Атырау, 23 қараша 18:55
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Мөр үшін шекара асады

2 389 просмотра

Өткен жылы, облыстық көші-қон полициясы басқармасының ақпараты бойынша, Атырау облысы аумағына 48 мың ТМД елдері азаматтары кірген. Осы жылдан бастап облыс аумағында уақытша келу туралы 9 мыңдай шетелдік азамат тіркелген, олардың 7 мыңнан астамы - Өзбекстан азаматтары. Ал бізде заңсыз жұмыс істеп жүргендер қаншама? Мұны ешкім білмейді.

МАРАТ АҒА ӨЗ ІСІН БІЛЕДІ

Қазақстан Республикасында уақытша болу мерзімі шетелдіктердің әр санатына әр түрлі. Сол мерзімдер біткеннен кейін қонақ елден шығу керектігі, не болмаса тұру ыхтиярхатын алу туралы шешім қабылдауы керек. Алайда, қарапайым шешім де бар. Жаңа мерзімге тіркелу үшін шетелдік Қазақстаннан шығып, сол бойда оның аумағына қайта кірсе, жетіп жатыр. Шекара бекеттері арқылы жедел кері жүктемелер осындай болады.

Марат аға - тәжірибелі таксист. Бірнеше жыл бұрын ол бұл істе «үлкен пайда көзі» бар екенін ұқты. Бүгінгі күні оның негізгі табысы – мигранттарды Қазақстан – Ресей шекарасы арқылы әрлі-берлі тасу. Жақсы өмір сүру үшін оған күніне бір рет осындай шекара сыртына шығып келетін жедел де қысқа  сапар жасаса жетіп жатыр. Клиенттер де үздіксіз болып тұрады. Қазақстанда заңды жүру үшін шекарадан үнемі өтіп отырулары керек өзбектер, қарақалпақтар және басқа да елдердің азаматтары қашан да жеткілікті. Мен осындай сапарға өзбекстандық мигранттармен бірге шығып келдім. Айта кетсек, бұлардың барлығы «шетелдік» сапарлармен айналысатын таксистерді жақсы біледі және телефон арқылы байланысып тұрады  екен. Тасымалдаушылар машина салонын толтыру үшін топ жинайды. Сапарға 2 – 3 көлік бірге шығады. Ең жақын шекара бекеті – Астрахан облысындағы Қараөзек. Атырау – Қараөзек – Атырау бағыты бойынша сапарға салондағы әр жолаушыдан 7-8 мың теңге алады. Бензинге 8 мың теңге кетеді. Қорытындысында жеңіл автокөлік жүргізушісі 20000-24000 таза пайда түсіреді.

 

ОРЫНДЫ БІЛУ КЕРЕК

Күндізгі сағат 11-де мен «Дина» базары маңындағы таксилер тұратын жерде көбі Өзбекстаннан келген мигранттар арасында тұрдым. Қос-қостан темекілерін тартып, қуатты сусындарын ішіп алып, таксистер барлығын үш көлікке отырғызды. Бір машинада жолаушы саны толық болмай шықты – екі-ақ адам.

- Қазір бір жерге соғамыз, мүмкін шетелге шығуы керек біреулер табылар. Сосын жолға шығамыз, -  деді Марат аға көлігін қыздырып жатып.

Біз айналма көпірдің маңындағы биік дуалды екі қатарлы ғимараттың жанына келіп тоқтадық.

- Бұл жерде наубайхана ма, аспаздық  цех па, бір нәрсе бар, - деп түсіндірді жүргізуші.– Мұнда жұмыс жасайтын өзбектер көп. Жолаушылар жетпегенде, осында келеміз, тіркеу мерзімдері аяқталып жатқан екі-үш адам сөзсіз табылады.

Оның сөзін растағандай, көлігі толмаған жүргізуші екі өзбек жұмыскерін алып келді.

- Ал енді, қозғаламыз, белдіктеріңізді салыңыздар!

 

ЕКІ МИЛЛИОН ОЛАРДЫҢ ТҮСІНЕ ДЕ КІРМЕГЕН

Маған жолсерік болып өзбекстандық екі әйел мен бір қарақалпақ жігіт тап болды. Жолаушылар сөзшең емес екен, тұйық деп те айтуға болады. Бәлкім, гастарбайтердің бөгде елдегі қиын өмірі осындай ізін қалдырып жатқан болар.

Жанымда отырған сары шашты, сұр көзді, жас шамасы қырықтардағы әйел орысша мен қазақшаны араластырып, өзі туралы қысқаша баяндады:

- Менің жолдасым жоқ, үйде екі балам ата-анаммен бірге тұрып жатыр. Өзбекстанда жұмыс жоқ. Менің Атырауда жұмыс жасап жатқаныма екі жыл болды. Мұнда ең алғаш келгенімде бір бай отбасына жалдандым. Үй жинадым, тамақ пісірдім. Ай сайын 20000 теңге төледі. Қазір бір мейрамхананың ас үйінде жұмыс жасаймын. 30000 теңге аламын. Үш жерлесіммен уақытша жер үй жалдап отырмыз. Үйге мол ақша жіберу үшін бұл жақта көп ақша жоймауға тырысамыз.

- Біз тек өзбектер мен қарақалпақтарды ғана емес, басқа да түрлі шетелдіктерді тасимыз, - деп сөзге араласты Марат аға. – Ресейліктер де, әзірбайжандықтар да, тіпті түріктер де болады. Іштерінде салонды түгелдей жалдап алатын бір маңызды тұлға да бар. Өте қарапайымдар да кездеседі. Осы жақында біреуі отырды, Стамбұлданмын, ол жақта өмір ауыр, жұмыс жоқ дейді. Түрік Атырауда ПИК-те сантехник болып жұмыс жасап, 70 мың теңге табады екен. Міне, ол заң бұзбас үшін ай сайын осылай сапар шегуге мәжбүр. Алайда, осындай қиындықтарға қарамастан, Түркияға қайтатын ойы жоқ.

- Тұру ыхтиярхатын ресімдесе ғой, мұндай әурешілік болмас еді, заңды түрде жұмыс та жасауға болады, - деймін мен.   

- Бұлай жасау үшін үлкен ақша – екі миллион теңге керек, ал ондай ақша бізде ешқашан болмайды, - деді Бахор күрсініп.

Шынында да, Ресей, Белоруссия, Қырғызстан және Украина азаматтарынан өзге шетелдік азаматтарға тұру туралы рұқсат алу үшін өз төлеу қабілеттерін растайтын банктік шотында 1320 АЕК –2 284 920 теңге қаражаты болу керек.

 

ШЕТЕЛДЕ БОЛҒАН ЖАРТЫ СЕКУНД 

Тас-талқан болған Атырау – Астрахан тас жолындағы шақырымдар осындай көңілсіз әңгімелермен қысқарды. Менің ойымша, ең күйсіз жол Құрманғазы ауданы тұсында болған сияқты. Жолдың нашарлығына қарамастан біздің таксист 120 – 130 км/сағ жылдамдықты ұстап отырды. Жолға қарап, қорқып отырмын. Қазақстандық Құрманғазы бекетіне жақындағанда жол теп-тегіс екен. Шекаралық шлагбаумға жақындағанда, таксист тоқтап, барлығына Ресейге шығуға арналған көші-қон кәртішкесін, қалам беріп, тез толтыруларын бұйырды. Екі минуттан кейін біз шекарада болдық.

Бақылау-тексеру бекеті, төлқұжаттағы суреттерді салыстыру, шекарашылардың деректер қоры үшін бейне камераға фотоға түсу... Міне, осы рәсімдердің барлығынан түсініксіз жағдайда тез өткен Марат аға бізді асықтырды:

- Жүгір, жүгір, жүгір!

Барлығымыз машинаға қарай жүгіреміз. Ресей шекара бекетіне қарай шығатын шлагбаумды ашып жатқан жас шекарашы Марат ағаны танып, жымиып қояды.

- Сәлем! – деп айқайлады біздің жүргізуші көлігінен.

- Бүгін қанша? – деп сұрады әскери формадағы жігіт.

- Төртеу! – дейді қуанышты үнмен таксист. Бұл біздер, мигранттар туралы айтып жатыр...

Қазақстандық және ресейлік шекара бекеттерінің орта тұстарында РФ-ның федералды қауіпсіздік қызметінің бекеті бар. Тоқтадық. Салонды, жүксалғышты, құжатты тез тексеріп шықты. Бәрі дұрыс, бізге сары түсті талон берді. Ресей шекарасына аз қалды. Онда да бәрі, құжат, төлқұжат мөрін тексеру тез болды.  Тағы да машинаға тез отырып, соңғы шлагбаумнан да өттік. Біз Ресейдеміз.

Ал Марат аға көлігін тез кері бұрып, бізді кері жіберу үшін жарықтарымен белгі берді. Барлығы жаңадан қайта басталды! Қазақстандық бекетке келгенде біздің шетелдіктер көші-қон кәртішкелерін, енді Қазақстан үшін, кері толтырды. Бәрі дұрыс.

Біз шекаралық бекеттен өтіп, арттағы көліктерді күтіп тұрғанымызда, бір жас жігіттің, түрі өзбек сияқты, жүргізушілерге арзан ұялы телефон үшін Атырауға алып кетулерін өтініп жатқанын байқап қалдым. Шекараның тұсында оның қалай жаяу қалғаны түсініксіз.

Сол уақытта атыраулық нөмірлі автобус келіп тоқтап, ішінен отыз шақты өзбек түсті. Бізде мигранттарды шекарадан әрлі-бері өткізу кең ауқымды бизнеске айналған сияқты.

Сәл демалып, жолдағы шайханадан тамақтанып алып, біз үйге қарай жол тарттық. Менің жолсеріктерім аздап көңілденген сияқты. Олар маған иықтарынан жүк түскен адамдай көрінді. Енді бұл шетелдіктер біздің елімізде екі ай заңды жүре алады ғой, яғни ақша таба алады...

Тамара СУХОМЛИНОВА

7 наурыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.