Ресей әскері басып кіргелі Украинада кем дегенде 288 бала оққа ұшқан.
Украина бас прокуратурасы 13 маусымда таратқан мәліметке қарағанда, биыл 24 ақпанда Ресей әскері Украинаға басып кіргелі бері кем дегенде 288 бала оққа ұшып, 527 бала жараланған.
Бас прокуратура мұны әзірге қолда бар ақпарат деп санайды, соғыс қимылдары жүріп жатқан аймақтардан толымды ақпарат жинау мүмкін болмаған.
Кейінгі күндері оққа ұшқан балалар арасында Луганск облысына қарасты Лисичанск елдімекенінің 6 жасар сәбиі бар. Ол 12 маусымда Ресей әскері артиллериямен атқылаған кезде өлген. 11 маусымда Ресей әскері Тернополь облысындағы Чертков қаласын атқылағанда 12 жасар қыз зардап шеккен.
Біріккен ұлттар ұйымының адам құқығы жөнгіндегі жоғарғы комиссары басқармасының өткен аптадағы есебіне қарағанда, Ресей әскері басып кіргелі 272 бала, 4 мың 302 бейбіт адам қаза болып, 5217 адам жараланған. Ол кезде Донецк және Луганск облыстарында 2493 адам өліп, 2979 адам жараланғаны хабарланған. Бұл облыстардың Киев бақылап отырған аймақтарында 2339 адам өліп, 2326 адам жараланған.
* * *
Энтони Блинкен: Ресей билігі Украина халқына жасаған жауыздығын өз халқынан жасырғысы келеді.
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен 12 маусым – "Ресей күні" Ресей халқына бейбіт өмір, ашық қоғам тіледі.
"1990 жылдың 12 маусымында Ресейді әлемнен бөліп тұрған кедергілерді алып тастап, Ресей халқының бостандығы мен демократияға барар жолға арналған маңызды қадам жасалды. Ресей халқы қуғын-сүргінсіз өмір сүруге, адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын еш қысымсыз еркін пайдалануға лайықты", – дейді Блинкен.
АҚШ мемлекеттік хатшысы қазір Кремль азаматтық қоғам мен тәуелсіз БАҚ-тарға қысым көрсетіп, қуғын-сүргінді күшейтіп отырғанын айтты.
"Билікке шындықты айтқаны үшін "қылмыскер" болып, қамауда отырған Ресей азаматтары өте көп" деді ол.
Блинкеннің пікірінше, Кремль өзіне еш қауіп төндірмеген көршілес егемен елге қарсы ақтауға болмайтын соғыс жүргізіп, өз азаматтарын саяси қуғын-сүргінге салып отыр. "Ресей үкіметі Украина халқына жасап отырған жауыздығын өз халқынан жасырғысы келеді", – дейді үндеуде.
"Соғыс Кремльді халықаралық қауымдастықтан оқшауландырып, Ресей азаматтарын болашақта өз көршілерімен тату өмір сүру мүмкіндігінен айырды" дейді мемлекеттік хатшы. Ол оқшаулауды Ресей басшылығы шешімдерінің нәтижесі деп атады. Блинкен сөзінше, "Ресей азаматтары әлі де бостандық пен жақсы өмірге ұмтылып отыр, алайда оған да үлкен тәуекел керек".
"Ресей күні" Еуропаның бірнеше елінің астаналарында соғысқа қарсы акциялармен есте қалды. Акцияларды негізінен Ресей эмигранттары ұйымдастырды. Лондон, Варшава, Берлин, Хельсинки, Париж, Прага, Вена, Тбилиси және Ереванда өткен акцияларға жүзден бес жүзге дейін адам қатысқан.
Лондон көшесіндегі шеруге Ресей эмигранттарымен қатар Украина босқындары мен жергілікті тұрғындар шыққан, олар "Ресейге азаттық, Украинаға бейбітшілік!", "Путин мен Лукашенко - террорист", "Ресей халқы бейбітшілікті қалайды" және "Путин – адам өлтіргіш" деп ұрандатқан.
- Бұған дейін Латвия сыртқы істер министрлігі Ресейге Украинамен соғыста жеңіліп, қазіргі заманғы құқықтық мемлекет құруға қол жеткізуге тілектестігін білдірген. Ал Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын "Ресей әрекетін толық қолдайтынын" айтып, "Ресей күнімен" құттықтаған.
- 1990 жылы 12 маусымда РСФСР халық депутаттарының бірінші съезі Ресей Федерациясының егемендігі туралы декларация қабылдаған болатын. Бұл күн 1992 жылдан бастап мерекеге айналған. 1991 жылы 12 маусымда Ресей президентін сайлау өтіп, Борис Ельцин жеңген.
* * *
БҰҰ: Украинадан шыққан 3,2 миллион босқын Еуропа елдерінің уақытша қорғауына алынды.
Біріккен ұлттар ұйымының мәліметіне қарағанда, Украинадан шыққан үш миллионнан астам босқын Еуропа елдерінің уақытша қорғауына алынған. Бұл статус Еуропа одағы елдерінде өмір сүруге және жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ресми мәлімет соғыс басталғалы бері Еуропа одағына Украинадан бес миллионға жуық босқын келгенін көрсетіп отыр. Босқындарды бәрінен көп қабылдаған елдер - Польша, Чехия мен Германия.
Бұлар тек ресми тіркелгендері ғана. Босқындардың кейбірі Еуропа одағынан тыс жерлерге кетсе, кейбірі тіркеліп, көмек сұрауды керек етпеген, сондықтан статистикаға енбеген. Кей бөлігі Украинаға оралған.
9 маусымға дейін Польша Украинадан келген миллионнан астам босқын қабылдаған; Германия - 780 мың; Чехия - 366 мың. Ресей федерациясы Біріккен ұлттар ұйымына өзінің миллионнан астам босқынды паналатқанын айтқан, бірақ қаншасының ресми статус алғанын, қаншасының Украинаға қайта оралғанын көрсететін құжат бермеген.
Украина билігі "Ресейге босқын барған жоқ, оларды Ресей күшпен депортациялап, адам құқығын бұзды" деп айыптайды.
Еуропа одағы елдерінің ішінде Украинамен ең ұзын шекарасы бар Польша босқындарды мейлінше көбірек қабылдап отыр. Польша шекара қызметінің мәліметіне қарағанда, 24 ақпанда соғыс басталғаннан 9 маусымға дейінгі аралықта Польшаға Украинаның 3,865 млн азаматы келген, бірақ олардың жартысынан астамы өзге елдерге кеткен.
Еуропа елдерінің көпшілігі Украина азаматтарына саяси босқын статусын емес, соғысқа байланысты уақтша қорғау статусын берген. Бұл статус - Еуропа елдерінен тезірек әлеуметтік көмек алып, жұмыс істеуге, оқуға мүмкіндік береді. Соғыс аяқталған соң олар еліне қайтып, статусы тоқтайды.
24 ақпаннан бері Украина мен Еуропа одағы елдері шекарасынан шамамен 7 миллион 300 мың адам өткен. Олар – Украина азаматтары мен Украинада тұрақты тұруға құқығы бар адамдар; 2 миллион 400 мың адам қайта оралған. БҰҰ мәліметіне қарағанда, 8 миллионға жуық адам Украинаның соғыс болып жатқан аймағынан қауіпсіздеу аймағына көшуге мәжбүр болған.
* * *
Борис Немцов қорының сыйлығы батылдығы үшін Украина президенті Владимир Зеленскийге берілді.
Украина президенті Владимир Зеленскийге Борис Немцов қорының сыйлығы берілді. Бұл жөнінде Борис Немцов қоры хабарлады.
Ақпараттарға қарағанда, Немцов қоры биыл тек қана Украина өкілдерін марапаттау жөнінде шешім қабылдаған. Оның ішінде Киев мэрі Виталий Кличко, "Океан Ельзи" тобының жетекшісі Святослав Вакарчук, әскер медик еріктілер бөлімін құрған Юлия Паевская (Тайра), Украина президенті офисінің кеңесшісі Алексей Арестович және тағы да басқалар бар. Қор құрылтайшылары мен кеңесінің көпшілік дауысымен Украина президенті Зеленский жеңімпаз болып танылған.
"Немцов қоры Ресейдің Украинаға әскери агрессиясын айыптайды. Оған Борис Немцовтың өзі қарсы шыққан болатын. Ол 2014 жылы Мәскеу қаласында мыңдаған адамды соғысқа қарсы митингіге бастап шықты. Путиннің Украинада соғыс өртін тұтандырғысы келетінін, өйткені Украинаның Еуропаның бір бөлігі болғанынын қаламайтынын түсінді. Украинаның тезірек жеңіске жеткенін тілеймін және мұны патриоттық ұстаным деп есептеймін, өйткені Украина жеңісі — Путиннің авторитарлық режимінің жеңілісі, гуманизм құндылықтарының жеңісі", – деді құрылтайшылардың бірі Жанна Немцова.
Былтыр Немцов қорының сыйлығы "демократиялық құндылықтар мен адам құқықтарын қорғап қалудағы айрықша ерлігі үшін" тек қана Ресей саясаткерлері мен белсенділері: Алексей Навальный мен Лев Шлосберг, Константин Котов, Анастасия Шевченко, Ильдар Дадин және Надежда Митюшкинаға берілген.
Ресейдің Қырымды аннексиялап, Украинаға агрессиясын айыптаған оппозиционер Борис Немцов 2015 жылы ақпан айында, Кремль жанында өлтірілген.
* * *
Ресейдің Украинадағы арнайы операциясы: "легионерлер" тағдыры не болмақ.
Киевке жеткізілген батыстық қару-жарақты қолдануға Украина Қарулы күштерінде даярлықтан өткен мамандардың жоқтығы кедергі болып отыр. Бұл проблеманы шетелдік жалдамалы әскерилерді тарту арқылы шешуге тырысып жатыр, деп жазды ресейлік шолушы Александр Хроленко.
Ресейлік әскер натолық "легионерлер" мен Украинадағы әскери техника күл-талқан болуы үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатыр.
Америкалықтар мен британдар Киевке М142 HIMARS төрт қондырғысы мен M270 MLRS үш жүйесін жолдады. Бұл 80 километрге дейінгі қашықтықта жаппай оқ атуға арналған реактивті жүйе. Оның 300 километрге дейінгі жедел-тактикалық зымырандарды ұшыратын қосымша опциясы бар.
Вашингтон Киевке жағалауға орналастыруға арналған Harpoon кемеге қарсы зымыран кешендерін берді, ал Лондон 20 километрге дейін ұшатын Brimstone зымыранының теңіз нұсқасын жіберуге дайын. Франция президенті Эммануэль Макрон 155 миллиметр калибрлі CAESAR өздігінен жүретін артиллериялық қондырғыларды (ӨЖАҚ) жеткізуді жалғастыру туралы хабарлады. Бұған дейін Франция Украина қарулы күштеріне осындай өздігінен жүретін 18 зеңбіректі тапсырған болатын.
Украина армиясында аталған жүйелерді пайдаланатын мамандар жоқ. Украина Қарулы Күштерінің "шығыс майданындағы" қазіргі күрделі жағдайын ескере отырып, жеке құрамды оқытуға, яғни НАТО елдерінің біріне іссапарға уақыт жоқ екенін аңғаруға болады. Бұл проблеманы шетелдік "легионерлерді" тарту арқылы ғана тез шешуге болады. Ресей Федерациясы қорғаныс министрлігінің өкілдері Украинаға орыстармен соғысу үшін келген шетелдіктер комбатант емес екенін, олар Женева конвенциясының қарауына жатпайтынын және соғыс нысанасына айналатынын деп бірнеше рет мәлімдеген болатын.
"9 маусымда Ресей әскері Житомир облысындағы Украина Қарулы күштерінің "Халықаралық легионының" оқу-жаттығу орталығын әуеден ұшырылатын дәлдігі жоғары қанатты зымырандар арқылы жойды. Сол күні Донецк Халық Республикасының жоғарғы соты үш шетелдік жалдамалы жауынгерді өлім жазасына кесті. Бұл кездейсоқ емес жағдай шетелдік әскерилерді барлық заңды құралымен жою немесе залалсыздандырудың маңыздылығын көрсетеді", - деп жазды автор.
Вашингтон мен Лондон бұл үкімге қатысты үлкен наразылық білдірді. Бірақ сотталған жалдамалы әскерилердің мәртебесі өзгермейтіні белгілі. Ресейдің зымыран соққылары мен Донецктегі сот процестері Украина Қарулы күштері "легионерлерінің" санын және Днепр маңындағы НАТО сарапшылары мен кеңесшілерінің әрекет ету ортасын қысқартуды жалғастыра береді.
АҚШ барлау қызметі Украина армиясының "шығыс майдандағы" жағдайын "апатты" деп, ал Ресей әскері мен Донецк және Луганск Халық республикаларының Донбастағы корпустарының басымдығын айқын және мінсіз деп атады. Хроленконың пікірінше, Ресейдің әскери-ғарыш күштері, зымыран әскері мен артиллериясы арнайы операция аймағындағы аспан мен жерді толығымен бақылауда ұстап отыр.
НАТО-ның Киевке жеткізген танкке және әуе шабуылына қарсы қорғаныс кешендерінің тиімділігі аз. Себебі бүгінде ұзақ қашыққтықта әрекет ететін артиллерияның күші мен қуаты басым. Ал ресейлік артиллерия украин техникасына қарағанда 20 есе қуатты. Украина Қарулы күштері "кеңестік" снарядтарды күніне 666 мыңдап қолданса, оның қайтарымы ретінде 100 мыңға жуық ресейлік снаряд қарсы ұшып келіп жатыр. Бұл НАТО арсеналы да айтарлықтай азайып қалғанын аңғартады.
Президент Владимир Зеленский Украина Қарулы күштері шығынының нақты санын жасырып отыр. Дегенмен америкалық сарапшылар 200 мың украин әскери қызметкерінің жоғаллып кеткенін мәлімдеді. Донецк бақылаушыларының мәліметінше, Киев 50 мың сарбазынан (із-түссіз жоғалғандарды еесепке алғанда – 61 мың) айыырылды. Украина Қарулы күштерінің Авдеев бөлімшесі бір аптада 1100 сарбазынан көз жазып қалды.
Украинаның бас қолбасшысы Валерий Залужный Президент кеңсесіне әскерді Северодонецк-Лисичанск агломерациясынан батыс аумаққа алып шығуды бірнеше рет ұсынды. Банковаяда әскердің жауынгерлік қабілетін және бейбіт тұрғындардың өмірін сақтау үшін нәтижелі шаралар мүлде қабылданбай отыр. Майдан шебінің осы бөлек секторында күніне кемінде 200 адам өліп, 800 адам жараланып жатқанын соның салдары деуге болады.
"6 маусымда Святогорск ауданындағы Украина Қарулы күштерінің қорғаныс шебін бұзу одақтас күштерге Славянскіге жол ашты. Күні кеше осы қаланың шетінде күш қолдану арқылы барлау басталды. Барлық эпизодқа ортақ бір заңдылық бар: Батыс Украинаға қару-жарақпен және "легионрелермен" неғұрлым көп көмектессе, Ресей армиясы соғұрлым қатал әрекет етіп, арнайы операцияның аумағын кеңейтіп жатыр", - деп жазды ресейлік сарапшы.
Әскери шолушы Александр Хроленконың Telegram арнасы.
* * *
Бердянск пен Мелитопольде жарылыстар болды.
Ресей әскері басып алған Мелитополь мен Бердянскіде жарылыстар болды. Мелитопольде жарылыс кезінде төрт адам зардап шекті. Шабуыл кезінде өңірдегі полиция ғимараты мен екі автокөлік бүлінген. Бердянскіде қосалқы станция қирады, кейбір аудандарда электр қуаты сөндірілді. Жарылыс салдарынан жараланғандар немесе қаза тапқандар жоқ. Жексенбіде Бердянск қалалық кеңесінің өкілі Даниил Водолазский Бердянскіде үш жарылыс болғанын хабарлаған еді. Оның айтуынша, қала орталығында Z белгісі бар әскери көліктер өртенген.
©REUTERS
Азовсталиде қаза тапқан 220 адамның денесі Украинаға қайтарылды
Украина Азовсталь металлургиялық зауытында қаза тапқан 220 қорғаушының денесіін қайтарды. Бұл туралы "Азов" полкінің бұрынғы командирі Максим Жорин мәлімдеді.
"220 адамның денесі Киевке жетті, шамамен олардың үштен бірі - азовтықтар. Қазір экспертиза жүріп жатыр, оған бірнеше ай кетуі мүмкін", - деп жазды ол Facebook-те.
* * *
Украинадағы соғыс әлемдегі ядролық арсеналдардың өсуіне алып келді.
Стокгольм халықаралық бейбітшілік мәселелерін зерттеу институтының (SIPRI) сарапшыларының пікірінше, Украинадағы соғыс ядролық державалар арасындағы шиеленісті күшейтті және олардың ядролық арсеналдары жақын арада өсе бастайды. Сарапшылар ядролық қаруға деген сұраныстың артуы қазірдің өзінде байқалатынын жеткізді.
"Барлық ядролық держава өздерінің арсеналдарын жаңартып жатыр, олардың басым бөлігі ядролық қарудың стратегиялық көбірек маңызына мән береді", - дейді SIPRI орталығының директоры Уилфред Ван.
* * *
Украинада ЕО мен АҚШ-тан келген қару-жарақ қоймасы жойылды.
Ресей Украинаның батысындағы Чорткив қаласына зымыран атты. Соққыдан кейін ондағы әскери нысан жартылай қирап, 22 адам жарақат алды. Ресейдің қорғаныс министрлігі шабуыл кезінде Украинаның танкке қарсы зымырандардың үлкен қоймасы, АҚШ пен Еуропа елдері Киевке берген портативті зениттік-зымырандық кешендер мен снарядтар жойылғанын мәлімдеді.
* * *
Неміс концерні BMP Marder-ді Украинаға беруге дайын.
Неміс Rheinmetall компаниясы Marder жаяу әскерге арналған алғашқы әскери машиналарын жаңартты. Компания өкілі Армин Паппергердің сөзінше, қазір 100 Marder жөнделіп жатыр. Сонымен қатар, компания қоймасында 88 Leopard 1 танкі және бірнеше Leopard 2 танкілері бар.
* * *
ЕО Украина үшін "тарихи шешім" қабылдауы керек - фон дер Ляйен.
Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен 23-24 маусымда өткен саммитте ЕО-ға мүше елдер Украинаның ЕО-ға мүшелігі туралы "тарихи шешім" қабылдауы керегін жеткізді. Оның айтуынша, ЕО елдерінің міндеті маусымдағы саммитте арта түседі.
"Біз дұрыс шешім қабылдаймыз деп сенемін. Оның барлығын уақыт көрсетеді", - деді фон дер Ляйен.
* * *
Батысқа сенуге болмайды - Ердоған.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Батыс елдерінің саясатына сенуге болмайтынын айтты, - деп хабарлайды TRT Haber арнасы.
Түрік басшысы Грекиядағы америкалық базалар "Ресейге қарсы" қажет болады дегенге сенбейтінін ескертті.
"Олардан бұл базаларды не үшін жасап жатырсыңдар деп сұрасақ "Ресейге қарсы" қажет болады деп жауап береді. Олар Украина үшін не істеді? Мұның бәрі өтірік. Батысқа сенуге болмайды", - деді ол.
Сондай-ақ, Ердоған Түркияның Батыс елдерімен ғылым мен мәдениет саласында өзара әрекеттесе алатынын айтты.
Айта кетейік, бұл екі елдің қарым-қатынасы соңғы жылдары аумақтық дауларға байланысты нашарлады.
Өткен аптада Ердоған Грекиямен барлық екіжақты келіссөзді тоқтататынын мәлімдеген болатын.
Екі ел 2021 жылы бес жылдық үзілістен кейін қарым-қатынастарын жақсарту үшін екіжақты келіссөздерді қайта бастаған болатын, бірақ ол ұзаққа созылмады.
Ақпараттар Азаттық радиосы, sputnik.kz, tengrinews.kz басылымдарынан алынды.