Жүйке-неврологиялық диспансер дәрігерлері жыл сайын облысымызда суицид саны көбеюде деп дабыл қағуда. Психологтар сыр берген жүйкемен күресуге қуана-қуана көмектесер еді. Бірақ адамдар олардың қабылдауына баруға құлықсыздық танытады.
- Біреулер мұндай маманға бару есінен адасқан адамдардың еншісіндегі нәрсе деп есептесе, енді біреулері психолог еш көмектесе алмайды деп сенімсіздік білдіреді, - деп қынжылады психолог Ұлдай РЫСМАҒАМБЕТОВА (суретте). – Тек тағдырыңа деген өкпе-назыңды ғана тыңдайды да, мүмкіндігінше жұбатады деп ойлайды. Біздің мамандығымызға қатысты аңыздар жеткілікті...».
Өз достарымның, туыстарым мен таныстарымның арасында шағын ғана әлеуметтік сауалнама жүргізе отырып, шынымен де теріс көзқарастар жеткілікті екенін анықтадым. Ұлдай Берікқызы олардың кейбірін ғана айқындап беруге келісті.
Бірінші аңыз: ПСИХОЛОГҚА ТЕК ӘЛСІЗДЕР ҒАНА ЖҮГІНЕДІ
- Күшті адам өз проблемасын өзі шешеді, - деп есептейді Балықшы кентінің тұрғыны Иван ШЕРСТЯНКИН. – Оның үстіне, ол – ер адам болса. Проблемасын ақылға салып, шешімін тауып, оны іске асырады. Қиын жағдайдан шығудың жолын іздеп тапқанша сарыуайымға түсуің мүмкін. Бірақ... Өмір деген осы».
- Елдің бәрі Иван секілді алдына айқын мақсат қоя білетін, табанды емес қой, - деп жауап берді психолог. – Басқалар проблемалармен бетпе-бет келген кезде, ішімдікке үйір болып, өз ашу-ызасын жақындары мен достарынан алып жатады.
Жалпы, өмір дегенің – жеке басына қатысты және жасына байланысты кезекпен келетін күйзелістерге толы. Әдетте, адам бір проблемаға кез болса, өз тәжірибесіне сүйенеді. Егер тәжірибесі жетіспесе немесе мүлдем басқаша жағдай болып, оны өздігімен шешу қиынға соқса, маманға жүгінгенде тұрған ештеңе жоқ.
- Маман, мәселен, бүлік шығарған бағыныштыларды жөнге келтіріп немесе қарызды төлеуге мәжбүрлей алмайды ғой. Ол нақты қалай көмектеседі?
- Біз оның бар ойын дұрыс бағытқа бұрамыз. Ашық сырласып, пациентке жағдайдың оншалықты жаман емес екендігін, одан шығатын жол бар екенін, торығудың қажеті жоқ екенін түсінуіне мүмкіндік береміз. Біршама уақыт өткеннен кейін ол міндетті түрде проблемаға басқаша көзқараспен қарайтын болады. Ал содан кейін проблемадан шығатын жол да табылады.
Екінші аңыз. АҚША ҮШІН ҚЫҢҚЫЛ ТЫҢДАЙТЫН АҒАЙ
- Мен диванда жатқан кезде, миымның ішіндегіні қопарып, бәрін диктофонға жазып алады. Бәлкім, бейшара деп мені аяйтын шығар, осылайша оның жұмысы бітеді. Ал мен бәрібір жүйкем жұқарып, болашақта болатын ҰБТ-ның нәтижелері үшін уайымдаумен боламын. Еш мәні жоқ деп ойлаймын, - деп есептейді Ломоносов атындағы мектеп оқушысы.
- Бір қызығы, көпшіліктің психолог туралы түсінігі теледидардың арқасында қалыптасқан. Өкінішке орай, біздің дивандарымыз жоқ, әңгімелерді де диктофонға жазып алмаймыз, жеке істер жиналған папкаларымыз да жоқ
Ал аяныш білдіруге келер болсақ, егер адамға жұбаныш керек болса, неге аямасқа, - деп түсінік береді маман. – Бірақ әңгіме онда емес. Пациентке жұбату емес, сілкініс керек болатын жағдайлар кездеседі. Бұл жерде әр адамға жеке-жеке әдіс керек. Келе жатқан ҰБТ-ға қатысты сарыуайымға түсудегі проблема ерекше. Ата-аналары балаларына бақылау жасауы тиіс. Тұйықтықтың, өзі-өзімен болу, агрессия, депрессияның алғашқы белгілері басталысымен, дабыл қағу қажет. Проблемасын өзі шешсін деп, күтудің жөні жоқ. Заманауи әдістер оған осынау рухани күйзелістен тез әрі қиналмай және қайғылы зардаптарға соқтырмай шығуға көмектеседі.
Үшінші аңыз: ПСИХОЛОГ ГИПНОЗДАУЫ МҮМКІН…
- Гипнозбен көптеген проблемаларды шешуге болады деп ойлаймын, - дейді 23 жастағы үй шаруасындағы Малика. – Олар өмірдегі ең бақытты адам өзіңсің деп сендірте алады. Сөйтіп адамдар өздерін солай сезінеді.
- Гипноздау сеансымен адамның ұшақпен ұшу қорқынышын сейілте алады, бірақ осы қорқынышты тудырған себептер қалып қояды да оның басқаша қалай көрініс беретіндігі белгісіз болады, - деп жауап береді психолог. – Айта кетелік, біз гипноздауға маманданбағанбыз. Бірақ басқаша әдіспен әрекет етеміз, қорқыныш немесе адамның өзін бақытсыз сезіну себебін анықтауға тырысамыз. Гельшат-терапия деген түсінік бар, бұл жерде біз оны «ыстық үстел» деп атаймыз. Бұл асқынған жағдайда - адам бәрінен түңіліп, бұл өмірдің мәні жоқ деген жағдайға түскенде қолданылатын соңғы шара. Жалпы психологтың сеансының орташа ұзақтығы елу минуттай уақытқа созылады. Гельшат-терапия кезінде ол екі немесе үш сағатқа, тіпті одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Бұл не? Жабық орынжай, екі үстел, пациент пен дәрігер. Адам жиналып қалған бүкіл реніштерінің барлығын сыртына шығарып, өмірде кездескен жағдайларды есіне түсіріп, өзін және басқаларды кешіреді, жағымсыз нәрселердің барлығынан құтылып, бөлмеден толықтай тазарып шығады. Бәлкім, бақытты боп шығуы да ғажап емес, кім біліпті...
Психологтың барлық сұрақтар-ға берер жауабы жоқ. Ол ең алдымен – сіздің жаныңыздың айнасы. Сіздің жаныңызға не жақсы екенін өзіңізден басқа ешкім білмейді. Психолог проблеманың нақты шешімін табуға, бұл жағдайда неліктен өзінің бақытсыз екенін білуге көмектеседі.
Төртінші аңыз: ОЛ СОЛ ТУРАЛЫ СҰРАЙДЫ...
- Ал мен ұяламын. Егер менде мүлде басқа проблемалар - белден төменгі жақта емес, ішкі дүниемде болса, мұның не қажеті бар, - дейді белгісіз боп қалуды жөн санаған танысым.
- Егер сіздің проблемаңыз белден жоғары болса (көбінесе осылай болады), онда сіздің өміріңіздің интимдік егжей-тегжейі туралы ешкім де сұрамайды. Бірақ адам бұған да қатысты проблеманың туындап жататынына күмәнданбайды да. Егер психолог әңгіме барысында осы тақырыпты қозғаса, әдейі қызық үшін сұрамайды. Бұған жағымсыз көзқараспен қарап әрі қысылудың қажеті жоқ.
Айтпақшы, біздің штатымызда жақын уақыттан бері сексопатолог жұмыс істейді.
Бесінші аңыз. ПСИХОЛОГСЕАНСЫ ҚЫМБАТ
- Психолог қызметі өте қымбат. Проблемамды өзім шешкен арзанырақ, - деп кеңес береді менің басқа сұхбаттасушым.
Атыраудағы бір сеанстың орташа құны 1200 теңгеден басталады. Бір сеанспен істің біте қоюы неғайбыл. Маманға 5-7 рет рет бару қажет болады.
Бізге заман ағымына анағұрлым сай болып, қажетсіз қысылудан құтылатын кез келген сияқты. Кардиолог жүректі, лор – жоғарғы тыныс алу мүшелерін емдейді. Олардан басқа гинеколог, уролог, проктолог және т.б. бар. Сонымен қатар жанды емдейтін де дәрігерлер бар екенін ұмытпайық.
Анастасия Пастухова
Суретті түсірген автор