуір аймағын басып алған. Ресей бұл аймақтарды қосып алу жөнінде референдум өткізетінін мәлімдеген. Владимир Зеленский бұл Мәскеумен келіссөз жүргізу мүмкіндігін тұтас жоятынын айтқан.
* * **
Қазақстаннан Ресейге көшкісі келетіндер саны азайып келеді.
Бұл Ресей мен Украина арасындағы жағдайға байланысты болып отыр.
Биыл бірінші жартыжылдықта Ресей Федерациясына көшуге ниет білдіргендер саны 15 пайызға азайған.
Десе де, соңғы бес жылда Қазақстанда Ресейге тұрақты тұруға шешім қабылдаған азаматтар саны өсті. Оң динамика жылына 8-12% аралығында болды. Тек 2020 жылы шекараның жабық болуына байланысты көші-қон көрсеткішінде айтарлықтай өзгеріс болмаған. Пандемия алдындағы 2019 жылдың көрсеткішімен 2016 жылды салыстыратын болсақ, жалпы эмигранттар саны 31 пайызға артқан.
2022 жылдың бірінші жартысы эмиграцияда теріс үрдісті байқалады. Өткен жылы қаңтар-маусым айларында Ресейге 11,6 мың қазақстандық қоныс аударса, биыл бірінші жартыжылдықта дәл осындай көрсеткіш небәрі 9,8 мың адамды құрап, 15 пайызға азайған. Бұл Ресей мен Украина арасындағы жағдайға байланысты болып отыр.
* * *
4,5 миллионға жуық украиналық босқын еліне қайтпақ - БҰҰ
Алты айда 10 миллионнан астам адам Украинадан кетті.
Алты айда 5587 бейбіт тұрғын Украинадағы соғыстың құрбаны болды, 7890 адам жарақат алды. Бұл БҰҰ жариялаған жаңартылған мәліметтер.
Ұйым бұл сандар аз болуы мүмкін екенін айтады, өйткені ақпарат соғыс аймақтарынан толық түспейді әрі кеш келеді.
БҰҰ мәліметтері бойынша, зардап шеккендердің жартысынан көбі Донбаста және Киевтің бақылауында қалған аумақтарда. Қаза тапқандар мен жараланғандардың 90% - дан астамы артиллериялық және зымырандық атыстардың құрбаны болды.
БҰҰ-дағы көші-қон дағдарысы бұл сандарды екінші дүниежүзілік соғысынан кейінгі ең үлкен көрсеткіш деп атады: алты айда 10 миллионнан астам адам Украинадан кетті, бұл халықтың шамамен төрттен бір бөлігі.
Халықаралық Қызыл Крест сияқты гуманитарлық ұйымдар үлкен қиындықтарға тап болды және алдағы қыс мезігілінің қалай болатынына алаңдаушылық танытып отыр.
Сонымен бірге, 4,5 миллионға жуық босқын соғыс жалғасып жатса да, үйлеріне қайтуға шешім қабылдады. Олардың көпшілігі Еуропадағы босқын ретінде өмірге бейімделе алмады, ал өзгелері Украинада қалып қойған мүліктерінен айырылып қалудан қорқады.
Бірақ гуманитарлық ұйымдардың қызметкерлері қыс басталғаннан кейін Еуропа елдеріне босқындардың жаңа толқыны барады деп санайды.
* * *
Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон Украинаға барды
Борис Джонсон Киевке сапары кезінде батыс елдерінің азаматтарын әлемдік дағдарысқа байланысты қымбатшылықтың өсуіне төтеп беруге және Украинаға Ресейдің әскерімен күресте көмектесуді жалғастыруға шақырды. Бұл туралы BBC ақпараттық агенттігінің ресми сайтында жазылды.
Ұлыбританияның премьер-министрі Украина Тәуелсіздігінің 31 жылдығына орай Киевке барды. Бұл соғыс басталғаннан бері Джонсонның Киевке үшінші сапары.
Джонсонның айтуынша, энергия бағасының өсуіне байланысты Еуропа Украинаны бұдан былай қолдамайтын сияқты көрініп отыр, бірақ іс жүзінде керісінше батыстың бірлігі күшейе түсуде. Ол Украина Ресейді жеңе алатынына сенім білдірді.
Джонсонның пікірінше, Ресей шабуылы әлсіреп, Путиннің әскері үлкен шығындарға ұшырайды. Сондықтан да ол украиналықтарды ешқандай келіссөздерге бармауға шақырды.
Ұлыбритания премьер-министрі сонымен бірге Украинаға 54 миллион фунт (63,7 миллион доллар) көлемінде қосымша әскери көмек пакетін жариялады. Бұл пакетте 2 мың дрон, оның ішінде камикадзе дрондары бар.
Бұл Борис Джонсонның Ұлыбританияның премьер-министрі ретінде Украинаға жасаған соңғы ресми сапары болуы мүмкін. Себебі 6 қыркүйектен бастап ол өзі қызметінен кетеді.
Киевте оған Бостандық ордені - шетелдік азамат ала алатын Украинаның ең жоғары марапаты берілді, ал Президент Зеленский Рада ғимаратының жанындағы батылдық алаңында Ұлыбритания премьер-министрінің құрметіне орай құрмет тақтайшасын ашты. Владимир Зеленский Facebook-тегі парақшасында оған «Ресейдің жаппай агрессиясының алғашқы күндерінен бастап Украинаға қолдау көрсеткені және Украинаның халықаралық аренадағы мүдделерін қорғағаны үшін» алғыс айтты.
Британдық саяси бақылаушылардың пікірінше, Борис Джонсон өзінің премьерасын үш негізгі нәрсемен есте сақтағысы келеді: Брексит процесінің аяқталуы, ковидке қарсы жаппай вакцинация жасатуы және соғыс кезінде Украинаға қолдау көрсетуі.
Ақпараттар kursiv.media, Азаттық радиосы, Azattyq Ruhy басылымдарынан алынды.