Кардиохирургтар көңілді жабырқатар үрдістің белең алғанын айтып отыр. 30 жастан асқан атыраулық әйелдерде жүректің туа біткен ақауы жиі анықталады екен. Бұл сырқаттың жағымсыз белгілері жеме-жемгекелгенше еш білінбейтін көрінеді.
- Егер нақтырақ айтар болсақ, әңгіме жүрекшеаралық қалқан ақауы туралы болып отыр, - дейді кардиолог дәрігер Мирам НҰҒМАНОВ. – Мұнда екі жүрекше аралығында ауытқыған байланыс болады. Жүректің оң және сол жақ бөліктерінің камералары қалыпты жағдайда бітеу қалқандармен бөлінеді, ал ақаулы болса, қалқандарда бір немесе бірнеше саңылаулар түзіледі.
Дәрігердің айтуынша, бұл сырқат есейген шақта, көбінесе әйелдерде жүктілік кезінде байқала бастайды екен. Бұрын Атырауда бұл проблема туралы білмеген. Өйткені сырқаттың бастапқы кезеңінде ақауды анықтап, оны отаның көмегімен жоя алатын мамандар болмаған. Енді мұндай мамандар да, құралдар да бар.
Екі баланың анасы, қала тұрғыны Жайнагүл ҒАБДЕШЕВАНЫҢ (суретте) бұрын-соңды жүрегі ауырып көрмепті. Соңғы кездері ол алқынып қалатынды шығарған, тез шаршап, терісі көгере бастаған. Оны дәрігерге қаралуға енесі көндіріпті. Бірнеше күннен кейін ота жасалған. Қазір жас ананың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
- Бірақ осындай жүрек ақауы бар бала туатын жастағы әйелдердің көпшілігі ота жасатудан бас тартты, - деп қынжылыс білдіреді дәрігерлер. - Әрине, бұл олардың өз құқықтары, бірақ... Егер кейінге қалдырса, ота жасау мүмкін болмайтын жағдайға жетуі мүмкін.
Қазір қалалық аурухананың (БСМП) дерекқорында жүрек ақауы бар 5 әйел бар. Олардың бәрі қолайсыздықты сезінбегендіктен, ота жасатудан бас тартқан.
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор