Атырау, 23 сәуір 11:07
 бұлттыВ Атырау +26
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Серік Шәпкенов мәжілісмендерге: Бізде су тапшылығына байланысты үлкен проблема болады

1 471 просмотра

Алдағы 5 жылда Атырау облысында су тапшылығы 40 пайызды құрауы мүмкін. Бұл туралы Мәжілісте өткен парламенттік тыңдауда Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВ мәлімдеді.

Атырау облысындағы негізгі су қоймалары - іргелес Ақтөбе облысынан шығатын Жем, Сағыз, Ойыл өзендері, Ресей Федерациясынан бастау алатын Жайық және Қиғаш өзендері, сондай-ақ жер асты суларының екі кен орны – Құрманғазы ауданындағы Қоянды және Қызылқоғадағы Тайсойған екені белгілі. Біздің өңірдің – облыс орталығы мен 3 аудан халқының 70 пайызы (468 мың тұрғын) ауыз суды Жайықтан алады.

Халықтың тағы 24 пайызы (үш аудан, 162 мың тұрғын) суды Астрахань – Маңғышлақ магистралды су құбырынан алады. Сондай-ақ, ТШО, «KUS» (Karabatan Utility Solutions), «Болашақ» зауыты (NCOC) сияқты ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар, сонымен қатар шаруа қожалықтары осы су құбырын пайдаланады. Атырау облысы халқының қалған 6 пайызы, яғни 38 мың тұрғын суды жер асты көздерінен алады.

Соңғы жылдары ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті бола бастады. Бүгінде тұрғындарды орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 99,6 пайызды, ауылдық жерлерде 83 пайызды құраса да, қазірдің өзінде су тапшылығы қаупі бар.

Атырау қаласы мен Мақат ауданында өткен ғасырдың 30-60-жылдары су тазарту қондырғылары салынса, олар қазір апатты жағдайда. Қазірдің өзінде ауыз су тапшылығы бар, алдағы бес жылда оның тапшылығы 40 пайызға дейін жетуі мүмкін, - деді С.Шәпкенов.

Оның пікірінше, осыған байланысты тағы екі су тазарту станциясын пайдалануға беру жоспарлануда. Астрахань – Маңғышлақ магистралды су құбырының өткізу қабілетін ұлғайту жоспарланғанына қарамастан, есеп алдағы уақытта су тапшылығы болатынын көрсетеді. Тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз ету – бірінші кезектегі мәселе, алайда өңірдің экономикасының негізін құрайтын ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың мәселелерін шешу қажет.

– Сондықтан су құбырының өткізу қабілетін арттыру үшін қайта жаңғыртуды және жоспарланған жөндеу жұмыстарын кейінге қалдырудың қажеті жоқ деп есептеп, қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз, – деді Атырау облысының әкімі мәжілісмендерге.

Оның пікірінше, мәселені шешу үшін Көкжиде тұщы су кен орнының әлеуетін пайдалану керек. С.Шәпкенов Экология министрлігіне кеніш қорын пайдаланудың техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға көмек сұрап жүгінді. Ол сондай-ақ Ресеймен бірлесіп, Ириклинск су қоймасының жұмыс режимін қарастыруды ұсынды. Жыл сайын жаз айларында 200 млн текше метр су ағызылатынын ескере отырып, С.Шәпкенов маусым айында максималды өткізуді - 60%; су тасқыны өткеннен кейін, одан әрі біртіндеп азайта отырып, тиісінше шілде және тамыз айларында 20%-дан жүзеге асыруды ұсынды. Әрі қарай су ресурстарын тазарту және ластану мүмкіндігін болдырмау үшін өзендерді суға батқан ірі заттардан тазарту керек. Бүгінде олардың саны 27-ге жетті - бұл кеме, баржа, сорғы станциялары, понтондар және т.б.

Сонымен қатар, ол Атырау облысында гидрологиялық режимді жақсарту және өзендердің су көлемін арттыру мақсатында тереңдету жұмыстарын жүйелі түрде жүргізетін коммуналдық кәсіпорын құру мәселесін көтерді.

Су тазарту және оны қайта пайдалану бойынша қазіргі уақытта Атырауда қуаты тәулігіне 70 мың текше метр болатын бір кәріздік-тазарту қондырғысы (КТҚ) жұмыс істеп тұр, ал қуаты тәулігіне 31 мың текше метр болатын тағы бір ағынды суларды тазарту қондырғысының құрылысы басталды. Үш ауданда тазарту қондырғылары бар, қалғандарында қуаты орташа модульді  КТҚ орнату жоспарлануда. Бұл кәріздік ағындарды техникалық су жағдайына дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

17 маусым 2022, 17:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.