- ҚР Еңбек Кодексінің 31-бабында жаңа талап пайда болды. Кәмелетке толмағандар қатысатын білім беру, тәрбиелеу, демалысты ұйымдастыру және сауықтыру, дене тәрбиесі және спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер саласында еңбек шартын жасасқан кезде соттылығының бар не жоқ екендігі туралы анықтама ұсынуы қажет. Бұл талап тек жаңа қызметкерлерге ғана қолданыла ма, әлде еңбек келісімшарты жасалғандар да осындай анықтама ұсынуы тиіс пе?
Телефон арқылы
Сұраққа Атырау облыстық бас мемлекеттік еңбек инспекторы Салават ИШАЙ жауап береді:
- ҚР Еңбек Кодексінің 26-бабының 3-тармағына сәйкес, кәмелетке толмағандар қатысатын білім беру, тәрбиелеу, демалысты ұйымдастыру және сауықтыру, дене тәрбиесі және спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер саласындағы еңбек қызметіне кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыс жасағаны: кісі өлтіргені, денсаулығына қасақана зиян келтіргені, жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасағаны үшін соттылығы бар немесе соттылығы болған адамдар жіберілмейді. Тиісінше, соттылығының бар не жоқ екендігі туралы анықтама ұсыну туралы талап аталмыш салада жұмыс істейтін барлық қызметкерлерге қолданылады. Белгілі бір тұлғалардың соттылығы бар болған жағдайда, олар ҚР Еңбек Кодексінің 54-бабының 2-тармағына сәйкес, жұмыстан босатылуға тиіс.