Осы жылдың ақпанында ҚР-ның «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» Заңына енгізілген түзетулер күшіне енді. Бұл өзгерістер жөнінде ««ГАК» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ-ның директоры Майя ЛЕВЧЕНКО (суретте) әңгімелейді.
- Енді азаматтардың өздерінің зейнеткерлік жинақтарының белгілі бір бөлігін зейнеткерлік жасқа жетпей-ақ алуына мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар сақтандыру компаниялары (зейнеткерлік аннуитетті ресімдеумен солар айналысады) өз клиенттеріне төлемді өмір бойы жүзеге асырады, ал зейнетақы қорлары жиналған сома аяқталғанға дейін ғана төлейді. Әрі қарай, зейнеткерлік жасқа жеткен аннуитеттік компанияның клиенті бірден үш жерден төлемдер ала алады: а) аннуитеттік компаниядан өмір бойы (мемлекет белгілеген төменгі зейнетақыдан кем емес), ә) зейнетақы қорынан, аннуитеттік компаниямен шарт жасасқаннан кейін және зейнеткерлікке шыққанға дейінгі уақыттарда жинақталған аз да болса зейнеткерлік салымдарды, б) мемлекеттік зейнетақы (1998 жылға дейін еңбек өтілі болғанда).
Зейнеткерлік аннуитет шарттарын жасасуға зейнетақы жинақтарында зейнеткерлік шарт жасасу күніндегі сәйкесінше қаржылық жылға республикалық бюджет туралы заң белгілеген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес төлемдерді төлеуді қамтамасыз ете алатын қаражаты бар адамдар құқылы.
- Зейнеткерлік сақтандыруға қатысты тағы қандай өзгерістер бар?
- Әйелдер үшін зейнеткерліканнуитет шартын жасасуға арналған жас мөлшері төмендетілді. Егер бұрын олар аннуитеттік компаниялармен шарт жасасуға ер адамдар сияқты 55 жасында құқылы болса, қазір зейнеткерлікке шығудағы жас ерекшеліктері есепке алынады. Енді аннуитеттік шартқа әйелдер 50 жастан бастап қол жеткізе алады.
Сондай-ақ, егер азаматтардың зейнетақы жинақтарында жеткілікті көлемде сомалары болса, онда жинақтарын бірнеше сақтандыру компанияларына салуына болады. Сол сияқты зейнеткерлік аннуитет шарты бойынша зейнеткерлік жинақтарды ЖЗҚ-нан өмірді сақтандыру компаниясына аудару мерзімдері де 30 күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқарды.
- Қазақстанда зейнеткерлік сақтандыру бағдарламасы 2005 жылдан бері әрекет етеді. Бұл қаншама тартымды болса да, аннуитеттік шарттың қымбатшылығына байланысты оған көптеген қазақстандықтардың қолы жетпей отыр. Сақтандыру компанияларының ұсыныстары барлық азаматтар үшін қолжетімді болу үшін қандай шаралар қабылданды?
- Иә, шындығында, көптеген қазақстандықтар зейнеткерлік шоттарындағы қаражаттарының жеткіліксіздігінен аннуитеттік шарттардың мүмкіндіктерін пайдалана алмай жүр. Мысалы, ең төменгі зейнеткерлік аннуитетті сатып алу үшін ерлердің шотында 2,7 млн теңге, әйелдерде 3,1 млн теңге болуы керек. Сонымен қатар аннуитетті есептегенде бұрын, салымшының ерікті аударымдары болғанына қарамастан, тек міндетті зейнеткерлік аударымдары ғана есепке алынатын. Қазақстандықтарда аннуитеттік шарттарды сатып алуға жетпеген соманы өздері төлеу мүмкіндіктері пайда болды. Енді міндетті салымдар да, ерікті салымдар да есептелетін болады. Бұл егер бір адам аннуитеттік шарт жасасқысы келіп, алайда зейнеткерлік шотында бұған белгілі бір сомасы жетпейтін болса, ол ерікті зейнеткерлік аударымдар жасай алады.
- Зейнеткерлік сақтандыру бағдарламасы азаматтарды аннуитеттік компаниялардың зейнеткерлік жинақ сомасынан бір реттік төлем жасауда үлкен пайыздық уәделерімен қызықтырады. Бір реттік төлемдерге қатысты өзгерістер бар ма?
- Өткен жылдан бері аннуитеттік шарт жасасқанда біржолғы төлемді реттейтін нормалар болған жоқ. Кейбір өмірді сақтандыру компаниялары клиенттерді көп тарту үшін зейнетақы жинақтарының 90%-ына дейін біржолғы төлем жасаймыз деп ұсыныс берді. Мұндай ұсыныстар компаниялардың өздеріне ғана емес, клиенттерді де үлкен тәуекелге әкеп соқтыратыны белгілі. Өйткені клиенттеріне өмірлік төлем жасаймыз деп міндеттемелер алған компаниялар өздеріне салымшы жинағының небары 10%-ын ғана қалдырып отыр. 2012 жылғы қарашада өмірді сақтандыру компаниялары бірлесіп меморандумға қол қоюға мәжбүр болды. Оның аясында компаниялар біржолғы төлемдер клиенттің зейнеткерлік жинағының жалпы сомасының 30%-нан аспауы керек деген келісімге қол жеткізді.
Енді осы төлемдердің мөлшері заңмен реттеледі. Егер зейнетақы жинағы зейнеткерлік аннуитет шартын жасасу кезінде қолданыстағы АЕК-тің 7000 еселенген мөлшерінен аспайтын болса, сақтанушы өз қалауымен, өз салымы сомасының 10%-дан кем мөлшерінде біржолғы төлем ала алады. Биылғы жылы бұл сома 12 117 000 теңгені құрайды. 20%-дан аспайтын біржолғы төлемге зейнеткерлік жинағы 7000 АЕК-тен асатын, бірақ 15 000 АЕК-тен кем, яғни, 12 117 000-нан 25 965 000 теңгеге дейін қаражаты барлар ие бола алады. Ал ең жоғарғы 30%-дық біржолғы төлем зейнетақы салымдарында 15 000 АЕК-тен асатын сомасы бар адамдарға арналған. Әрі қарай клиент сақтандыру компаниясынан төлемдерді, өз қалауынша, не жылына бір рет, не тоқсан сайын, не ай сайын ала алады. Кепілдендірген төлем мерзімдері бар өмірлік аннуитет шартының иесі өмірден өткеннен кейін төлемдер осы кезең ішінде, белгіленген кесте шеңберінде сақтанушы шартта көрсеткен тұлғаға, яғни, мұрагерге төленеді.
Қазақстанның Ұлттық банкі 2014 жылғы 1 қаңтарға дейін – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру мерзіміне зейнеткерлік аннуитеттерді жүзеге асыруға мораторий жариялауды жоспарлап отырғанын да айта кеткен жөн. Әзірге мораторий енгізудің нақты күні белгісіз. Бұл жеткілікті зейнеткерлік салымдары бар қазақстандықтардың зейнеткерлік сақтандыру шарттарын жасасуға әлі уақыттары бар деген сөз.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор