Атырау, 13 қазан 06:58
 ашықВ Атырау +9
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Жатақхана тұрғындары әкімдік алдына шықты

2 091 просмотра

5 наурыз күні күндіз сағат екіге жақын № 8 Огородный көшесінде орналасқан жатақхананың бір топ тұрғындары облыс әкімдігінің алдына жайлы баспана беруін талап етіп наразылыққа шықты.  

«Апатты жағдайда тұрған жатақхананың құлап, астында қалуын күтеміз бе?», «Бізге сабаққа дайындалатын бөлек бөлме керек!» деген жазулары бар тағы басқа плакаттарды кішкентай балалар ұстап тұрды.

Біз акцияға қатысқандардың бірді-екілісімен сөйлесіп көрдік.

Гүлсая ТӨРЕБАЕВА, жатақхана тұрғыны:

- Екі қатарлы жатақхананың ғимараты апатты жағдайда тұр. Және онда тұру мүмкін емес. Біздің балаларымыз сыз тартқан бөлмеде отырғасын жиі ауырады. Бұрын бізде ПИК болатын, қазір атымен жоқ. ПИК-ті қайтадан құрған күннің өзінде де жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүлдем келмейді.

Ләйла Мырзағалиева, жатақхана тұрғыны:

- Аядайбөлмеде 5 адам тұрады деген масқара ғой. Былтыр 4 адам туберкулезбен ауырып, қайтыс болды. Жап-жас өрімдей қыз бала да бар арасында.

Әлішер, 8 жаста, Ләйланың ұлы:

- Үйдің ішінде сабақ оқи алмаймын. Сыз  тартадыСу да жоқ, жарық жөнді тартпайды.

«АЖ» анықтамасы: «Ғимараттар мен имараттардың жағдайын техникалық қадағалау ережелеріне» (ҚР ҚБҚ 1.04-15-2004) сәйкес, «жұмысқа қабілетсіздік күйі (апаттық)  деп -құрылымның көтергіштік қабілетті жоғалтқандығын, шара қолданбағанда бұзылуға соқтыратынын білдіретін ақаулары мен бүлінулері бар техникалық күйі аталады. Ескі жай-күйі деп- құрылым, «негізі (тұтастай ғимарат) берілген пайдалану-талаптарын қанағаттандырмай қоятын жай- күй аталады. Техникалық күйін бағалау 60-80 % шектерде физикалық тозуға сәйкес келеді».

Плакат ұстаған бүлдіршіндер мен олардың аналары 1 сағат уақытқа жуық облыс әкімдігің алдында тұрды.

Ал олардың қасына жақындап келген қала прокурорының орынбасары Руслан АБИРОВ оларға бұл ереуілдің заңсыз екенін, алдын ала ол жерге жиналмас бұрын кезекке тұрып жазылу керектігін түсіндірді.

Сонымен облыс әкімдігіне жиналған тұрғындарды қалалық прокуратура қалалық әкімдікке жіберген. Кішкентай шараналары мен бүлдіршідерін жетектеген аналар қалалық әкімдіктен Ә. Нұрлығожиевтің жоғарыдағы жауабын естіп ізінше кері облыс әкімдігіне қайтты.  Ал облыс әкімдігінің алдын ала өтініштерді қабылдау бөлімінің мамандары тұрғындарды әкімнің қабылдауына тіркеді.

Келесі күні облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі «АЖ»-ға жазбаша комментарий берді:

«32 пәтерлік (шамамен 150 кісілік) жатақхана 1950 жылы салынған. Бүгінгі күні ол апатты деп танылмаған, бірақ тозығы жеткен тұрғын үй боп саналады. Санитарлық нормаларға сай келмейді. Қалалық ТКШ бөлімі бұрынғы ведомоствалық жатақхана тұрғындарына жаңғырту бағдарламасы бойынша (ғимаратты күрделі жөндеуге) алдағы уақытта қаржылар бөлу үшін кондоминиум, ПИК құруды әлденеше рет ұсынған. Алайда бірнеше жыл бойынша баспананы жекешелендірген тұрғындар ПИК құрғылары келмей отыр. Атырау қаласы бойынша ПИК құрмаған 17 жатақхана бар. Олар қараусыз үйлер боп саналады. Тұрғын ғимаратты ұстау мен жөндеу жұмыстары тұрғындардың өздерінің есебінен жүзеге асырылуы тиіс. 2000 жылдан бастап қала бойынша ең алдымен апатты үйлер күрелуде, содан кейін тозығы жеткен үйлердің кезегі. Пәтерлер жаңа үйлердің салынуына қарай беріледі».

Айтолқын ҚҰЛШАРОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

7 наурыз 2013, 17:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.