Үстіміздегі жылдың қаңтарында жаңа жылу тарифтері енгізілгеннен кейін шағын бизнес кәсіпорындарының жағдайы мүшкілденгендігі туралы әлденеше рет жазған болатынбыз. Жылу есептегіштерімен жарақталмаған шағын дүкендер өз ғимараттарындағы батареяларды кесіп тастап, калориферлердің көмегімен жылынуға мәжбүр болып отыр. Әйтпесе, шығындар кірістен асып түсуде.
Қаңтардан бастап жалпыүйлік жылу есептегіш құралдары жоқ ғимараттарда орналасқан заңды тұлғалар үшін тариф 1 Гкалға 12 827,97 теңгені құрады. Жеке кәсіпкерлерді: неліктен олардан заңды тұлға ретінде төлемақы алып отыр деген сұрақ мазалайды. Баға өзгерісінен зардап шеккендердің көпшілігі – заңды тұлға құрылымы жоқ шағын ЖК-лар.
- АЖЭО мен «Атырау-Жарық» бізді орға жығып отыр. Мына түрімізбен біз күйреп қаламыз немесе мұндай жағдайға жеткізбей өзіміз жабыламыз, - дейді көппәтерлі үйдің бірінші қабатында орналасқан азық-түлік дүкенінің қожайыны Лида.
Монополистер мен жауапты тұлғалардың жауаптары - бұл мәселе Табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаментінің құзырында, коммуналдық қызметкерлер өз тарифтерін соларға мақұлдатты дегенге саяды. Сөйтіп 12 наурызда ТМРАД ғимаратына кәсіпкерлер мен монополист өкілдері, салық қызметкерлері мен заңгерлер жиналды. Мұнда: 1) тарифтердегі қосылған құн салығын (ҚҚС) есептеу заңдылығы (тарифтер ҚҚС-сыз бекітіледі) туралы және 2) неліктен шағын бизнес үшін жеңілдік жасалмай, кәсіпкерлердің барлығын заңды тұлғаларға жатқызады деген екі мәселе талқыға салынды.
- Сіздер ҚҚС төлеушілер болмасаңыздар да, ҚҚС төлеуші монополистер көрсетіп отырған қызметті тұтынушыларсыздар. Сондықтан коммуналдық қызметкерлер ҚҚС-ны есепшотқа енгізіп, оны тұтынушылардан өндіріп алады да, мемлекетке төлейді. Бұл жағдайда ешкімді де ҚҚС-дан босату қарастырылмаған: барлық заңды және жеке тұлғалар коммуналдық қызметтерді ҚҚС-мен бірге төлейді, - деп түсіндірді Атырау облыстық салық басқармасының ҚҚС-ын әкімшілендіру бөлімінің бас маманы Бауыржан Тілепқалиев.
Екінші мәселе бойынша ТМРАД директорының орынбасары Райхан МИЗАМҒАЛИЕВА түсінік берді:
- «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» ҚР Заңының талаптары осындай. Жылу энергиясына дифференциалдық тарифтерді бекіту кезінде есептегіш құралдарының бар-жоқтығына байланысты жеке тұлғалар, атап айтқанда, тұрғындар, сонымен қатар заңды тұлғалар боп екі топқа бөлінген. Екінші топқа шағын ЖК-лар да, өнеркәсіптік кәсіпорындар да кіреді.
Егер іс осылай боп тұрса, әзірге кәсіпкерлерден орташа босату тарифі бойынша 1 Гкал-ға 9 552,3 теңге төлем алуға болмай ма? Қазіргі уақытта бұл тариф тозығы жеткен, апатты ғимараттар мен барак түріндегі үйлерде орналасқан заңды тұлғалар үшін қолданылады.
- Бүкіл есептеулерді тағы бір рет мұқият тексеріп, тариф көтерілгенге дейінгі және кейінгі есепшоттарды талдап көрелік. Содан соң бір шешімге келерміз, - деп қорытындылады ТМРАД директоры Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА. Өз шешімі туралы ТМРА таяу уақыттарда хабарлауға уәде берді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ