– Менің есімім - Тимур Мәтжанов, бала кезден ІІ топ мүгедегімін. Сәтпаев, 10-үй, 80-пәтер мекен-жайындағы бір бөлмелі пәтерде, бесінші қабатта анаммен бірге тұрамын. Төбемізден су кетіп, сылағының түсіп жатқанына жеті жыл болды. ПИК-ке әлденеше рет хабарластық, бірақ ондағылар қаржының жоқтығын айтып, шатырды өзімізге жөндеуді ұсынып, есесіне пайдалану шығындарынан 15 мың теңгені шегеріп тастайтындықтарын айтты. Алайда шатырымызды қалпына келтіру шығындары 80 мың теңгеден кем болмайды, ал біздің ондай ақшамыз жоқ. Өйткені анам еден жуушы боп жұмыс істейді, алатын жалақысы 35 мың теңге. Менің зейнетақым 23 мың теңге. Біз ай сайын пайдалану шығындарын төлеп тұратындығымызға қарамастан, ПИК-ке 15 мың төлеуге дайынбыз, тек шатырды өздері жөндеп берсе дейміз. Бірақ төраға бас тартып, мұның өз міндетіне кірмейтінін айтып отыр. Енді не істейміз?
azh.kz сайтынан
Сұраққа Атырау қалалық ПИК қауымдастығы төрағасының орынбасары Гүлнәр САЛИХОВА комментарий берді:
– Бұл мәселе «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 2-бабының 24-тармағымен реттеледі. Заңға сәйкес, шатыр ортақ мүлікке кіретін кондоминиум нысанының бір бөлігі боп табылады. Оның шығындары ай сайынғы жарналардан (пайдалану шығындарынан) тұратын тұрғын үйді ұстау шығындарынан жұмсалады. Олар жалпы жиналыс шешімімен бекітіледі. Бірақ қазіргі кезде облыста қолданылатын тарифке (1 шаршы метрге 25 теңге) бұл шығындар қосылмаған. Сондықтан мұндай тарифтегі бюджет шатырды жөндеуге жетпейді. Шатырды ішінара жөндеу сол қаржыда қамтылуы тиіс. Бірақ онда тариф сөзсіз өседі. Тимурге не істеу керек? Заң бойынша тәртіп мынадай: смета жасалып, мердігер анықталады, смета жалпы жиналыста бекітіледі (тек осы подъездің тұрғындары қатысса, жеткілікті). Заң бойынша осы подъездегі бүкіл пәтер қожайындары өз баспаналарына сай ортақ мүлікте өз үлестері бар болғандықтан, шатырды жөндеуге қатысуы тиіс.
Соңғы жолы: егер ерікті түрде көршілері осы отбасыға қолдау көрсетпесе, оның жұмысты өз есебінен жүргізіп, бүкіл құжаттарын ұсынып, сот арқылы көршілерінен төлем үлесін өндіріп алуға құқылы. Өз тарапымнан оған қолдан келгенше қолдау көрсетемін.