Атырау, 19 наурыз 15:18
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 449.30
€ 489.69
₽ 4.89

Судың жиегінде отырған екі ауыл сусыз қалды

1 420 просмотра

Құрманғазы ауданында Ж.Нәжімеденов пен Дәулеткерей ауылы тұрғындары ауыз суды дүкеннен және водовозбен тасып ішіп отыр. Олардың айтуынша, су тазарту қондырғысы бүгінде өз жұмысын тоқтатып, үйдегі құбырдан су тамбай тұр.

Тұрғындардың сусыз қалуының басты себебі, Сурхан өзенінің балдырланып, көгеріп, суда шіру процесінің орын алуынан туындаған. Тіпті балық да өліп жатыр.

- Шілде, тамыз, қыркүйек айларында өзен суы жасыл түске боялып шығады. Себебі, өзеннің ағысы тоқтап қалады, өйткені Сурхан өзенінің «Қаражар» деген жерін топырақ басып қалған. Көптен тереңдету жұмысы жүрмегендіктен су ағыспен Шарон өзеніне толықтай жетпей қалып тұр. Тұрып қалған су бұзылады. Ауыл су жағасында орналасқандықтан, жағымсыз иіс басты айналдырады. Ең бастысы – біз ауыз сусыз қалдық. Шірінді сумен егінді суару мүмкін емес, мал да ішпейді, тіпті басқа да қажеттілікке жарамай тұр. Бірнеше күннен бері су тазарту қондырғысы өз жұмысын тоқтатып, үйге келген су тиылып қалды, - дейді  ауыл тұрғыны  Болат БИДОЛЛАЕВ.  

4 мыңнан астам тұрғын ауыз суды дүкеннен сатып алып отыр. Ал құдығы барлар жекеменшік водовоз арқылы құйдыртып алып жатыр. Бұрын бір водовоз су 7 мың теңге тұрса, жуырда әкімшіліктің араласуымен 3 мың теңгеге түскен.

- Үш жылдан бері көрген күніміз осы. Санэпидемстанса балдыр суды адамға зияны жоқ  деп отыр, бірақ біздің күмәніміз бар. Неге шарасын алмайды, әкімшілік неге қауқарсыз? - дейді ашынған тұрғындар.

- Осыдан 15-20 жыл бұрын өзен бойын үнемі тазартып тұратын арнайы мекеме жұмыс жасады. Бүгінде ол мекеме жоқ, ал өзен бойын топырақ басып, ағыстың қалыпты жүруіне кедергі келтіріп жатыр. Жалпы аудан бойынша 244 шақырым өзен бойын тазарту қажет, оның 99 шақырымының сметалық құжатын жасақтауға жеңімпаз анықталып, жұмысын жүргізуде. Ал қалған бөлігіне жеңімпаз енді анықталуы тиіс. Содан кейін бюджеттен қаржы бөлінуіне байланысты Сурхан өзені бойы тазартылып, тереңдету жұмысы жүреді, - дейді Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек ҚАЛИЕВ.

- Еңбекші округіндегі екі ауыл сусыз қалып отыр.

- Білемін. Ұлттық сараптама өкілдері судың сынамасын алып кетті, қорытындысы әлі шыққан жоқ. Бұл ауылдарға тиесілі су тазарту қондырғысының жұмысын тоқтаттық, ауыз суды водовозбен тасуды ұйымдастырдық. Жеке кәсіпкерлермен келісіп, оның да бағасын түсірттік. Жалпы алдағы уақытта су тазарту қондырғысын «Астрахан-Маңғышлақ» магистрльды су ағызғысына қосқымыз келеді.   

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Бейнежазба әлеуметтік желіден алынды

8 тамыз 2022, 15:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.