Халықаралық сарапшылар ресми, бейресми дереккөздерге сүйеніп, бір-біріне қайшы цифрларды атап жүр. Мұның себебі анықталды.
Ресейдің Украинаға басып кіргеніне жүз күнге таяды: 96-шы күн. Майдан даласында, алдыңғы шепте бастарын бәйгеге тіге жүріп жүріп, айналадағы оқиғаларды күн сайын таспаға түсірген әскери корреспонденттер мен документалистер төбе шашты тік тұрғызатын бір деректі хабарлауда. Ресей жағының Украина қарулы күштері бекінген тұстарды және фортификациялық құрылыстарды артиллериямен, дүркін атыс реактивті жүйелермен, минометтармен, зымырандармен, сондай-ақ армиялық және оперативті-тактикалық авиациядан, әскери кемелерден сағаттап емес, тіпті тәулік бойы тоқтаусыз соққылағаны сонша, ол жерлерден аулақтау жатқан аудандардың өзінде топырақ қып-қызыл болып, аяқ бастырмастай қызып кететін көрінеді. Әлдебір жанартау атқылап, балқыған отты лава айналаға аққандай...
Кремльдің бұйрығымен алға қуаланған Ресей әскері де қынадай қырылып жатқанға ұқсайды. 2014 жылы РФ қоластына көшкен Қырымда ауруханалар жаралы жауынгерлерге орын босату үшін сырқаты меңдеген қарапайым халықты қабылдауды тоқтата бастаған деген әңгіме бар. Сондай-ақ Қырымда донорлық қанды қарқынды түрде жинау науқаны жүзеге асырылып жатқан көрінеді.
Айта кететін жайт, Киев майдан даласында нақты қанша жауынгерінің жер жастанғанын жасырады, тек соғыс аяқталған соң жариялайтынын мәлімдеді. Ал Мәскеу "бейбіт уақытта, арнайы әскери операциялар жүзеге асырылатын кезеңде қаза тапқан әскерилер туралы деректерді" сонау 2015 жылғы мамырда құпияландырып тастады.
Оның орнына әр тарап қарсыласының қару ұстаған қанша адамының жанын жәһаннамға жібергені туралы статистиканы жариялап келеді.
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, "арнайы операция" барысында украиналық әскерилердің және жалдамалылардың "шынайы, құжатталған, қайтарылмайтын шығындары 23 367 адамды құрады". Бірақ бұл өткен айдың статистикасы көрінеді.
РФ қорғаныс министрінің ресми өкілі генерал-майор Игорь Конашенковтың айтуынша, "арнайы әскери операция" басталғалы Ресей қарулы күштері Украинаның 183 ұшағын, 128 тікұшағын, 1 049 пилотсыз ұшатын аппараттарын, 325 зениттік зымыран кешенін, 3 309 танкін, 447 дүркін атыс реактивті жүйесін, 1 722 артиллериялық жүйесін, сондай-ақ 3 270 арнайы әскери автокөлігін жойып жіберіпті.
Бірақ бұл дерекке шетелдік сарапшылар күмән келтіреді. АҚШ-тың соғысты зерттеу институтының (ISW) ақпараты бойынша 2022 жылдың басында Украина қарулы күштерінің қолында шамамен 124 қана ұрыс және оқу ұшақтары, шамамен 63 тасымал, арнайы ұшағы, шамамен 46 тасымал және арнайы тікұшағы, 322 әуе қорғанысы жүйесі ғана болған. Соғыс басталғалы Батыс елдері Украинаға ұшақ пен тікұшақтардың бірде бірін берген жоқ.
Украина Бас штабының 29 мамырдағы дерегінше, Ресей соғыста 30 мың 150-ден астам әскериінен айырылды. Тұтастай алғанда, олардың есебінше, Ресейдің шығыны келесідей:
• 1 338 бірлік танкі;
• 3 270 әскери бронды машинасы;
• 631 артиллериялық жүйесі;
• 203 дүркін атыс реактивті жүйесі;
• 93 әуе қорғанысы жүйесі (ПВО);
• 207 ұшағы;
• 174 тікұшағы;
• 504 жедел-тактикалық деңгейдегі пилотсыз ұшатын аппараттары;
• 116 қанатты зымыраны;
• 13 кемесі және катері;
• 2 240 автомобиль техникасы және автоцистерналары;
• 48 арнайы техникасы жойылыпты.
Ресей Бас штабы өзінің адам шығынын соңғы рет тек 25 наурызда жариялады: Украинаға шабуыл басталғалы 1 351 әскериі қаза тауып, 3 825 жауынгері жараланғанын мәлім етті. Содан бері тіс жарған емес.
Ұлыбританияның қорғаныс министрі Бен Уоллес британ барлаушыларының ақпаратына жүгіне отырып, Украинада кем дегенде 15 мың ресейлік әскери өлді деп хабарлады.
Әскери сарапшы Игорь Богданның пікірінше, қос тарапқа да әскери шығындардың нақты есебін жүргізу қиын. Оған бірнеше фактор кедергі.
"Бізге алдыңғы шептегі әскерилерден бейнероликтер, жедел ақпараттар түсіп тұрады. Бірақ соның өзінде тараптардың қанша жауынгері мерт болғанын нақты анықтау күрделі. Жеке құрамның шығынын есептеудің алгоритмдері құпияда ұсталады. Дегенмен, оның қалай есептелетінін ұғынуға тырысып көрдік. Егер Украина тарапының "дұшпанның 30 мыңнан аса әскерін қырдық" деген дерегі шын болса, бұл екі дивизияға тең болатын еді. Алайда қазір дивизиялық құрылым пайдаланылмайды. Ресей әскері Украинада батальондық-тактикалық топтарға (БТГ) бөлінген. Әрқайсысы 600–800 солдаттан тұрады", – дейді ол.
Сарапшының түсіндіруінше, Кеңес армиясының соғыс даласындағы шығыстары басқаша саналатын. Себебі, ол кезде дивизия, полк, рота, взвод шайқасты. Әрбір бөлімшенің төл штабы, жеке жалауы болатын. Штаб жермен-жексен етілсе, жалау жоғалса, бөлімше қайта құрылымданатын. Қанша бөлімшенің қайта құрылымданғанына қарап, әскери шығын саналатын еді. Ол шығынға опат болғандар да, соғысты жалғастыруға жарамайтын жаралылар да жатқызылды.
Ал украиналық далада ұрыс салған ресейлік БТГ-лардың төл жалауы жоқ. Бұл уақытша құрылым ғана. Оның біреуі жойылса, ізінен келетін жауынгерлермен жедел толықтырылады. Жүктелген нақты миссияны орындаса болғаны. Нәтижесінде, "мұнша бөлімшенің күл-талқаны шықты" деуге келмейді.
"Сол себепті, қарсыластың шығыны статистикасы майдан даласында қалған мүрделер, техникалар, сондай-ақ куә болған жауынгерлердің, тұтқындардың айтқаны негізінде қалыптастырылады. Бұл жерде қаптаған гәп бар. Әрине, әлдебір аумақ жаудан азат етілсе, мәйіттерді жинастырып, санап шығуға болады. Бірақ көптеген ұшақ, тікшақ, сауытты техника, әскери көліктер түбі тесілгенше, қаңқасы қалғанша жанып кетеді. Ішінде болған снарядтар, басқасы жарылады. Тиісінше, ішіндегісінен, адамдардан тек күл қалады. Онда әрбір танкке, басқа техникаға қанша адам сияды, сол бойынша есеп жүргізген жөн шығар? Алайда жарылғанға, жанғанға дейін экипаж сыртқа шығып үлгеруі мүмкін. Немесе бомбалау нәтижесінде әскери қару-жарақ қоймасы жарылып жатады. Оны қорғаған қанша жауынгердің шейіт болғаны да белгісіз, тек алып шұңқырлар қалады", – дейді Игорь Богдан.
Қалай болғанда, оның бағалауынша, Ресей жағының адам шығыны Украинаныкінен әлдеқайда көп. Себебі, Ресей жинап әкетпеген жауынгерлерінің мәйіттері Украинаның қолында, рефрижераторларда жатыр. Киев оларды алып кетуді "Қызыл кресттен" өтініпті. Халықаралық ұйым "жерлеу бюросы емеспіз" деген ауанда сылтау айтып, одан бас тартқан.
Жалпы, ресейлік пропагандистер телеарналары арқылы күн сайын дерлік Украина мен Батыс елдеріне қарсы ядролық қару қолдануды талап етуде. Егер Мәскеу бірінші болып, теромоядролық соғысты бастаса, Батыс әлемі үстемелеткен ядролық соққымен жауап беретіні даусыз. Мұндай соғыстың адам шығыны миллиондарға кетпек.
Әйткенмен, Ресейдің Ұлыбританиядағы елшісі Андрей Келин ВВС-ге сұхбатында өз елінің Украинамен соғыста тактикалық ядролық қаруды пайдаланатынына сенбейтінін жеткізді. Оның байламынша, әскери доктринада мұндай "ақырзаман қаруын" қолданудың ережелері көрсетілген. Онда егер жау тікелей Ресейдің өзін жойып жіберу қаупін төндірсе ғана соны қолдану қарастырылыпты. Ал Украинадағы "әскери операция" сияқты қарулы қақтығыстарда мұндай зұлмат қаруын пайдалану көзделмеген.
Ендеше ресейлік телеарналарды күні-түні жайлаған қанқұмарлардың сөздері тек бос сандырақ болып шығады деп сену ғана қалады.
Дереккөз: inbusiness.kz