«Бекіре» жобасы қолдау тапты.Мемлекеттік «жілікті» үлестіру механизміне белсенді қызығушылық таныту қалалықтардың ойына кіріп те шықпаған шығар. Алайда мемлекеттік бағдарламалардың қаражаттары кез келген бизнесті, тіпті жоқ болса да, алғашқы кездерінде қаржылай қамтамасыз етуге қабілетті - тек оның жаңашылдығын дәлелдесең болды. Облыстық әкімдікте өткен аптада болған үйлестіру кеңесінің өңірлік комиссиясының (ҮКӨК) соңғы отырысында осы мәселелер қаралды.
БЕЙМӘЛІМ «ЖАҢАШЫЛДЫҚ»
Жаңашылдықты айыру қиындық тудырып тұр. Жаңашыл-сұраушылар да, сондай-ақ ешқандай нақты критерийлерсіз жобалардың жаңашылдығын анықтауға мәжбүр болып отырған комиссия да әбден қиналды. ҮКӨК мүшелері мойындағандай, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жаңа бизнес жоспарларды жүзеге асыру үшін гранттар алу талаптарында «жаңашыл», «инновациялық» болу керек дегеннен басқа нақты талап жоқ. Міне, осылайша бірнеше отырыс бойы байғұстардың басы қатуда: жеке диетологиялық кабинетке жаңа жабдықтарды сатып алу – бұл жаңашылдық па, жоқ па? «Изимова» ЖК-ның иесі, «Ренессанс» қонақ үй кешенінің диетологы семіруден зардап шегіп отырған атыраулықтардың денсаулығына шын жаны ашып, құны 2,5 миллион теңге тұратын аппараттың көрсеткіштері негізінде ақылы диета ұсынбақшы. Тек бір ғана талабы бар – егер нөлдік мөлшерлемемен грант берсе болды. Оның айтуынша, аппарат арықтаушы адамдағы май мен бұлшық ет қарым-қатынасын анықтайды және облысқа өте қажет. Ресейде бұл аппаратты қолдану кең көлемде қолға алынған. «Ал біздегідей көзқараспен (ҮКӨК мүшелерінің ішіндегі күдікпен қараушылар туралы айтып отыр) Атырауда бұл 15 жылдан кейін де инновация болады», - деп өкінішін білдірді кәсіпкер әйел.
Алада, кейбіреулерді, әсіресеоблыс әкімі аппараты басшысының құқықтық қамтамасыз ету және кадрлар мәселелері жөніндегі орынбасары Марат МУРЗИЕВТІ ол сендіре алмады. Оның жобасын қай қырынан қараса да, ертең пайызсыз гранттар үшін есеп берерде оның жаңашыл екенін дәлелдей аламыз ба, жоқ па деп, бір шешімге келе алмады. Изимованың қайтпастығына риза болуға болады: оған мәселені шешімін табу үшін 3 миллионға несие ресімдеп, тәуекелдерді «Атырау» ӘКК ҰК» АҚ-мен (корпорацияның басшысы Абат ТАСИМОВТЫҢ өзі жобаны тікелей қолдады) бөлісуді ұсынды, алайда ол өз айтқанынан қайтпады. Облыс әкімі орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ: - жобаның «жаңашылдығын» қайта негіздеп, келесі кеңеске үшінші рет келсін, - деп шешім шығарды.
ҮКӨК мүшелерінде нені жаңашыл деп табу керектігі жөнінде нақты анықтама жоқ, мәселен: облыс үшін жаңа аппаратты тар шеңбердегі маманға жеке коммерциялық пайда әкелетін табыс көзі ретінде ме немесе көптеген адамдардың белгілі бір өмір саласын сапалы өзгертуге мүмкіндік беретін әдістеме, технология ретінде тану керек пе? Өзімнің жеке субъективті пікірімше, нарықта сұранысы бар (өзін өзі ақтай алатын) қызметтер көрсететін кәсіпкердің кіріс құралдарын сатып алу шығындарын неге мемлекет өтеуі керек?
Ақылды адамдардың есіне тағы да бір салып қойғымыз келеді: сіздер қайтарымсыз оңай ақша таба аласыздар, тек «идеялар» тусаңыз болды. Бұл не қылған батпан құйрық?
- Жобаның индустриалды-инновациялық құрамы Қазақстан Республикасының «Индустриалды-инновациялық қызметтерді мемлекеттік қолдау туралы» заңына сәйкес анықталады. Мәселен, осы Заңның 1-бабына сәйкес, индустриалды-инновациялық жоба – бұл белгілі уақыт ішінде жүзеге асырылатын технологиялар трансфертіне, жаңа немесе жетілдірілген өндіріс, тауарлар, жұмыстар мен қызметтер жасауға бағытталған кешенді шаралар, - деп түсіндірді Тасимов.
«БАРЛЫҒЫМЫЗ - ҚАЗАҚСТАНДЫҚПЫЗ»
Кеңес отырыстарында жиі көтерілетін тағы бір мәселе – бұл өтініш беруші компаниялардың мекенжайлары бойынша тіркелімі. Көбіне олар Алматы және басқа да облыстарда тіркелген. ҮКӨК мүшелері бұл жөнінде наразылықтарын білдірсе де, Кеңестің басшысы әкім орынбасары Дүйсембаев «бәріміз - қазақстандықпыз» деп шорт кесті. Алайда, менің ойымша, бұл жағдайда сеператистік пиғылдар көрсетуге негіздеме баршылық. Индустриалды даму бағдарламасына қаражат республикалық деңгейде тағайындалады және әр облысқа белгілі бір лимит бөлінеді, яғни, мемлекеттің, біздің жағдайымызда - Атырау облысының бизнесіне, жұмыс орындарын ашуға, салық төлемдерін арттыруға бағытталған атаулы көмегі...
МИЛЛИАРДТАРҒА САҚТЫҚПЕН
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша несиені субсидияландыру өтініші бірауыздан мақұлданды: «Азмұханова» ЖК 19 млн теңге несиесінің қалдығын «Еуразиялық банк» 11% мөлшерлемемен («Центркредит» банкінде мөлшерлеме 15 %-ға тең болды) кері қаржыландырады.
«Atakent Produkt Transkom» ЖШС-не келесіде өздері сілтеме жасап отырған ТШО-дан салынатын теміржол жолдары мен тұйықтары бос болмайды деген кепілхат алып келуін ескертті. Әкім орынбасары Дүйсембаев: «Жалпы сомасы 2 млрд теңгеге қаржыландырылатын жоба болашақта керексіз болып қалмай ма?» - деген сауал қойды.
«Стандарт Газ» ЖШС (сығылған газды өткізу) ДКБ-2020 бағдарламасының «Кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін төмендету» үшінші бағыты аясында сығылған газдарды сақтау паркінің құрылысына алған несиелерін қаржыландыруға үмітті. Несие сомасы1,6 млрд теңгені құрайды, ал жұмыс орнының саны – 2. Жоба бойынша көптеген сұрақтар, тіпті Салық департаменті тарапынан наразылықтар туындады (компанияның бас кеңсесі Алматыда тіркелген). Компанияның өкілі салықтың қомақты бөлігі жергілікті бюджетке төленеді деп сендірді. ҮКӨК мүшелері мұны құжат түрінде растауын сұрап, қоштасар алдында Дүйсембаев, ойламаған жерден, келісімге келу үшін «Стандарт Газға» мемлекеттік қолдауға жауап ретінде Құрманғазы ауданын сығылған газбен қамтамасыз етуді ұсынды.
КЕЛІСІЛДІ. ЕНДІ ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚ БАСТАЛАДЫ.
«Индустрияландыру картасы» өзектілігі бойынша барлық өтінімдерге осы күні келісім берілді. Оның аясында «Эко-Техникс» ЖШС (мұнай шламдарын кәдеге жарату), «ЖігерМұнайСервис» ЖШС (телеметрикалық жүйелерді қолдана отырып, көлбеу бұрғылау инновациялық бағдарламасын әзірлеу), «Alan building systems» ЖШС (модульді үй салу фабрикасының құрылысы), «Caspian Royal Fish» ШҚ» ЖК (Атырау қаласында тұйық сумен қамту жүйесінде бекіре тұқымдас тауарлы балықты өсіру және бекіре тағамдық уылдырығын алу бойынша балық-су кешенін жасау) мемлекеттен несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемелерін қаржыландыруды алады.
Қаламызға танымал кәсіпкер Асқар ТАУБАЕВТЫҢ жобасы қызығарлықтай: Томарлы селосынан жыл сайын 100 тонна көлемінде тауарлы балық, 100 мың бірлік бекіре тұқымдас балықтардың шабақтарын және бір тонна уылдырық өндіруді жоспарлап отыр. Қажет инвестициялау сомасы 2,600 млн доллар, жобаның жалпы сомасы – 3,250 млн доллар. Жүзеге асыру мерзімі – 15 ай.
Бұл контексте «SP Euro Salda» ЖШС-тің («Бай кола» шырын зауытының құрылысы) облыс билігіне өтініші «орынсыз» болып шықты. Компания жетпей жатқан инфрақұрылымды жүргізу және әкелетін жабдықтарына салынатын кедендік алымдардан босатумен қатар, облыстық әкімдіктен «кабинеттік» мәселелерді реттеу бойынша үйлестіруші болуын сұрады:
- Бізде мында (отырыс жөнінде) бәрі жақсы, барлығы бізге қолдау көрсетуде, ал есіктен шыққан бойда проблемалар басталады – телефон көтермейсіздер, жолығуға қабылдамайсыздар! – деп ағынан жарылды фирма өкілі. – Ал қалалық әкімдіктегі мораторий әлі бітпеген, зауыт салуға жерді жарты жылдан бері сатып ала алмай жүрміз!
- Қалай біткен жоқ? – деді Дүйсембаев таң қалып және бұл мәселені бақылауға алуға сөз берді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА