Бүгін, 11 наурызда Қазақ Ұлттық деректер орталығының (ҚҰДО) сайтында (http://www.kndc.kz) Каспий теңізінде 4,4 магнитудалы жер сілкінісі болғандығы туралы ақпарат пайда болды.
ҚҰДО ҚР Ұлттық ядролық орталығының Геофизикалық зерттеу институтының бөлімшесі боп табылады. Осыдан тура екі жыл бұрын мен осы мәселені қолға алған болатынмын («Теңіз: жер қыртысы жылына бес сантиметрге көтеріледі» жарияланымын қараңыз). Сол кезде ҚҰДО-ның Алматыдағы сеймология институтымен салыстырғанда техникалық тұрғыда жақсы жарақталғаны анықталған еді.
Жер сілкінісі үстіміздегі жылдың 10 наурызында Астана уақытымен 16 сағат 41 минутта Каспий теңізінің аумағында Ақтау қаласынан оңтүстікке қарай 334 шақырым жерде орын алған. Магнитудасы mb=4,4. Энергетикалық санаты K=10,4.
Ұлттық орталық жетекшісі Наталья МИХАЙЛОВАМЕН телефон арқылы сөйлескенімде, ол мұның Түркіменстаннан Кавказға дейін созылатын жерасты жоталарында орын алған қатардағы жер сілкінісі екенін атап өтті:
- Мұндай жер сілкіністері осы аймақта айына бірнеше рет болады. Бірақ олардың магнитудалары жағалауға сезілмейді. Ол сезілу үшін олардың магнитудасы 5,5-тен 6-ға дейін құрауы тиіс.
- Бірақ 4,4 балл да аз емес қой?
- Сіз жер сілкінісінің амплитудасымен жиі шатастырылатын магнитуда туралы айтып отырсыз. Амплитуда оның қарқындылығын сипаттайды және баллмен өлшенеді. Ол жер бетіне, адамдарға, жануарларға, сонымен қатар жер сілкінісі маңындағы табиғи және жасанды құрылыстарға әсер ету сипаты мен ауқымын көрсетеді (түсінікті болу үшін өз атымнан қосарым: біздің түсінігімізге үйреншікті жер сілкінісі амплитудасының балл санын бұл жағдайда анықтау мүмкін болмады, өйткені ол теңізде орын алған – Л.С.).
- Атырау тұрғындары үшін Каспийдегі жер сілкінісі мәселесі мұнай игерілетіндіктен де өзекті болып отыр.
- Олар жоғарыда аталған жерасты жоталарынан солтүстікке қарай орналасқан.
- Екі жыл бұрын Теңіздегі жер сілкінісінен кейін сіз кеніш аумағының өзіне сейсмологиялық бақылау жүргізу қажет екендігін айтқан едіңіз. Осы әңгімеден кейін өзгерген нәрсе бар ма?
- Менің білуімше, ТШО-ның өз стансасы бар, бірақ біз олардың деректерін алмаймыз. Бұл мәселе әлденеше рет көтерілді, соның ішінде Сейсмология институты да көтерді. Бірақ бұл мәселе ақыры шешілген жоқ.
Ал Атыраудағы ең танымал ғалым – ҚР ҒА академигі Мұфтах ДИАРОВ әлденеше рет растағандай, Орта Каспий акваториясы сейсмикалық аудандастыру сызбасы бойынша 7 баллға дейінгі магнитудалы ықтимал жер сілкінісі аймағына жатады. Орта Каспиймен шекаралас жатқан Оңтүстік Каспий белсенді тектоникалық жарылу аймағы боп табылады. Бұл жерде тұрақты түрде Солтүстік Каспийге дейін жететін магнитудасы 1-2 баллды, кейде 4 баллды жаңғырығы бар түрлі магнитудалы жер сілкінісі болып тұрады.
- Осылайша Каспий теңізінің мұнайы күшті табиғи геодинамикалық және техногендік факторлар өзара әрекеттескен жағдайда игерілетін болады. Жер сілкінісінің туындау қаупі едәуір, - деп болжайды Диаров.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА