Атырау, 23 қараша 01:40
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Дизель отынын ұрлаған, бірақ «ұйымдасқан түрде» емес. Облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты ақталды

1 908 просмотра

Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы апелляциялық тәртіпте облыстық мәслихаттың Amanat партиясы атынан сайланған экс-депутаты Абзал-Сенбі Самаликовқа және тағы 18 адамға қатысты 2 қалалық соттың үкімін өзгертті. Атап айтқанда, апелляциялық сот Самаликов пен Мақат локомотив депосының есепшісі Ақмаржан Жұмашеваны ақтап шықты.

Оларға басқалармен бірге ұйымдасқан қылмыстық топты ұйымдастырды және мұнай өнімдерін ұрлады деген айып тағылды. Сотталғандардың барлығы дерлік Мақат локомотив депосында жұмыс істеген және бастапқы үкім бойынша тепловоздардан дизель отынын ұрлаған.

Тергеу және бірінші сатыдағы сот үкіміне сәйкес, 19 адам қатысқан қылмыс 2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында жасалған. Осы уақыт ішінде олар 300 тоннаға жуық дизель отынын ұрлап, жалпы сомасы 63 миллион теңгеден астам сомада Мақат локомотив депосына зиян келтірген.

Айыпталушылардың кейбірі ғана кінәсін мойындап, өкініш білдірген. Ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы Р.Ізбасаров 262-баптың 1-бөлігі («Ұйымдасқан топты, қылмыстық ұйымды құру және оларға басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу»), 188-бабының 4-бөлігі («Аса ірі көлемде жасалған ұрлық») бойынша кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың қалған мүшелері 7 жылдан бастап бір жыл алты айға дейінгі мерзімге сотталды.

Экс-депутат Абзал-Сенбі Самаликов пен «Мақат» локомотив депосының есепшісі Ақмаржан Жұмашева ҚР Қылмыстық кодексінің 371-бабының 2-бөлігі («Салғырттық») бойынша кінәлі деп танылып, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Жалпы 15 адам нақты мерзім, қалғандары бас бостандығын шектеу жазасын алды.

Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, іс сотталғандар мен олардың адвокаттарының апелляциялық шағымдары бойынша қаралды. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, оған басшылық етті және оған қатысты деп айыпталған және ұрлық дерегі бойынша сотталғандарды ақтауды, отбасылық жағдайы мен денсаулық жағдайын ескере отырып, жазасын жеңілдетуді сұрады.

- Сот алқасы сотталғандарды ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, оған басшылық етті және қатысты деген айыптарға дәлел жоқтығы туралы апелляциялық шағымдардың уәждерімен келісті, өйткені бұл бөлімдегі айыптар болжамға негізделген, - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі.

Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы кінәсі дәлелденбегендіктен ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, оған басшылық етті және оған қатысты деген айып (ҚК-нің 262-бабы) бойынша И.Р., С.М., А.К., Т.Д., С.С., С.А., Б.Г., А.А., У.К., К.А., Т.Б., Е.К.-ні кінәсіз деп тапты.  Аса ірі көлемде ұрлық жасады деген айып бойынша үкім өзгеріссіз қалдырылды. Кесімді жаза 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына төмендеді. С.А., Б.Г., А.А., Т.Д. жеңілдететін мән-жайларды (шынайы өкіну, отбасылық жағдайы, денсаулық жағдайы) ескере отырып, әрқайсысына 3 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қылмыстық қудалау органдары ұсынған дәлелдемелер, оның ішінде телефон арқылы сөйлесу деректері мен сот-филологиялық сараптаманың қорытындысы сотталғандардың дизель отынын ұрлағанын ғана айғақтайды. Сонымен қатар, сотталғандар арасындағы қарым-қатынаста ұйымдасқан қылмыстық топтарға тән қатаң иерархия немесе бағыныштылық жоқ. Осылайша, сотталғандар мен оларды қорғаушылардың апелляциялық шағымдары ішінара қанағаттандырылды.

Самаликов пен Жұмашеваға дизельдік отын шығындары туралы жүкқұжаттарына қол қоюда өздерінің лауазымдық міндеттін тиісінше орындамады деп тағылған айып расталмады.

- Лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес, Самаликов пен Жұмашеваның жүкқұжаттардың дұрыс толтырылуына жауапты емес екені анықталды. Аталған құжаттардың толтырылуына жауапкершілік техникалық бөлім басшысына жүктелген. Ол көрінеу жалған мәліметтер жазылған жүкқұжаттарды рәсімдегені үшін сот үкімі бойынша кінәлі деп танылды. Самаликов басшы ретінде дизель отынының ұрлануына жол бермеу үшін барлық шараны алған: тепловоздарға ағызуға қарсы құрылғы орнатқан, тепловоздарға сервистік қызмет көрсететін кәсіпорынға бірнеше үндеу хат жазған, делінген облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарламасында.

Самаликов пен Жұмашева іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты ақталды.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

6 тамыз 2022, 01:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.