Атырау, 24 қараша 10:34
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс: 182-күн

975 просмотра

Украинаның философ Александр Дугиннің қызы, журналист және саясаттанушы Дарья Дугинаның өліміне қатысы жоқ, деп мәлімдеді президент Владимир Зеленский Қырым платформасы саммитінен кейінгі баспасөз мәслихатында. «Бұл біздің жауапкершілігімізде емес. Бұл біздің елдің азаматы емес, бізді қызықтырмайды. Ол Украина аумағында болған жоқ», - деді ол тиісті сұраққа жауап беріп.

* * *

Киевке құны 200 миллион доллар болатын 50 HIMARS бірнеше зымыран тасығышын беру Украинадағы соғыс қимылдарының бағытын өзгертуі мүмкін, деп мәлімдеді Украина президенті кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк.

* * *

Ресей Қаржы министрлігі Украинаға табыс пен мүлікке қосарланған салық салуды болдырмау және салықтан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді денонсациялау туралы жауап нотасын жіберді, бұл туралы Киев маусым айында Мәскеуге хабарлаған, деп хабарлайды ведомство сайты.

* * *

Киев Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікті (МАГАТЭ) өз сарапшыларының Запорожье атом электр станциясында тұрақты болуы мүмкіндігін қарастыруға шақырды, деп хабарлады БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Украинаның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Сергей Кислица.

* * *

Үкіметтің Жоғарғы рададағы өкілі Тарас Мельничук Украина министрлер кабинеті Ресей үкіметімен Украина мен Ресейдің энергетикалық жүйелерінің қатарлас жұмысын қамтамасыз ету шаралары туралы келісімді бұзғанын айтты.

Батыс Мәскеуге қарсы қатаң санкцияларды ұстанып, Киевке әскери көмек көрсетеді – Шольц.

Макрон Ресейге келгенде әлсіздік танытпауға және онымен ымыраға келмеуге шақырды.

Ресей Запорожье атом электр станциясын атқылауды тоқтатуы керек – Еуропалық кеңес басшысы Шарль Мишель.

Владимир Зеленский мен Польша президенті Анджей Дуда Киевтің орталығындағы «Батылдық аллеясын» ашты. Ескерткіш тақтаны бірінші болып Польша президенті алды.

Сирия Ресей Федерациясын қолдайтынын және Украинадағы арнайы операцияның мақсаттарын түсінетінін білдірді – Лавров.

Ресеймен келісім ғана Украинаға қауіпсіздік кепілдігін бере алады, бірақ Киев Батыстың ықпалымен одан бас тартты, енді ешқандай кепілдік жоқ – Медведев.

Канада билігі Ресей Федерациясына қарсы жаңа санкциялар енгізді, тізімге 62 адам мен бір қорғаныс компаниясы кіреді.

* * * 

АҚШ барлау қызметінің қолында Ресей әскерінің таяу күндері Украинаның азаматтық инфрақұрылымы мен мемлекеттік нысандарын атқылауды жоспарлап отырғаны жөнінде мәліметтер бар. Бұл туралы АҚШ шенеуніктерінің мәлімдемелеріне сілтеме жасаған Reuters пен The New York Times жазды.

АҚШ билігі мұндай қауіп-қатерді неғұрлым үлкен аудиторияға жеткізу үшін барлау мәліметін ашық жариялап отырғанын хабарлаған.

Бүгін мемлекеттік ту күнін еске алып жатқан Украина ертең Тәуелсіздік күнін атап өтеді. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский "мереке күндері Ресей әлдеқандай жексұрын, қатыгез әрекет жасауға талпынуы мүмкін" деп ескерткен.

Украина қорғаныс министрлігінің бас басқармасы да украин халқына ескерту жасаған. Әсіресе Украина тәуелсіздігі күні мейлінше сақ болуға шақырған.

Киев апта ішінде жаппай іс-шара өткізуге тыйым салған. Киевтің қалалық полициясы тұрғындардан 23-25 тамыз аралығында болуы мүмкін әуе дабылына селқос қарамауды сұраған.

* * *

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Украина елшісі Петр Врублевскийді шақырып, соғыс және ресейліктер жайлы айтқан пікіріне қарсылық білдірді.

Сыртқы істер министрлігі мұндай мәлімдеме шетел елшісінің қызметіне лайықсыз және орынсыз деп есептейтінін жеткізген.

“Мұндай іс-әрекет мемлекеттер арасындағы достық мәмілеге кедергісін тигізбеуі тиіс", - деген министрлік.

21 тамызда Врублевский қазақстандық блогерге сұқбат беріп, "Көбірек өлтіруге әрекет жасаймыз. Қазір орыстарды қаншалық көп өлтірсек, балаларымыз да кейін соншалық азырақ өледі", деген.

Сұқбаттың осы фрагменті Крмельге жақын басылымдарда, әлеуметтік желілерде пайда болған. Оны Ресей СІМ өкілі Мария Захарова да Телеграм каналына жариялаған.

Қазақстан халқы ассамблеясы да мұндайға "жол беруге болмайтынын" айтып, елшінің мәлімдемесін сынаған.

Ресей Украинаға 2022 жылы 24 ақпанда басып кірген. БҰҰ мәліметінше, 22 тамыздағы жағдай бойынша 5587 бейбіт украин азаматы қаза тапқан, 362-сі – бала. Украина билігі ресейлік әскерге қатысты көптеген істерді тергейді. Ресей бейбіт азаматтардың қазасына қатысы барын мойындамайды. Ресейдің экономикалық одақтасы Қазақстан Мәскеудің әскери басқыншылығын ашық айыптаған жоқ. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Ресей күштерінің әрекетін әскери қылмыс деп атаған.

* * *

Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған Қырымның Украинаға қайтарып берілуін талап етті. Бұл туралы Anadolu хабарлады.

Түрік ақпарат агенттігінің мәліметінше, Түркия президенті бүгін Киевте өткен «Қырым платформасы» форумының екінші саммитінде сөйлеген сөзінде халықаралық құқықтар қағидаттарына сәйкес, Қырымның қайтарылып берілуі тиіс екенін мәлімдеген.

«Біздің еліміздің Қырым жөніндегі позициясы тек заңның әріптеріне ғана негізделмейді, сонымен бірге ол Анкараның адамгершілік позициясының принципті айқын көрінісі болып табылады. Қырымның Украина құрамына қайтарылуы сондай-ақ халықаралық құқықтың талабы да болып табылады. Украинаның территориялық тұтастығын, егемендігі мен саяси бірлігін сақтау тек бұл өңір үшін ғана емес, сонымен қатар кең ауқымды қауіпсіздік пен тұрақтылық үшін де барынша маңызды», – деп атап өтті Ердоған.

Ол өзінің сөзінде Түркияның Қырым аннексиясын мойындамағанын еске салып өтті. Біз мұның заңсыздық екенін бірінші күннен мәлімдеген болатынбыз, деді ол.

Түрік лидері бұдан басқа, Анкараның қырым татарларына қолдау көрсетуді жалғастыра беретінін ашып айтты. Оның айтуынша, қырым татарлары өздерінің тарихында талай трагедияны бастан кешкен, сондықтан енді қазір өз ата-бабаларының жерінде бейбіт өмір сүруге толық хақылары бар. .

«Мен Қырым платформасы бірінші саммитінен кейін қамауға алынған қырым татарлары халқы меджлисі басшысының бірінші орынбасары Нариман Джелал мен оның жақтастарын бостандыққа шығаруға тағы да шақырамын», – деді Ердоған.

Киевте өткен саммитке 60 елдің өкілдері қатысты.

* * *

БҰҰ-ның Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі жуық арада Украинадағы Ресей күштері бақылауындағы Запорожье атом электр станциясын барып көруі мүмкін. Қазір мәселеге қатысты келіссөз жүріп жатыр. Бұл туралы ұйым өкілдері мәлімдеді.

Нысанды Ресей әскері ақпан айында басып алған. Бірақ тамыздың бас кезінде оның аумағы бірнеше рет атқыланып, жағдай шиеленіскен. Украина мен халықаралық қауымдастық Ресейден ол жерден әскерін алып кетуді сұрап отыр. Алайда Мәскеу арандатушылық әрекеттердің алдын аламыз деп одан бас тартып келеді. Осыған байланысты халықарлық агенттік жағдайды өз көзімен көріп, бағалауға рұқсат беруін сұрап отыр.  

Розмари Дикарло, БҰҰ бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары:

– Біз тараптарды Атом электр энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік өкілдерінің нысанды еш кедергісіз көруіне дереу арада рұқсат беруге шақырамыз. Сондай-ақ нысанды азаматтық инфрақұрылым ретінде қарастыратын келісімге қол қойылып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Біз Украинадағы және басқа да атом электр станцияларына нұқсан келтірудің салдары ауыр болатынын түсінуіміз керек.  

* * *

Осыдан тура 6 ай бұрын Ресей президенті халыққа үндеу жасап, мыңдаған жауынгерін Украинаға жіберді. Содан бері екі ел арасындағы саяси алауыздық пен текетірес бір сәтке де тоқтамай келеді. 

БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары келтірген соңғы ақпар бойынша 24 ақпаннан бері 5587 азаматтық тұлға қаза тапқан. Оның 2161-і ер адам, 1490-ы әйел, 362-сі бала. Қалған 1574 кісінің жынысы әзірге белгісіз. Бұдан бөлек, миллиондаған кісі босқынға айналды. Көбі көрші елдерден, соның ішінде Польшадан пана тапты. 

Татьяна Афанасьева, босқын: 

– Үйіме оралғым келеді. Елдегі ахуал тұрақталды десе, бүгін-ақ жолға шығар ем. Тіпті дәл қазір жаяу кетуге әзірмін.

Украинада қарулы қақтығыс басталғалы мыңдаған үйге бомба тасталып, ғимараттардың күлі көкке ұшты. Қалалар қаңырап, ел экономикасы күйреді. Дүниежүзілік банк өкілдерінің болжамына сәйкес биыл бұл мемлекеттің жалпы ішкі өнімі 45 процентке құлдырайды. Украина премьерінің айтуынша, қақтығыстан кейін елді толығымен қалпына келтіру үшін 750 миллиард доллар қажет болады. Қарулы қақтығыс Ресейге де қымбатқа түсіп жатыр. Батыс елдері салған санкциялар Ресейге миллиардтаған доллар залал келтіруде. Көршіміз әлемдік қаржы нарығынан ысырылды. Олигархтардың көбіне санкция салынды. Микрочип секілді маңызды тауарлар бұл ел үшін енді қолжетімсіз. Бірақ ресей билігі басқа пікірде.

Дмитрий Песков, Ресей президентінің баспасөз хатшысы: 

– Соңғы жылдары экономикамыз айтарлықтай күшейді. Сондықтан жаңа жолдар салып, инфрақұрылым мен жоғары технологияларды дамытуға мүмкіндігіміз бар. Ресейді әлемнен оқшаулауға болмайтынына терең көз жеткіздік.

Бүгінде екі елдің қарулы күштері Донецк облысы мен Украинаның оңтүстігіне шоғырланған. Қазір Запорожье облысының үштен екісі Ресей армиясының бақылауында. Әскер Краматорск маңындағы аудандарды атқылап жатыр. Украина тарапы Ресейдің Белгород облысына соққы беруде. Би-Би-Си дерегі бойынша Ресей осы уақытқа дейін 6 мыңдай сарбазынан айырылған. Ал Украинаның қарулы күштері ұрыс кезінде 9 мың жауынгерін жоғалтқанын жариялады.

Владимир Зеленский Украина президенті: 

– Олар бірінші кезекте инфрақұрылымдық нысандарға және мемлекеттік мекемелерге соққы беріп жатыр. 24 ақпаннан бері осылай жалғасып келеді. Олар енді шабуылды үдетуі мүмкін. Осындай ақпарат бар. Ресей егер Киевке шабуылдаса не болмақ? Украина не істемек? Менің айтарым, жауап дәл сондай болады. 

Өз кезегінде, Кремль Украинадағы әскери операциясын не үшін бастағаны бойынша мәлімдеме жасап, оның мақсаты туралы тағы да ашып айтты.  

Сергей Шойгу Ресейдің қорғаныс министрі: 

– Сегіз жыл бойы Киев режимі өзін-өзі жариялаған Донецк және Луганкс халық республикаларының азаматтарына қарсы қылмыс жасап келді. Мыңдаған жазықсыз көз жұмды. Оның ішінде балалар да бар. Мұнымен қатар, Солтүстік Атлантикалық альянс Украина аумағына кіре бастады. Киев НАТО-ға кірмек болды. Осының бәрі Ресей үшін қауіп төндірді.

Жарты жылда әлем елдері шиеленісті тоқтатып, тараптарды келісімге келуге үндегенімен, одан нәтиже шықпады. Өзара тіл табысуға шақырғандардың арасында Қазақстан да болды. Біздің ел араағайын болуға дайын екенін де жеткізді. Бірақ Беларусь пен Түркия жерінде төрт рет кездескен Ресей мен Украина делегациялары тек гуманитарлық дәліз құруда ғана ортақ мәмілеге келді. Бейбіт келісімге келуге жақында өткен үшжақты кездесу аз да болсын үміт сыйлаған сияқты. Себебі БҰҰ бас хатшысы Украина және Түркия басшыларымен кездесіп, Украина порттарынан астық шығаруға келісті. 

Ресейдің Украинадағы әскери әрекеттері бидай мен тыңайтқыштың қымбаттауына әкелді. Азық-түлік дағдарысы орнап, инфляция артты. Ресей «Солтүстік ағын» құбыры арқылы газ жеткізуді азайтқан соң Еуропада көгілдір отын бағасы шарықтады. Осыған байланысты Канада Еуропаға сұйытылған табиғи газды тікелей экспорттау мәселесін қарастыра бастады.  

Джастин Трюдо, Канада Премьер-министрі: 

– Біз энергия тасымалдаушыларды әлемдік нарыққа жеткізуге өз үлесімізді қосу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қазір мамандарымыз сұйытылған табиғи газды Еуропаға тікелей экспорттау мәселесін қарастырып жатыр. Германияда көгілдір отынға қатысты қиындықтар туындағанын білеміз. Қазір екі жақтың министрлері, компаниялары мен кәсіпорындары тікелей экспорттың тиімділігін зерттеп жатыр. 

Жалпы жарты жылға созылған Украинадағы қарулы қақтығыс мемлекеттердің экономикалық жағдайына ғана емес, сондай-ақ халықаралық қарым-қатынас жүйесіндегі геосаясатқа да айтарлықтай өзгеріс әкелді. Украина Еуроодақ мүшелегіне үміткер атанды. НАТО-дан алыс жүрген Финляндия мен Швецияның әскери альянсқа қосылуы келісілді.

Ақпараттар kursiv.mediaАзаттық радиосыrast.kzzakon.kz, 24.kz басылымдарынан алынды

24 тамыз 2022, 11:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.

Комментарий беру ажыратылған