Атырау, 25 сәуір 13:28
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Экологтар АМӨЗ бен басқа да кәсіпорындарды тексеріп, заң бұзушылықтарды анықтады

Сурет
1 514 просмотра

Атырау облысы Экология департаменті «Атырау Мұнай өңдеу зауыты», «АЛМЭКС плюс» және «Светланд-ойл» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері секілді ірі кәсіпорындарға профилактикалық бақылау жүргізді. Атап айтқанда, «АМӨЗ» ЖШС-не 5 млн теңгеден астам айыппұл салды. Бұл туралы Экология департаменті басшысының орынбасары Сырым ТІЛЕГЕНОВ брифингте мәлім етті.

Ол бұл соманың қалай құралғанын айтып берді. Мысалы, 2021 жылы «АМӨЗ» ЖШС-де сарқынды сулардың төгінділері туралы деректер дұрыс толтырылмаған. Сондай-ақ, С.Тілегеновтің айтуынша, қалдықтардың көлемі туралы кестені зерделеу кезінде деректер толық ұсынылмаған. Осы дерекке қатысты ҚР ӘҚБтК-тің 327-бабы бойынша 306 300 теңге көлемінде айыппұл салынған.

- Қондырғылардың аумағында пайдаланылған химиялық реагенттердің және пайдаланылған майлардың бөшкелері, металл сынықтары, пайдаланылған майланған резеңке бұйымдары, дәнекерлеу электродтарының тұқылдары анықталды. Бетон сынықтары түріндегі құрылыс қалдықтарды жинауға арналған арнайы жабдықталған орындар жоқ екені белгілі болды. Сондай-ақ, қауіпті қалдықтарды есепке алу бойынша есеп жүргізілмеген, бұл үшін Атырау мұнай өңдеу зауытына ҚР ӘҚБтК-нің 344-бабының 4-бөлігі бойынша 459 450 теңге айыппұл салынды, - деді Сырым Тілегенов.

Әрі қарай. Тексеру кезінде механикалық тазалау қондырғысының аумағында құрамында мұнайы бар ағындар орналастырылғаны белгілі болды.

– Бұдан басқа, №1 теміржол эстакадасы мен №2 резервуар паркін тексеру кезінде топырақтың мұнай өнімдерімен ластануы анықталды. Бұл үшін зауытқа ҚР ӘҚБтК-нің 337-бабының 4-бөлігі бойынша 3 млн 63 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар, «АМӨЗ» ЖШС аумағын тексеру кезінде ЖЭО жолына жақын тұрған контейнерлерден қауіпті және қауіпті емес қалдықтардың қоспасы (құрамында мұнай бар қалдықтар, құрылыс материалдары, басқа да қалдықтар) анықталып, нәтижесінде ҚР ӘҚБтК-нің 344-бабының 4-бөлігі бойынша 765 750 теңге әкімшілік айыппұл салынды, – дейді С.Тілегенов.

Стационарлық көздерден өнеркәсіптік шығарындылардың сынамасын алу кезінде 27 маусымда «AМӨЗ» ЖШС жобаның шекті рұқсат етілген шығарындылар нормативтерінің асып кеткенін анықтады.

21 маусымда мұнайды терең өңдеу өндірісі (МТӨӨ) нысанының каталитикалық крекинг қондырғысында компрессорды реттеу жүйесінің бітелуіне байланысты K-0215 газ компрессоры тоқтатылды. Осыған орай, апатты жағдайдың алдын алу мақсатында каталитикалық крекинг қондырғысынан шыққан шикізат апатты жою жоспары бойынша өртелді.

Жобалық құжаттаманы зерделеу барысында газ көлемін жағу бойынша шығарындылар нормативтері, шекті рұқсат етілген эмиссиялар қарастырылмағаны анықталды. Отын газын жағу эмиссиялары экологиялық рұқсатсыз жүргізілген – бұл ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабының 2-бөлігімен жазаланады.

Зауыттың аумағын және қондырғыларын тексеру барысында механикалық тазарту қондырғыларының аумағында булану кезінде қаланың атмосфералық ауасына теріс әсер ететін ластаушы заттар бөлінетін ашық түрдегі №3 қосымша тұнба ыдыстары мен тоғаны бар екені анықталған. Осы үшін ҚР ӘҚБтК-нің 324-бабының 1-бөлігі бойынша 153 150 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Бұдан басқа, күкірт өндіру қондырғысының пештерінде, күкірт өндірудің аралас және терең өңдеу кешенінің каталитикалық крекинг қондырғысында сынама алғыштар жоқ екені белгілі болған. Бұл үшін ҚР ӘҚБтК-нің 325-бабы бойынша 306 300 теңге айыппұл салынды.

Әрі қарай - «АМӨЗ» ЖШС 2021-2023 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының  қоршаған ортаға эмиссияға қатысты тармақтарының бірін орындамаған. Бұл үшін ҚР ӘҚБтК-нің 326-бабы бойынша 459 450 теңге айыппұл салынды.

Профилактикалық бақылау барысында «АЛМЭКС ПЛЮС» ЖШС аумағында полиэтилен қабықшалары, ағаш қалдықтары, пластикалық шелектер, бітеуіштер сияқты қалдықтар шашылып жатқаны анықталды. Бірақ мұның бәріне қауіпті қалдықтар паспорты рәсімделмеген. Нәтижесінде ЖШС-не 150 мың теңге айыппұл салынды.

Енді «Светланд-Ойл» ЖШС-не келейік. Мамандар табиғат пайдаланушының Исатай ауданында орналасқан мұнай қабылдау пунктінде және Құрманғазы ауданындағы «Октябрьское» кен орнында ҚР экологиялық заңнамасының талаптарын бұзу деректері тіркелмеген. Ал оны заң бойынша жасауға тиіс. Бұл үшін ЖШС ҚР ӘҚБтК-нің 325- және 337-баптары бойынша жалпы сомасы бір миллион теңгеге жуық мөлшерде екі айыппұлмен жазаланды.

Айнұр САПАРОВА

ӨКҚ ұсынған суреттер

4 тамыз 2022, 22:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.