«Самал-Атырау» тұрғын үй кешенін соңғы салушыларға қатысты қылмыстық іс қозғалғандығы туралы жарияланымнан кейін («АЖ» №9, 28.02.2013 ж. «Ұйқыдан оянды ма?» жарияланымын қараңыз) редакцияға «Бонита Инжиниринг» ЖШС-нен басқа, дайын үй үшін тартысқа тағы бір тұлғаның - «Қазақстан Наурыз банкі» АҚ тарату комиссиясының қосылғандығы белгілі болды.
Банк 2005 жылы банкротқа ұшырағаннан кейін комиссия 7 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өйткені, оның борышкерлері қалған. Соның ішінде «Бонита» секілді борышкерлер де, ықпалды салымшылар да бар екен. Бізге жолданған хатта айтылғандай, солардың ішінде ҚР Президенті Іс басқармасы мен «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы бар. Олардың басшылығы «Бонитаның» жарты миллиардтай теңге мөлшеріндегі қарызының қайтарылуына аса мүдделі болып отыр.
- Сондықтан олар «Бонитаға» ең жоғарғы деңгейде қолдау көрсетіп отыр. Өздеріңіз төрелік етіп көріңіздер, жақында «Бонита» жөніндегі мәселелер Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың және Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) төрағасы Рашид Түсіпбековтің қатысуымен болған ҚР Үкіметінің отырысында қаралды. Бір қызығы, банктің тарату комиссиясының қызметкерлері – Ұлттық банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитетінің іссапарға жіберілген қызметкерлері.Осылайша «Бонитаның» қарыздарын қайтару мәселесіне Қуат Қожахметов пен Григорий Марченконың өзі жетекшілік етіп отыр, - деп хабарлайды бізге құпия дереккөздер.
Олардың айтуынша, «Бонита» басшылары Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ ұйымдасқан қылмыстық тобының күйрегенін пайдаланып, Президент Әкімшілігіне Кәрім Мәсімовтің және Бас прокурор Асхат Дауылбаевтың қабылдауына кіріп, рейдерлік жолмен тартып алынған Атырау облысындағы активтерді қайтару туралы мәселені көтерген.
Хаттан бөлек, дереккөздер «Наурыз банктің» Бас прокуратура мен қаржы полициясына жолдаған, тарату комиссиясының төрайымы Ж. К. Сембаеваның қолы қойылған хаттың көшірмесін ұсынды. Онда істің кейбір мән-жайы жазылған.
Сонымен, «Наурыз банк» пен «Бонита» арасындағы несиелік желінің ашылуы туралы келісім бойынша «Бонита» аяқталмаған 3 нысанды, жалпы алаңы 5,4-тен астам га жерге (екеуі де Атырау қаласы, Привокзальный ы/а, 3 а мекен-жайында орналасқан) уақытша ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын (құқықтың әрекет мерзімі – 10 жыл), сонымен қатар мердігерлік жұмыстардың орындалуын талап ету құқығын кепілдікке қойған.
Алайда «Бонитаның» банк алдындағы өз міндеттемелерін орындамауына байланысты, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2006 жылдың 4 желтоқсанында «Бонитадан» «Наурыз банктің» тарату комиссиясының пайдасына 491 млн теңгеден астам мөлшердегі борышын өндіріп алу туралы шешім шығарды. Бірақ бұл қаржылар әлі күнге дейін өндірілмеген.
Бізге ұсынылған хаттың көшірмелерінде расталғандай, Атырау қалалық әкімдігі біржақты тәртіппен жасалған келісімшартты бұзып, тұрғын үй кешенін салу үшін барлық жер телімдеріне жеке меншік құқығын «Компания «Бизнес Строй» серіктестігіне (Алматылық компания – Л.С.) берген. Ол өз кезегінде, 2007 жылдың қыркүйегінде жер телімін «Стройинвест-К» ЖШС-не қайта сатыпты.
- «Стройинвест-К», «УС-99» ЖШС және «Евразия Парк» ЖШС – компаниялар тобы жер телімдері мен салынып бітпеген тұрғын үйлерді заңсыз иемденіп, өздеріне 04:066:021:580 кадастрлық нөмір бойынша жерді ресімдеген. Ал жер телімінің нақты №04:066:021:338 кадастры «Қазақстан Наурыз банкіндегі» кепілзатпен бірге ауада «ілініп тұр», - деп, тарату комиссиясының хаттарында расталыпты.
Комиссия құқыққорғау органдарынан кешенді тексеру жүргізуді, ұрланған кепілдік мүлігін «адал жолмен алынған» заңсыз сот актілерін жоюды, осы тұрғын үй кешенінен пәтерлерді сатуға, үй мен жер телімдеріне тыйым салуды өтінеді.
Біз телефон арқылы осы үндеу-хаттардың орындаушысы, банк заңгері Алмагүл ӨМІРБЕКОВАМЕН хабарласып, істің барысын сұраған едік:
- Соңғы жауап 7 желтоқсанда берілген. Онда бізге тергеу ісінің тағы да үш айға ұзартылғанын, тергеу шараларының жүріп жатқанын хабарлады. Ақпанның аяғында біз қаржы полициясына тағы бір ресми хат жолдадық. Таяу уақыттарда жауап келеді деп күтіп отырмыз. Бұл жолы тергеу ісі мен сот әділ болады деген үмітіміз бар.
Бәлкім, Банк өз қаржыларын қайтаруды талап етуге құқылы шығар. Қанша дегенмен үй банктің және хатта көрсетілген 75 үлескердің қаржысына салынды ғой. Тек осы жер телімінде он жылдай уақыт бойына бетон қорап қаңырап тұрған кезде, осы банк пен бұрынғы құрылысшы қайда болған? Неліктен ешбіреуі сол кезде өз талаптарын қоюға асықпаған? Бұлардың бәрі өз кеңселері мен соттардың табалдырықтарын тоздырған үлескерлерді азар да безер боп, жолатпаған еді ғой.
Енді сақалды құрылыстың орнында дайын үй бой көтерді. Бұрынғы меншік иелерінің белсенділігінен көрініп отырғандай, ие болу құқығы үшін күрескен жөн. Бұрын оларға алданған үлескерлердің проблемасын шешуге Бергей Рысқалиев кедергі келтірді дегенге сену қиындау. Дұрысында, оның мәні болмаған ғой.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА