Атырау, 23 қараша 19:21
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сазды әуеннің сырын шерткен

2 266 просмотра

Наташа ЦОЙ (суретте)– ым-ишара әндерін орындаушы. Оның репертуарында «Не плачь», «Весна», «Зимний сон», «Обоженная душа», «Маленькая страна», «Иногда» секілді 25-ке жуық ән бар. 

Мұнда Атырауда ол тігінші болып қызмет атқарады. Наташа алғаш рет сахнаға 1992 жылы Қарағанды қаласында өткен ым-ишара әндерінің республикалық конкурсында шыққан болатын. Наташаның туғанынан құлағы естімейді әрі сөйлей алмайды. Бұл оның ата-анасынан тұқымқуалаушылықпен келген. Сонда ым-ишара әні деген не? Әрине, оны ым-ишара тілін ұғатындар үшін орындайды. Құлағы еститін адамдар бұл тілді ымдау, пантомима ретінде қабылдайды. Ал шындығында бұл - сөздің мағынасы мен мәнін жеткізетін тіл. Сондықтан, орындаушы ең алдымен «тыңдармандарға» әннің мәтінін жеткізеді. Және тек қана оны емес. Қозғалыс ырғақтарымен бірге олар пластиканың, экспрессияның ерекшелігімен, сондай-ақ, бар тұла бойының қимылы арқылы туғанынан естімейтін, сөйлей алмайтын адамдарға сол музыканы жеткізеді. Мұны сөзбен жеткізу қиын. Бірақ, интернеттен ым-ишара әндері фестивалі түсірілген бейнежазбаны тамашаласаңыз жеткілікті. Бұл бізге түсініксіз болса да өте әдемі, өзге әлемдегі әуен секілді.

Оның әке-шешесі де, ата-әжесі де сондай болған. Наташамен бірге туған 1 ағасы және 5 сіңлісі бар, өкінішке орай, бәрі де Наташа секілді сөйлей алмайды.

Наташамен әңгімелесу саңыраулар қоғамының төрайымы, сурдоаудармашы Замила АХМЕТОВАНЫҢ көмегімен мүмкін болды. Биыл 40 жасқа толатын біздің кейіпкеріміз Астрахан қаласындағы арнайы мектеп-интернатта оқыған. Ұялы телефоны үнемі жан қалтасында жүреді. Ол өзгелермен хабарлама жолдау арқылы байланыста отырады екен. Ал сөйлескісі келген жанмен қағаз, қалам арқылы қатынас орнатайын десе, кейбіреулердің ондайға ерініп, бастарын ала қашатындары да бар екенін жасырмады Наташа.

- Қоғамдық орындарда, емханаларда немесе ХҚКО-да адамдардың өзгеше көзқараспен қарайтын кездері болады.  Кейде тіпті саусақпен көрсетіп, көздерімен шығарып салатындар да кездеседі, олардың сондай қатыгездіктерінен, сыйластықтан жұрдай екендіктерінен шаршаймын, - дейді Наташа. Алайда, ол адамдардың барлығын мейірімсіз, қатал деуден аулақ.

Наташаның саңыраулар қоғамындағы өзіндік орны бар. Замила апайдың айтуынша, мәдени шаралардан өзге кездесіп жатқан қиындықтар, шешілмей жатқан мәселелер болса, ол өз көмегін ешқашан аянып қалған емес. Өзгелерге көмектесіп, мейірімімен бөлісіп, ақылын үнемі айтып отырады.

Саңыраулар қоғамындағы, жалпы барлық құлағы естімейтін, сөйлей алмайтын адамдардың барлығымен доспын. Әр мереке сайын, демалыс сайын бір-бірімізді құттықтап, дастархан жайып, қонаққа шақырып, араласып тұрамыз, - дейді Наташа. Мерекеңмен, Наташа!

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

7 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.