ҚР парламенті мәжілісінің депутаттары еңбек миграциясы жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат ДОСАЕВТЫҢ мәжілісмендер төрелігіне ұсынған жаңалығы жеке тұлғалардың шетелдік жұмыс күшін жалдауына ғана қатысты болды. Негізгі жайттарды түсіндіруді еңбек миграциясы мәселелері жөніндегі жұмыс тобының басшысы, парламент мәжілісінің депутаты Ольга ПИКАЛЕНКОДАН өтінген едік:
- Жеке тұлғалардың шетелдік жұмыс күшін жалдау мәселесін реттеу қажет екендігі даусыз. Өйткені шетелдіктер бүгінгі күні ресми түрде еңбек нарығына шыға алмайды, ал егер заң жобасы қабылданатын болса, олар заңды түрде жұмыс істей алады. Заң жобасының бірінші оқылымда мақұлдануы, депутаттардың үкіметтің ұсынысымен тұжырымдамалық тұрғыда келісетіндігін білдіреді. Заң жобасында жазылған өзгерістерге сәйкес, қазақстандық жеке тұлғалар жалдайтын шетелдік азаматтарға жұмыс істеуге рұқсат 1 айдан 3 айға дейінгі мерзімге беріледі, оны кейін 1 жылға ұзартуға болады. Бұл жерде әңгіме бізге визасыз келе алатын ел азаматтары туралы болып отыр.
Шетелдік жұмысшы 2 АЕК мөлшерінде жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлем төлеуі тиіс. Бұл рұқсат ресімделетін әр ай сайын - 3462 теңге.
Тағы бір негізгі жайт – жеке тұлғаларға жалдау бойынша жұмыс істеуге рұқсат тек еңбектің екі түріне ғана беріледі: үй шаруашылығындағы жұмыстарды орындауға, сонымен қатар, жеке тұлғалардың жылжымайтын мүліктерін жөндеу бойынша қызмет көрсетуге. Жеке тұлғада бір мезгілде жұмыс істейтін шетелдік жұмысшының саны бестен аспауы тиіс.
- Ал құрылысқа қатысты ше? Өйткені бізге жеке үйлерді гастарбайтерлерден басқа ешкім дерлік салмайды ғой? Неліктен қызметтің осы түрін де енгізбеске? Әйтпесе көші-қон қызметінде айыппұлдар салу үшін тағы да себептер табылады...
- Иә, осы жайттар да көптеген сұрақтар тудырды. Бірақ, қайталап айтамын, бұл тек үкіметтің ұсынысы ғана. Ал заң жобасының бізден қалай шығатыны белгісіз. Оның толыққанды нұсқасы екінші оқылымға дайындық кезінде өңделетін болады. Бәлкім, депутаттар 2 АЕК-ті аз деп есептеп, соманы көбейту жағына қарай өзгертетін шығар. Сонымен қатар еңбек ресурстары артылмас үшін шетелдіктердің келуіне квота бөлетін боламыз. Қалай еткенде де заң жобасы қажет. Өйткені ресми мәліметтер бойынша, жыл сайын бізде 300 000-нан астам заңсыз келушілер жұмыс істейді. Шын мәнінде олардың саны анағұрлым көп. Сондықтан біздің мақсатымыз – оларды ашық көрінетін қылу. Қызмет түрлері бойынша, оларға қайда жұмыс істеуге болады, қай жерде болмайтындығы туралы шектеулерге келетін болсақ, бізді еңбек нарығындағы жағдай алаңдатады. Себебі, біздің өзімізде де жұмыссыздар жеткілікті, сондықтан біз өз нарығымызды осылайша қорғаймыз.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА