Атырау, 11 қараша 03:09
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +4
$ 491.71
€ 529.97
₽ 5.05

Сарматтардың ізі Атырауда жатыр

2 396 просмотра

Атырау мемлекеттік университетінің жанынан бір жыл бұрын ашылған археологиялық ғылыми зерттеу орталығы спутниктік навигация жүйесінің көмегімен 313 тарихи нысанды картаға түсіріп, Құрманғазы және Исатай аудандарының тарихи-мәдени ескерткіштерінің 86 нысаны енгізілген жинақ шығарған.

- Бір жыл ішінде тарихи жаңалық аштық деп айта алмаймыз. Былтыр мамыр, маусым айларында Ақтөбе-Лаэти ескерткішінің маңынан университет студенттерінің археологиялық тәжірибесін өткіздік. Бұл жер ашық-шашық жатыр, қоршауы жоқ. Мал тапап тастаған. Ал ол тарихи нысан болғандықтан жер телімдері пайдалануға берілмеуі керек еді, - дейді Орталық директоры Әния ЕРМАҒАМБЕТОВА. – Облыста туризмді дамытамыз дейміз, бірақ, бұл қазір мүмкін емес. Шыны керек, шеттен келген қонақтарды қайда апарарымызды білмейміз. Сарайшығымыздың түрі анау. Қаладан 5 шақырым қашықтықтағы Ақтөбе-Лаэтиді көрсетейін десек, түгі де жоқ. Қолда бар нәрсемізді сақтай алмай отырмыз.

Сармат тарихының Атырау өңірінде  ашылмаған тұстарын зерттеуді әлі де жалғастыру үшін университеттіңтарихшы-ғалымдары Франция, Түркия, Германия, Венгрия елінің ғалымдарымен ғылыми байланыс орнатқан. 

- Сарматтар кезеңін немістер жақсы зерттегісі келеді. Себебі, сарматтар Иран өкілдігі болған. Ал германиялықтар өз тарихын ирандықтармен байланыстырады, - дейді ғалым.

Ең қызығы, Атыраудағы тарихи ескерткіштерді өзге өңірдің ғалымдары да зерттеп жүр.

- Батыс Қазақстанда, соның ішінде Атырау өңірінде археология - ең кенже қалған ғылым саласы. Ақтөбеден  археологтар біздің аумағымыздағы Қайнар ескерткішін зерттеуге келген. Бесшоқы деген үңгірлі жер бар Құрманғазы ауданында. Оны да Астраханнан Голобочев деген ғалым зерттеген. Өзі аспирант болуы керек. Сонда біз қайда жүрміз? Біздің сыртымыздан келіп әлдекімдер зерттейді. Ал біз болсақ отырамыз. Үлкен жиындарда естіп, санымызды бір-ақ соғамыз: «Әнебір жерде алтын табылыпты, бірақ сатылып кетіпті» деген сияқты. Сонда біздің мәдениетіміз өзгелердің уысында кетіп жатыр. Шын мәнінде, Құрманғазы ауданында ескерткіштер саны 80 емес, 800 болуы керек.

Ғалымның айтуынша, Азғыр аймағындағы полигон астынан сармат кезеңінің ескерткіштері шығуы мүмкін. Ғалым бұл мүмкіндікке де шығар жолдың табылмай жатқандығын алға тартты.

- Сармат кезеңінің феноменін тауып шығарғым келеді. Ұлы Отан соғысы кезінде бүкіл орталық Азиядан үш қыз (Ақтөбе, Орал, Атыраудан.  – А.Қ.) шыққаны есіңде болар.

- Есімде.

- Сен атыраулықсың ба?

 – Иә. 

- Атыраулық қыздардың қанында сармат тайпасының белгілері (сармат қыздары жауынгер болғаны белгілі) жатыр деп ойлаймын. Ал сарматтар тарихы әлі де толық зерттеліп біткен жоқ. Мен мұны басты міндетімнің қатарына әлдеқашан қойғанмын.

Айтолқын ҚҰЛШАРОВА

Суретті түсірген автор               

7 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.