Интернетте жаңа жылдан бастап алименттер жаңаша есептеледі деп жазылып жүр. Егер бұрын нақты жалақы мөлшерімен есептеген болса, енді ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерімен есептеледі екен. Қазір күйеуіммен ажырасқалы жүрмін. Оның алатын жалақысы – 350 мың теңге. Демек, егер ол бұрын балаға осы соманың 25 пайызын, яғни, шамамен 87 мың теңгені төлер болса, енді 4,5 мың төлемек пе? Оның жалақысына қатысты тағы бір сұрағым бар. Оған ресми түрде 200 мың теңге, ал бейресми тағы 150 мың теңге төлейді. Мен күйеуімнің жұмысынан оның жалақысы туралы анықтама алып, сотқа апарғым келген. Бірақ жұмыс беруші (бұл - оның туған бауыры) маған анықтама берген жоқ. Қалай етуге болады? Маман түсінік берсе екен.
Гүлнәр, Атырау қ.
- Бұл ақпарат дұрыс емес, - дейді Сот актілерін орындау департаментінің алименттер өндіру жөніндегі аға сот орындаушысы Гүлнар ЗНАЛИЕВА. – 2011 жылы «Неке және отбасы туралы» заңның орнына «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс қабылданды. Осыған байланысты өзгерістер болды, бірақ оқырман айтып отырған жайттар емес. Белгілі бір табысы бар адамнан алименттер есептеу бұрынғыша жүргізіледі: табыстың барлық түрінен бір балаға 25 пайыз, екі балаға 33 пайыз және үш және одан да көп балаға 50 пайыз алынады. Ал жұмыс істемейтін және табысы жоқ адамдардан алимент алуға қатысты өзгерістер енгізілді. Бұрын алимент олардан өңір бойынша (соңғы мәліметтер бойынша, Атырауда 177,5 мың теңге құрайды) орташа айлық еңбекақы мөлшерінен есептелетін, ал «Неке және отбасы туралы» кодекс күшіне енгеннен кейін 1 ЕТЖ мөлшері – 18660 теңге негіз етіп алынады. Бірақ бұл үшін адам міндетті түрде жұмыспен қамту орталығынан өзінің жұмыссыз екендігі туралы міндетті түрде анықтама ұсынуы тиіс.
«Алақол» жалақыға келер болсақ, алименттер борышкердің жұмыс орнынан алынған табыс туралы анықтамаға сәйкес есептеледі. Бірақ жұмыс беруші жаңсақ ақпарат ұсынғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Егер әйелге «алақол» жалақы есептеу фактісі туралы айдан анық болса, ол тиісті органдарға – ІІД мен қаржы полициясына өтініш жазуы тиіс.
Ажырасу процесінде әйелге жұбайының жұмыс орнынан анықтама алу қиын болмайды. Оған күйеуінің жұмыс орны мен ол жұмыс істейтін кәсіпорынның заңды мекен-жайын көрсетсе жеткілікті. Сот тәртібімен бұйрық шығарылғаннан кейін сот орындаушылар Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығынан соңғы есептелген табысы көрсетілген анықтама мөлшері туралы біле алады.
Талап-арыз берушілер алиментке арыз беріп, сот шешімі шығарылатын, бірақ жауапкер оны жылдар бойына орындамайды. Бұл жерде соңғы үш жыл үшін алименттер өндіруге болатынын ескеру керек. Анағұрлым ерте мерзім, айталық 10 жыл үшін ақша өндіріліп алынбайды.