Атырау, 25 сәуір 05:32
 ашықВ Атырау +20
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

«Атыраудың ауасы күкіртсутекпен ластанған». Ал біз оны білмейтін едік!

1 430 просмотра

Атырау облысы бойынша экология департаменті «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру жүргізді. Бұл туралы Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Сырым ТІЛЕГЕНОВ мәлімдеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, 27 сәуір мен 26 мамыр аралығында жүргізілген тексеру барысында химиялық талдау жүргізу мақсатында «AМӨЗ» ЖШС стационарлық көздерінен, өнеркәсіптік шығарындылардан, сондай-ақ Сасықсай булану алаңына ағызылған сарқынды су сынамалары алынды.

– Тексеру қорытындысы бойынша «АМӨЗ» ЖШС-нің ЖЭО-да орналасқан №3 қазандықтан көмірқышқыл газының және №4 қазандықтан азот оксиді мен азот диоксидінің шекті рұқсат етілген шығарындыларынан асып кету фактісі анықталды. Сондай-ақ зауыт аумағында орналасқан газ тарату шкафтарының шамдарынан табиғи газдың шыққаны белгілі болды. Бүгінде жоғарыда аталған фактілер бойынша «AМӨЗ» ЖШС-не қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 328-бабы («Қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу») бойынша әкімшілік іс қозғалды, - дейді С.Тілегенов.

Оның айтуынша, «AМӨЗ» ЖШС-нің санитариялық-қорғау аймағының шығыс бөлігінде атмосфералық ауа сынамалары алынып, көмірсутектер бойынша ШРК-ның асып кетуі анықталған. Заңда көзделген шараларды қолдану үшін облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хат жолданды.

Ал облыстық СЭС-тің тағы бір орынбасары Әлия БЕКЕШОВА бекітілген кесте бойынша қала ішіндегі және өндірістік аймақтардағы ауа сынамаларын өлшеу түнгі уақытта тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалы Атырау қаласының 2022 жылғы атмосфералық ауа сапасына жүргізілген мониторинг нәтижесін хабарлады. Жыл басынан бері NCOC күкіртті сутегі бойынша ауа сапасын бақылау стансасының мәліметі бойынша №109 Шығыс (1 жағдай), №102 Самал (17). №117 Қарабатан (10), №114 Загородная (4) бекеттері маңында жоғары ластанудың 32 жағдайы тіркелген.

Бақылау стансаларының мәліметінше, Атырау ауасы күкіртсутегімен ластанған. Күкіртсутегі бойынша ШРК-ның асуы мемлекеттік бақылау желісінде де, АМӨЗ, Теңізшевройл және NCOC станцияларында да тұрақты түрде байқалады.

Айнұр САПАРОВА

20 маусым 2022, 11:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.