3 тамыз күні «Атырау-Жарық» АҚ-ның Жылыой аудандық электр жүйесі бөлімшесінің 80-ге жуық жұмысшысы наразылыққа шығып, жұмысқа шығудан бас тартты. Олар еңбекақыны екі есе өсіруді және жұмыс жасауға жағдай туғызуды талап етіп отыр. Наразылық бүгін де жалғасты.
Наразылыққа қатысушылар қордаланған мәселелерге тоқталды.
Нұрым ЖӘКЕШОВ:
- Теңіз кенішінде жұмыс жасап жатқандарға ешқандай жағдай жасалмаған, бізге тамақтануға 15 күнге 32 мың теңге ғана ақша береді. Бірақ ол он күнге жетпей, бітіп қалады. Жататын жатақханамыз ескі ғимаратта орналасқан, санитариялық талапқа мүлдем сай емес. Арнайы берілетін киімдер сапасыз, құрал-сайман жетіспейді, жалғыз «УАЗ» көлігі бар, оған тек бес адам ғана сыяды. Ал қалған 15 адам жұмысқа жаяу барады, жақын жер де емес.
Мүбарак НОҒАЕВ:
- Еңбекақымыз өте төмен. Техникалар тым ескірген, жоқтан бар жасап жатырмыз. Біздің мамандығымыз аса сақтықты және жоғары техникалық жабдықталуды қажет етеді. Жұмысқа жаңа келген электриктерді үйретеміз, олар әбден істеріне машықтанып алғасын, еңбекақысы жоғары басқа жұмысқа ауысып, бізден кетіп қалады.
Эльмира АЛДАШБАЕВА:
- Қымбатшылық қысып тұр, тамақ бағасы еселеп өсіп кеткен. Менің 100 мың теңге айлық еңбекақыма күн көру мүмкін емес. Жолдасым жұмыстан қысқарып қалды, табыс табатын жалғыз өзім. Бір басымда екі кредитім бар. Біздердің - бақылаушылардың жұмысы көрінбейді, жұмысымыз қиын, үйді аралап жүреміз, кейде итке таланамыз. Осында жалғызбасты, асыраушысы жоқ, болмаса көп балалы аналар еңбек етеді. Жалақылары өте төмен, шықпа жаным шықпамен отыр.
Ашынған жұмысшылармен кездесуге келген «Атырау-Жарық» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали ҚАРШЕГЕНОВТЫҢ жауабы оларды қанағаттандырмады.
- Үкімет энергетикаға толық бетбұрыс жасамаса, біз ештеңе өзгерте алмаймыз. Мен сіздерге тікесінен айтайын, екі сөйлейтін емес, бір сөйлейтін жігітпін, оны өздеріңіз білесіздер. Біз тек қана антимонополия қандай тариф береді, біз сол тарифпен жұмыс жасаймыз, бұл қаржы жеткіліксіз. Техникаға сұраныс берілді, бірақ оны «қиып» тастап отыр. Оны бәрі біледі. Атырау мен Жылыой ауданы жұмысшыларының жалақысы бірдей. Халық наразылық білдіргенмен не істеймін? Шынымды айтайын, жалақыны көтереміз деп жалған уәде бере алмаймын, - деді Оразғали Қаршегенов.
Аудан әкімінің орынбасары Әнуар ШАКИРОВ, аудан прокурорының орынбасары Серік ИЩАНОВ көпшілікке заң аясында межеленген жерде өтуі тиістігін, егер ол орындалмаған жағдайда әкімшілік және қылмыстық кодекстің заңнамалары барын ескертіп өтті. Дегенмен жиналған көпшілік талаптары орындалмаса, жұмысқа шықпайтынын мәлімдеді. Бүгінде ауданда апаттық бригада ғана жұмыс жасап тұр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор