Атырау, 5 қазан 14:16
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Кәдеге жаратылса, қане?

1 824 просмотра

Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ өзінің соңғы есеп беруінде алдымызда облыс орталығын көгалдандыру бойынша кең ауқымды жұмыстар күтіп тұр деген болатын. Осылармен бірге 2020 жылға дейін есептелген Атырау қаласын кешенді көгалдандыру бағдарламасы қолданыла ма, бұл әлі белгісіз.

Естеріңізге салсақ, бағдарламаны әзірлеуге оңтүстік кореялық компанияның мамандары тартылды. Рысқалиев отставкаға кеткеннен кейін, жаңа әкім алғашқы күндерінде-ақ көгалдандыру бағдарламасын әзірлеу жергілікті мамандар мен Корея көгалдандырушыларының әріптестігімен жалғасын табатын болады деп айтқан-ды.

Облыстық табиғатты пайдалану және табиғи ресурстар басқармасында бағдарламаның тағдыры мен көгалдандыру жұмыстарының басталуы мерзім-дері туралынақты түсініктемеберуден бас тартты. Бұл мәселелер талқылану кезеңінде.

Бұрынғы әкімнің кезінде табиғат пайдаланушыларға қатты қарайтын. Оларға «Жасыл Даму» қорына ақша беруді немесе қала аудандарының бірін (көше, мектеп, балабақша) өзі көгалдандыруды қатал түрде талап етілетін. Менің есімдегісі, Бергей Рысқалиевқа осы бағытта қарсылық көрсеткен жалғыз кәсіпорын басшысы «ҚазТрансОйл» АҚ батыс филиалының директоры Фердинанд МАМОНОВ еді. Ол жалғыз өзі ақша беруден бас тартып, неге екенін түсіндірген де болатын. Экс-әкімнің ашуланғаны сондай, БАҚ мүшелерінен залды босатуды сұраған. Басқа кәсіпорын басшылары көнбістікпен бас шұлғып қана отырды.

Жаңа команда бұрын өткен жылдардың қателіктерін қайталамауы керек. Ол кезде жергілікті жердің ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан зерттемей-ақ, тал көшеттерін, ішінде сирек кездесетін сорттар да болды, кең көлемде отырғызуға ден қойылған еді.

Мал шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы Оңтүстік Батыс ғылыми-зерттеу институты Атырау филиалының жер өңдеу секторының меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Болат МҰХАМБЕТОВТЫҢ пікірінше, Атырау қаласын көгалдандыруда ормантехникалықтан гөрі, топырақ-суландыру мәселесі басым:

«Соңғы жылдары қаланы көгалдандыру бойынша шешім қабылдауда теріс дағдылар қолданылып жүр. Ең алдымен басшылар, мақтап қою керек, қаржыландыру көздерін табады, содан кейін тал шыбықтарын отырғызуға жауапты шенеуніктер көгалдандыру бойынша компанияны тез тауып алып, барлығы бірауыздан жұмыстарды орындауға кіріседі.

Осындай шаблонды көзқараспен жұмыс жасау сол бір баяғы теріс нәтижелерге қайта алып келеді. Сонымен қатар, шенеуніктер сәтсіздіктердің себептеріне талдау жасауға тырыспайды да, өйткені нәтижеге жауап беретін ми орталығы жоқ.

Қаланы көгалдандырудың барлық әрекеттері неге сәтсіздікпен аяқталатынына талдау жасап көрейік.

Топырақты суландыру мәселесін түбегейлі шешуге тырысқан облыстың бұрынғы әкімі Серікбек ДӘУКЕЕВ «Дренаж» кәсіпорнын құрды. Кәсіпорынның қызметкерлері жоғары тұрған топырақтың тұзды суларын айдау және бұрып шығару бойынша жұмыстарды атқарды және бұл іс сәтті жүзеге асты. Алайда 5-6 жыл жұмыс жасағаннан кейін, не себептен екені белгісіз, кәсіпорын жабылып қалды. Салынған дренаждар мен коллекторлар, әрине, топырақ суларының көтерілуін және қайталама тұздануын тоқтатты. Алайда топырақта көне заманнан қалған, алғашқы тұздар деп аталатын тез еритін тұздар қалып қойды. Ал оларды топырақтан кетіру үшін топырақты шаю керек. Әңгіме бір гектар жерге 15-20 мың текше метр су қолдану туралы болып отыр. Топырақ тұзын шаю деген не? Ол, шын мәнінде, шаюға арналған ауыз суды жеткізу үшін көптеген арналар салып, қаланы 1,5-2,0 м су қабатымен бастырғанмен бірдей. Бұл ғимараттар мен коммуникацияларды толықтай жоюға әкеп соғатын орындалмайтын жағдай екені түсінікті.

Негізі, балшық жерлерге коллекторлар мен дренаждарды қала салмастан бұрын орналастырады. Осылайша, Дәукеев кезінде салынған дренаждар топырақ суларының деңгейін аз да болса төмендеткенмен, топырақтың тұздану мәселесін шеше алмады.

Ал күні кешегі мысал, бұрынғысынан да сорақы. Б.Рысқалиев әкім болған кезінде мұнайлы астананың жасыл қалқаны, ҚР бірінші президентінің саябағын салу жоспарланды.

Топырақтың тұздылығымен топырақ құрамын өзгерте отырып, оларды тұздардан тазартатын арнайы бактериялар қолдану арқылы күресіп, МЕТАСЕКВОЙЯ отырғызу ұсынылды. Бұл жерде назар аударатын бір жайт, бактериялар арқылы топырақтың тұздануымен күресу тәжірибеде мүлдем қолданылмаған технология.

Бәрі де түсініксіз: пайдасыз нәрселер жасаймыз, бюджет қаржысын талан-таражға салуға жол береміз, көп сөйлейміз, бірақ осы кесапаттардың тамырын іздемейміз. Мәселен, дәл диагноз қою үшін медиктерге зертхана керек екенін бәрі біледі. Топырақ зерттейтін зертханаға қажеттілік алғашқы сәтсіздіктерден кейін-ақ туындаған. Алайда әлі күнге дейін зертхана салумен қай ведомство айналысатыны және қай жерге салынатыны анықталған жоқ.

Көгалдандырудың қарапайым ережелері бар. Алдымен топырақ-мелиорациялық түсірілімдер жүргізеді, топырақты суландыру әдістерін анықтайды, сол жерде өсе алатын теректер сортын және егу технологиясын таңдайды. Тұз бар жерге бір жылдық шыбық, не ірі талдарды ексең де, тіпті оларды кесек топырақпен отырғызсаң да, сол бір нәтижеге ие боласың. Талдар өссе де, аласа болып өседі. Бұл қандай саябақ болады?

Ал жобалаушылар ескі қалыппен жұмыс жасайды: дәл осы жерде емес, басқа жерлерде сәтті қолданылған тұзбен күрес әдістері мен тәсілдерін, тал көшеттерінің құрамы мен тұқымдарын ұсынады.

Ғалымдар Атырау табиғаты жағдайында ғылым қоржынындағы барлық топырақты суландыру тәсілдерін тексеріп қарап, топырақты мелиорациялау бойынша ұсыныстар әзірлеп, терек тұқымдары құрамын анықтап, оларды отырғызу технологияларын дайындаулары қажет. Ал бұл үшін Атырауда топырақты мелиорациялау және тал отырғызу бойынша ғылыми-өндірістік бірлестік құру керек».

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

7 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.