Эндокринологтарды облысымызда қант диабетімен ауыратын науқастар санының жылдан-жылға көбейе түсуі алаңдатып отыр.
Қант диабетімен ауыратындардың 2 типі бар. Соның 2-ші типімен ауыратындар - инсулинге тәуелді болып келетіндер. Ал қалада инсулин тапшы. Оны № 4 қалалық емхана дәрігерлері де растап отыр.
Емхана эндокринологы Гүлшат ТАЖАЯКОВА:
- Науқастар инсулинді шамадан тыс, көп мөлшерде сұрайды. 1 құтыдағы 1000 бірлік 1 айға жетуі тиіс. Ал олар 3-4 құтысын бірден сұрайды. Шприцтердің сапасыздығы тағы бар. Егу кезінде дәрі артығымен далаға кетеді. Ол үшін шприц-қалам, шприц инъекторы керек. Олар инсулинді үнемдеуге пайдалы. Алайда аз келеді. Ал помпалар (инсулиннің аздаған мөлшерін енгізетін, өлшемі көптеген ұялы телефондардан аз құрылғы) балаларға ғана келді. Олар помпаны үнемі киіп жүреді. 1 помпаның құны 600 мың теңгені құрайды.
Инсулиндер республикалық бюджеттен, ал таблеткалар жергілікті бюджеттен науқастар үшін тегін бөлінеді. Бірақ, тығырыққа тірелген кей науқастар уақыт оздырмай өз қалталарынан да сатып алады екен.
- Дәл қазірдің өзінде инсулин сақтағыш мұздатқыштар бос тұр. Дәрі-дәрмектің жетіспеушілігін басқа емханалардан алып толтырамыз. Оларға да жетіспей жатса, береміз. 1 науқастың өзіне 1 айға инсулиннің 3 қорабы, ал 1 жылға 36 қорабы керек. Оның үстіне қант мөлшерін өлшейтін құрылғы, тағы басқасын есептей беріңіз, - дейді Г. Тажаякова.
Жанар ТӨЛЕГЕНОВА (суретте оң жақта), 37 жаста:
- Қысқа мерзімдегі инсулиндер 3-4 сағатқа көмектеседі, яғни үш мезгіл саламыз. Ал ұзақ мерзімдегісін кешкі уақытта қолдансақ, таңертеңгі сағат 10-ға дейін көмектесіп, қантымыздың мөлшерін ұстап тұрады. Қала бойынша инсулин табылмай, қандағы қант мөлшері 32-ге дейін көтерілген кез болды.
Ал эндокринолог Г. Тажаякова қант диабеті ауруының жиілеуін былай деп түсіндіреді:
- Майлы тамақты көп мөлшерде жемеу қажет екенін біле тұра адамдар бұған аса мән бермейді. Артық салмақ қосушылар көп. Көбі жаяу жүруге ерінеді. Жақын жерлерге де көлікпен құстай ұшады.
Айта кетейік, №4 қалалық емхананың өзінде биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап тізімде қант диабетімен ауыратын 476 адам тұр екен. Олардың 22-сіне тұқым қуалау арқылы тараса, 454-і бұл ауруға диета сақтамау арқылы шалдыққан.
Айтолқын ҚҰЛШАРОВА
Суреттерді түсірген автор