Атырау, 28 желтоқсан 18:37
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Мұнай сарқылғанда не істейміз?

1 821 просмотра

Атырауда «First Bolashaq Energy Forum» өтіп, онда елдегі энергияға көшу (яғни, жаңа энергия көздеріне көшу) перспективалары, жаңартылатын энергия көздерін енгізу және олардың аймақ инфрақұрылымын дамытудағы рөлі талқыланды.

Форумға Қазақстанның энергетика және құрылыс секторларының ірі компаниялары, салалық ұйымдарда негізгі қызметтерді атқаратын «Болашақ» бағдарламасының түлектері, Атырау облысы әкімдігінің өкілдері, профессорлар, зерттеушілер мен студенттер қатысты.

ҚР Энергетика министрлігі «Мұнай және газ ақпараттық-талдау орталығы» АҚ бас директоры Мұхтар МАНКЕЕВТІҢ айтуынша, бүгінде еліміздің энергетика саласындағы өзекті мәселелер: баламалы энергия көздеріне көшу, көршілес елдерге тәуелділік, оның ішінде, КҚК-не қатысты жағдай; көмірсутектер экспортын әртараптандырудың болмауы; елде электр энергиясының жетіспеушілігі; нысандардың 65-80%-ға тозуы; кейбір аймақтарда газ жүйесінің мүлдем жоқтығы болып табылады.

– Бүгін біз геосаяси жағдайлардың энергетикаға қалай әсер ететінін көріп отырмыз. Күн сайын біздің саламыз, тұтастай алғанда энергетика саласы бұрын бізге жаһандық болып көрінген, бірақ біртіндеп деңгейімізге түсіп бара жатқан қиындықтармен бетпе-бет келеді. Бұрын бұл сынақтар елімізді айналып өтеді деп ойласақ, бүгінде біз оларға қарсы тұру үшін күн сайын жұмыс істеп жатырмыз. Көмірсутек шикізатымызды тасымалдау - өзекті мәселе. Соңғы 2-3 айда біз шикізатты сыртқы нарыққа жеткізуді әртараптандыру мәселесімен бірнеше рет бетпе-бет келдік, әр жолы қиындыққа тап болдық. Бұл бірінші кезекте жүйелі тәсіл керек екенін көрсетеді. Қазақстанның мұнайлы астанасында болғандықтан баламалы қуат көздері туралы айту қиындау. Бірақ айтайын. Бүгінде «Shell», «ENI» ірі мұнай компаниялары да баламалы көздер нарығына инвестиция салып, жұмыс істеу керектігін өз мысалымен көрсетуде, – деді М.Манкеев.

Қазақстанның экспорттық бағыттарының 80%-дан астамы КҚК арқылы, яғни Ресей арқылы өтеді. Манкеевтің пікірінше, бұл экономикалық тұрғыдан негізделген – Қазақстан үшін шикізат тасымалдайтын жаңа жол салу немесе басқа құбырларға жөнелтуден гөрі, осы құбыр арқылы жөнелту әлдеқайда тиімді. Бірақ көлік нарығының басқа қатысушылары, мысалы, «Қазтрансойл» өз мүмкіндікгін кеңейту үшін жаңа жобаларды қолға алды, ал бұл өте маңызды. Бүгінде Қашаған 45 күнге шартты түрде тоқтап қалды. ЖАЖ (жоспарлы алдын ала жөндеу жұмыстары) ертерек аяқталуы мүмкін. Бірақ ірі мұнай өндірушілердің бірінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанда, Энергетика министрлігі жаңа маршрутқа дайындалуы керек.

Бүгінгі таңда Қазақстанда қиындық ретінде қабылданатын тағы бір үлкен блок – электр қуатының тапшылығы.

– Бізде энергия әдетте көмір қуаттарына негізделген. ГЭС, жаңартылатын энергияның шағын көздері бар, бірақ біз болашақта қалай әртараптандырамыз? Міне, бүгінде біз осымен жұмыс істеуіміз керек, - дейді Мұхтар Манкеев.

ҚЫТАЙДАН КЕҢЕС

«KPI Inc.» ЖШС басқарма төрағасы Данияр ТИЕСОВ KPI зауытының іске қосылуы Қазақстанның мұнайхимия саласына қалай әсер ететінін айтып берді. Жылына 500 мың тонна полипропилен өндіру - Өзбекстандағы, Тәжікстандағы және Түркіменстандағы барлық зауытты біріктірсе де біздің бір зауыттан олардан көп өнім өндірілетінін білдіреді. Кеңірек айтқанда, KPI зауыты бүкіл әлемдегі полипропилен өндірісінің 1 пайызын өндіреді. Экологиялық тазалыққа келетін болсақ, оның айтуынша, технологияның өзі қауіпсіз. Екінші аспект – өндіріске қатысатын ресурстар – су, қалдық. Бұл Қазақстан мен Орталық Азиядағы ағын суларды булану кен орындарына жіберуді көздемейтін алғашқы жоба. KPI судың 83 пайызын процеске қайтаруды жоспарлап отыр. Бұл процестің экологиялық тазалығын көрсететін бірегей көрсеткіш.

– Әдетте өндірушілер туралы ғана айтылады. Бізде қанша электр қуаты өндірілетінін қарайды, бірақ оның тұтынушыға қаншасы жететінін де қарастыру керек. Біздегі магистралды желі мен жергілікті желідегі шығындарды да. Олар өте көп. Осы мәселемен айналысатын болсақ, қосымша генерациясыз жақсы нәтижеге қол жеткізе аламыз, - деді Д.Тиесов.

Қазіргі уақытта Қытайда өндірілетін және пайдаланылатын энергияның 25 пайзы жаңартылатын энергия көздерінен келеді. Қазақстанмен салыстырғанда бұл өте үлкен көрсеткіш, өйткені біздің ел алдағы 10 жылда тек 10-15 пайызға жетуді жоспарлап отыр. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Вэй ЮЙСЯННЫҢ айтуынша, Қытай әлемдегі ең ірі дамушы мемлекет, тиісінше, парник газы шығарындыларының ең үлкен көзі. Осыған байланысты Қытай үкіметі 2060 жылға қарай көміртекті-бейтарап ел мәртебесіне қол жеткізуді мақсат етіп қойды. Қытай экономикасының дамуына үлкен қуат көздері қажет, сондықтан ел үкіметі энергияға біртіндеп көшу үшін байыпты шаралар қабылдауда.

– Қазақстанның «жасыл» экономика мен жаңартылатын қуат көздерін дамытуда әлеуеті зор. Өйткені соңғы зерттеулер елімізде жылына 2-3 мың сағат күн сәулесі түсетінін көрсетті. Өз тарапымыздан Қазақстанға қазба отындарын жағу процесінде пайда болатын парниктік газ шығарындыларының мөлшерін азайтуға бағытталған саясатты жүргізуді ұсынғымыз келеді, – дейді Вэй Юйсян.

«Ғылым қоры» АҚ тәуелсіз директоры Арын ОРСАРИЕВ атап өткендей, энергияға көшу тақырыбы қазір бүкіл әлемде өте маңызды. Бір күні көмірсутектер таусылады, ал адамзат энергия мен экономиканы басқа нәрсемен қамтамасыз ету қажеттілігіне тап болады. Ал мұны Атырауда жасау маңызды. Сондықтан «Болашақ» қауымдастығы осы бағытта қадам жасап жатқан түрлі сала мамандарын жинауды жөн көрді.

– Бүгін біз жергілікті зерттеушілердің, атап айтқанда Есенғали ГЕЛАЖЕВ пен оның командасының өнертабыстарын талқыладық. Олар мұнай шламынан жол құрылысына пайдалануға болатын тұтқыр құрылыс материалдарын жасап шығарды. Мұндағы барлық жаңалықтар Қазақстан үшін, оның болашағы үшін жұмыс істеуі маңызды. Мұнай таусылып, кейбір аймақтарда оның қоры сарқылған кезде басқа бағытқа көшу керек болады. Ал мұны қазір талқылау керек, – деді А.Орсариев.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

28 маусым 2022, 17:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.