Ресей әскері Донецк облысындағы 3 қаланы басып алды.
Арасында Светлодарск бар. Украина Қорғаныс министрлігі мұны уақытша жетістік деп отыр. Луганск облысының 95%-ін Ресей өз бақылауына алған. Бұл туралы аймақтық әскери әкімшілік басшысы Сергей Гайдай мәлімдеді.
Жергілікті журналистер Лисичанск мен Бахмут арасындағы жолдың зымыранмен атқылғанын хабарлады. Бұл стратегиялық жағынан маңызды жол. Ол арқылы үлкен қалаларға гуманитарлық жүк жеткізіледі.
Александр Мотузяник, Украина Қорғаныс министрлігінің өкілі:
– Украина әскері Лисичанск мен Бахмут арасындағы жолды өз бақылауында ұстап отыр. Бұл жол жабылып қалған күннің өзінде бізде жанама жолдар бар.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
– Кейбір батыс ақпарат құралдарында "Украина бейбітшілік үшін біраз жерін беруге тиіс" деген мақалалар шықты. Бұл туралы "Нью-Йорк Таймз" сонау 1938 жылы жазған. Бірақ қазір 2022 жыл. Бұл аумақтарда миллиондаған қарапайым украиналық тұрады. Халықтың барын ұмытпау керек.
Мына кадрларды Ресейдің Қорғаныс министрлігі жариялады. Кремльдің хабарлауынша, Мариупольдегі теңіз айлағын қалпына келтіру жұмысы басталған. Қазір аумақты минадан тазарту ісі жүріп жатыр. 5 шетелдік кеме теңізге шыққан. Сондай-ақ Ресейдің Сыртқы істер министрлігі «Азовсталь» зауытына бекініп, кейін берілген украин сарбаздары үшін халықаралық әскери трибунал болатынын жеткізді.
Игорь Конашенков, РФ Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:
– Дәлдігі жоғары зымырандар арқылы Запорожье қаласындағы «Мотор Сич» зауыты талқандалды. Бұл жерде Украина авиациясы мен ұшқышсыз ұшу құралдары үшін әуе қозғалтқыштары шығарылатын.
Мария Захарова, РФ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
– Донецк халық республикасының үкіметі «Азовстальда» болған ұлтшылдар үшін халықаралық трибунал өткізуді жоспарлап отыр. Қазір оның жарғысы жасалып жатыр. Біз бұл бастаманы қолдаймыз.
* * *
Украина Еуроодаққа өкпелі.
Өйткені Ресейге қарсы санкциялардың 6-пакеті әлі қабылданбады. Бұл туралы Украина Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Давос экономикалық форумында мәлімдеді.
Ресей мұнайына эмбарго жариялау көзделген еді. Бірақ Еурокомиссия ұсынған санкциялар тізімін Венгрия қолдамаған.
Дмитрий Кулеба, Украина Сыртқы істер министрі:
– Біз өкпеліміз. Еуропалық одақтың 6-санкциялар пакеті Венгрия ветосының кесірінен қабылданбай қалды. Қазір Донбаста соғыс болып жатыр. Бұл Екінші дүниежүзілік қырғынды еске салады. Кейбір қалалар мен елдімекендер толық жойылып кетті. Ресей зеңбіректері мен зымырандары оларды күлге айналдырды. Қауіпсіздік мәселесі Украинамен ғана шешілмейді. Еуропаға да соғыс қаупі төніп тұр.
* * *
Еуропарламент Ресейдің энергоресурстарына эмбарго салудың орнына баж салығын салу мәселесін көтерді. Бұл идеяны Словакиядан келген ЕП депутаты Эуген Юрзица көтерді.
Оңтүстік Корея Украинаға көмектің келесі партиясы ретінде құны 1,1 миллион доллар болатын противогаздар мен сүзгілерді жіберуді жоспарлап отыр, деп хабарлады бейсенбі күні Yonhap агенттігі қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
* * *
Бүгінде Испания Украинадан 120 мыңнан астам босқынды ресми қабылдап үлгерді.
Шарықтап тұрған отын бағасы, азық-түлік пен инфляция, ағылған босқындар тасқыны тағы бар: Бұл Испанияда жалдамалы тұрғын үй бағасына әсер етті. Тек сәуірде баспана құны 3,5%-ке артқан.
Жүздеген адам Барселонада наразылық акциясын ұйымдастырып, билік пен пәтер иелерінен бағаны көтермеуді талап етті.
* * *
Қытайда Ресейге қарсы санкциялардың салдары туралы айтылды.
Еуроодақ елдері энергетикалық дағдарыстан зардап шегіп жатыр, ал халық пен кәсіпорындар дүрбелеңге бой алдырды. Сондай-ақ Еуропа Ресейдің энергетика ресурстарынан бас тарту одан да көп зиян келтіретінін мойындап отыр, деп жазды қытайдың "Синьхуа" агенттігі.
Басылымның мәліметінше, батыстың Ресейге қарсы кең ауқымды санкциялары энергетикаға, азық-түлік пен қоғамға, сондай-ақ Еуропа экономикасына елеулі кері әсерін тигізген. Шектеулер энергиямен қамтамасыз ету және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы шиеленісті күшейтіп, еуропалықтарға салмақ салып отыр.
Сонымен бірге АҚШ қақтығыс пен шектеудің бастамашысы ретінде өртті арғы беттегі жағадан бақылап, одан пайда көруде, делінген материалда.
"Еуропа қоғамы энергетикалық дағдарысқа батып барады, бизнес пен халық дүрбелеңге салынды... Еуроодақтағы жағдай күннен-күнге нашарлауда және биліктің жауап шаралары бұл мәселені мүлде шеше алмай отыр, бұл жағдай АҚШ үкіметі мен энергетикалық компанияларға ғана пайда келтіруде", - деп атап өтті агенттік.
* * *
Әлемде ашаршылық болуы мүмкін.
Әлемді ашаршылық пен тұрақсыздық жайлауы мүмкін. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы осылай деп дабыл қақты. Себебі энергоресурстар мен тамақ қымбаттап барады.
Биыл әлемде шикізаттың қымбаттауынан ахуал нашарлауы мүмкін. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы тауар жеткізу тізбегінің бүлінуінен тұрақсыздық күшейіп, көп елді ашаршылық жайлайтынын айтады. Ресейдің Украина порттарын қоршауынан 25 миллион тонна астық экспортталмай қалған. Бұл әлемде 400 миллион адамның аштыққа ұшырауына әкеледі дейді ұйым басшысы.
Дэвид Бизли, БҰҰ дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының бас директоры:
- Азық-түлік дағдарысының алдын алу үшін әлем елдері Ресей, Украинамен бірігуі қажет. Егер біз бұл порттарды ашпасақ, алдағы 10-12 айда азық-түлік бағасы қымбаттап, келесі жылы жер бетінде ашаршылық басталуы ықтимал.
Ауғанстан халқы Украинадағы ахуалдың салдарын сезініп жатыр. Бағалардың шарықтауынан елде биыл 5 жасқа дейінгі 1 миллионнан аса бала аштыққа ұшырауы мүмкін. Кішкентайлардың тойып тамақ ішпей ағзасы әлсірегеннен ауру да көбейген. Былтыр 38 миллион тұрғыны бар ауған халқының жартысы кедейшілікте өмір сүрсе, биыл оның деңгейі 97 процентке жетуі ықтимал дейді сарапшылар.
Мұхаммед Седик, дәрігер: - Кейінгі уақытта елде түрлі ауру көбейді. Оған себеп жетерлік. Соның бірі - азық-түлік жетіспеушілігі мен жұмыссыздық. Осындай жағдайдан адамдардың тамақ табуы қиындады.
Украинадағы ахуал Таяу Шығыстағы жағдайға да кері әсерін тигізді. Аймаққа Украинаның арзан бидайын жеткізу тоқтап, Газа секторындағы 5 зауыт қиындыққа ұшырады. Салдарынан кәсіпкерлер жұмысшыларды қысқартып, өндіріс қуатын төмендеткен.
Ал жанармай мен тыңайтқыш бағасының өсуі грек фермелеріне ауыр тиді. Жем-шөп қымбаттап, шаруалар малын союға мәжбүр. Мысалы, Наксос аралында шаруалар кей өнімдерді шығаруды тоқтатқан.
Димитрис Капунис, Наксос аралы ауыл шаруашылық одағының президенті:
- Егер жағдай осылай жалғаса берсе аралда мал шаруашылығы құрып кетуі мүмкін. Себебі шаруалар қолындағы бар малын сойып жатыр. Үкімет фермерлерге жан-жақты көмекті күшейтуі қажет.
Ресми дерекке қарағанда 36 ел шетелден импорттайтын астықтың жартысынан көбін Ресей мен Украинадан алады екен. Олардың арасында Ливан, Сирия, Йемен, Сомали сияқты елдер бар. Сарапшылар мәселе тез шешілмесе, бұл кедей елдердегі экономикалық дағдарыс шиеленісе түседі дейді.
* * *
Ресей Мариупольден Украинаның астығы мен металын әкетуге дайындалып жатыр.
Мәскеу Ресей әскерінің бақылауына өткен Мариуполь қаласының портынан Украина астығы мен металын алып кетуге дайындалып жатыр. Бұл жөнінде Азаттықтың Украин редакциясы спутник фотоларына жасалған талдауға сүйеніп хабарлады.
Ресейдің Украина портындағы жүктерді әкетуге талпынып жатқанын бұған дейін "Мариуполь теңіз сауда порты" мемлекеттік кәсіпорнының директоры Игорь Барский мәлімдеген. Оның сөзінше, порттағы металл мен шойынның бағасы 170 миллион долларға тең.
"Схеми" мәліметтеріне қарағанда порт маңында шетел туын көтерген төрт жүк кемесі тұр. Спутник суреттері олардың жүк артатын орынға жақын екенін көрсеткен. Мариуполь портындағы металл Украина олигархы Ринат Ахметовтің "Метинвест" компаниясына, ал астық мемлекеттік мекемелерге тиесілі. "Метинвест" металдың бір бөлігі Италияға шығарылуға тиіс болғанын хабарлады.
Мариуполь мэрі Вадим Бойченконың сөзінше, Ресей порт жұмысын қайта жандандыруға тырысып жатыр.
Қаланың ресейшіл сепаратистер тағайындаған мэрі Константин Иващенко Мариупольден алғашқы кеменің аттануға дайын екенін, Дондағы Ростовқа шамамен үш мың тонна металл өнімдерін әкететінін мәлімдеді. Иващенконың сөзінше, портта шетелдің екі кемесі тұр. Оларға шығып кетуге рұқсат берілген.
Мариуполь наурыздың бас кезінде Ресей әскерінің қоршауында қалған. Украина жауынгерлері ұзақ қарсыласып, "Азовсталь" зауытына бекінген. Өткен аптада Ресей Қорғаныс министрлігі комбинат Ресей әскерінің бақылауына өткенін мәлімдеген. Украинаның екі жарым мыңнан астам жауынгері тұтқынға түскен.
Мариуполь Ресей әскерінің шабуылынан кейін толығымен қирап, ондаған мың адам өлген. Қаладағы құрылыстың 90 пайызы жойылған. Соғысқа дейін 400 мың адам өмір сүрген қалада 100 мыңға жуық халық қалған.
Ақпараттар Sputnik, 24.kz, kursiv.media, Азаттық радиосы басылымдарынан алынды.