Кеңестік дәуірде комбинезон мен каска киген әйелдің мұнаралы кранда жұмыс істеуі үйреншікті жағдай болып көрінетін. Қазіргі заманда Атыраудағы құрылыстың шаң-тозаңында кран басқарған әйелдерді сирек кездестіресің. Мұнаралы кран машинисі Гүлшат ЛЫСИКОВАНЫҢ есімі жергілікті құрылыс саласында жүргендерге таңсық емес.
ҚҰРЫЛЫСТАҒЫ ЖАҒДАЙ
Оны алыстан көрген құрылысшы ер адамдар еріксіз маңыздана қалып, еріксіз жымияды. Енді ше! Өжет, ақкөңіл мінезінен бөлек краншыны мол тәжірибесі үшін де құрмет тұтады. Қырық жылдан астам уақыт ол қаламызда үй салып жүр, оның пікірінше, әйелдер үшін одан артық жұмыс жоқ екен.
Мектепте оқып жүрген кезде балауса қызды сыныптастарымен бірге экскурсияға апарыпты. Бұл басқалар үшін еленбейтін оқиға болғанымен, ол үшін алдағы тағдырына жол ашқан.
- Мен алып краннан каска киген әдемі мығым әйелді көрдім. Ол қолын бұлғап, құрылысшылар тобына бұйрық беріп тұрды, - деп есіне алады Гүлшат. – Содан соң ол бізге күлімсіреп, кран кабинасына кіріп кетті.
Өте биіктікте жұмыс істеп жүрген әйелге қатты тәнті болып, сынып жетекшіме бұрылып: «Мен де осындай болғым келеді! Қалай ол сияқты бола аламын?» дедім.
…Мектепті аяқтаған соң Гүлшат қайда барып оқимын деп бас қатырмады, тек краншы боламын деген ой ғана көкейінде жүрген еді. 101-ші Гурьев кәсіптік техникалық училищенің мұнаралы кран машинисінің дипломын 18 жасында алған ол ә дегеннен құрылыс алаңына дөп түсті. Қалада жаңа Привокзальный ықшам ауданы бой түзеп жатқан болатын.
АСА МАҢЫЗДЫ ТАПСЫРМА
Осы жерде Гүлшат өзінің болашақ жарын кездестірді. Сырбаз мәнерлі алматылық монтаждаушы Федор Лысиков 25 жастағы асау краншы қызды баурап алады. «Федор ағайым менің...» - деп күйеуіне мейірленген ол шашынан еркелетіп сипаса, Федор жауап ретінде сырбаздана қолынан сүйіп, қулана жымиды.
- Менің мамандығым өзім ұнататын биіктікпен ғана емес, әжептәуір қауіп-қатермен де байланысты, - дейді Гүлшат. – Бәрін есептеу керек – салмағын, көлемін, желдің күшін, оның үстіне, мәселен, бетон тақтаны дұрыс қондыру керек. Бұл жұмыс дене жұмысына қарағанда, ақыл-ой жұмысына көбірек келеді деп ойлаймын.
«Марриотты» салу кезінде кабинада отырған Гүлшаттың қатты мазасызданған күндерінің бірі есіне түсті. Сол кезде тікұшақпен 28 қабатты ғимараттың ең ұшар басына үш тонналық жабдықты жеткізуге тиіс болды, оның салмағы мұнаралы кран әзер көтеретіндей еді. Сол күні күшті жел соғып тұрды. Осы желге қарамастан Гүлшатқа мұнаралы кранның жебесін ұстап тұру міндеттелді – тікұшақ өте жақындап келуі тиіс еді. «Осы биіктікке жеткенше, көз алдымда қорқынышты көрініс елестей берді: тікұшақтың қалақтары жебеге жанасып... Гүрс етсе!!! – деді Гүлшат бұл ойдан оңайлықпен арыла алмай. - Бұл тапсырманы маған жүктеді. Өйткені менің орындап шығатынымды білген еді. Сөйтіп олардың үміттерін ақтап шықтым».
Зейнеткерлікке шығатын жасқа келіп қалған кәсіпқой маманға құрметті демалысқа шығу керек деп ешкім де ишара білдірмейді: мұндай маманды қайдан табасың?
ҮЙ ЖЫЛЫЛЫҚҚА ТОЛСА- БАҚЫТ
Олардың шағын ғана, жайлы пәтері тыныштық пен бақытқа бөленген. Сансыз бөлме гүлдері жыл мезгіліне қарамастан өздерінің хош иістерін қожайындарына сыйға тартады.
- Қане, шай ішейік, - деді асүйде қожалық етіп жүрген қызы Катя. – Бүгін таңғы асқа лялька жейміз.
Лялька деген не? Отбасы қамырға оралған сосисканы осылай атайды екен. Қоштасар кезде осы дәмді әріптестерің ауыз тисін деп, бір дорба етіп салып жіберді. Кеткім келмей тұрғанын байқадым: оларда бәрі жылылыққа толы болатын. «Сіз былай да келе беріңіз, - деп күледі олар. – Біздің есігіміз әрдайым ашық. Бізді мысығымыз Снежок күзетеді».
Анастасия ПАСТУХОВА
Суретті түсірген автор