Атырау, 25 сәуір 11:09
 ашықВ Атырау +26
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

«Ірі жобаларды жүзеге асырудың қолданыстағы жүйесі оларға қатты кедергі жасайды»

Сурет
1 325 просмотра

– деп мәлімдеді «Kazakhstan Petrochemikal Industries Inc.» сарапшысы Сәдуоқас МЕРАЛИЕВ жергілікті экобелсенділер мен журналистердің Қарабатандағы зауытқа барған сапарында.

«Біріктірілген газ-химиялық кешен» жобасының «2008-2013 жылдарға арналған ҚР мұнай-химия өнеркәсібін дамыту бағдарламасы» аясында әзірленіп, сонау 2004 жылы бекітілгені белгілі. 2006 жылы жобалау-сметалық құжаттама жасалып, қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірленді. 2008 жылы жобаның операторы болған «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС («KPI Inc.») құрылды. Келесі жылы «Біріккен газ-химиялық кешен» жобасы «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасына, 2010 жылы Қазақстанның 2010-2014 жылдарға арналған индустрияландыру картасына енгізілді. Енді ғана жоба өнімді шығара бастау кезеңіне жақындады. «АЖ» бұлай кешігуге не себеп болғанын сұрады.

– Өз басым бұл біздің заңнаманың проблемасы деп ойлаймын. 2010 жылы Sinopec Engineering (Group) Co Ltd (SEG) компаниясымен келісімшартқа қол қойылды. Сома өте аз болды. Мен жобаға 2012 жылдың 12 қазанында қосылдым, ал 2 аптадан кейін кездесуде «Синопек» ҚҚС-сыз 3 миллиард 40 миллион доллар сомасын жариялады. Сол кезде біз олармен қоштасамыз деп ұйғардық. Бірақ біздің «Самұрық-Қазына» басшылығы бұл қадамды құптамады, нәтижесінде біз 2014 жылдың наурыз айына дейін созып, «Синопектен» соманы азайтуды сұрадық. Наурызда олар өздерінің түпкілікті сомасын – 2 миллиард 219 миллион долларды жариялады. Біз оларға «келісім-шарттан айырылып қаласыңдар ғой» дедік, жауап ретінде олар өздерінің арзанырақ жасай алмайтындарын айтты. Осыдан кейін бізге олармен келісімшартты бұзуға рұқсат берілді. Егер сол кездегі Гонконг биржасына қарасаңыз, «Синопек» біздің келісімшартымыздан айырылғандықтан өз акциясы құнының 17 пайызын жоғалтқанын көресіз, – дейді Сәдуоқас Мералиев.

Оның айтуынша, Қазақстан шетелдік компанияға жобаны бағалауға тапсырыс беріп, ол оны 2 миллиард 140 миллион долларға бағалаған. 9 үміткердің ішінен 3-еуі, ең соңында - China National Chemical Engineering Co (ҚХР) таңдалды. Бұл Қытайдың ұлттық компаниясы. Ол өз қызметін 1 миллиард 794 миллион долларға ұсынды.

– Бір жарым жылда тендер өткізу – қалыпты жағдай, оның үстіне, біз 400 миллион үнемдедік. Әрі қарай жоба бойынша тағы 25 миллион долларға қысқартуға қол жеткіздік, - деп атап өтті сарапшы.


«КЕЛІСІМШАРТ ЖАСАСАҢ – ЕНДІ ДӘЛЕЛДЕ»

2015 жылы ҚР мен ҚХР үкіметі басшыларының қатысуымен келісімшартқа қол қойылып, қаржыландыруды ұйымдастыруға жарты жыл уақыт кетті. 2016 жылдың 3 қыркүйегінде Қытай даму банкімен несиелік келісімге қол қойылып, зауыт құрылысы 2018 жылы басталды.

– Сөйтіп 2016 жылдың қыркүйегінен 2018 жылға дейін KPI бұл істі Қазақстанның мемлекеттік сараптамасына дәлелдеуге тырысты. Біздің заңдар осындай болғандықтан бір жарым жыл уақытымыз бен 840 миллион долларды жоғалттық. Ең қас дұшпаның да біздің жүйемізден асқан сорақыны ойлап таппас. Жеңімпаз анықталды, келісімшарт жасалды, енді ешкім бағаны түсірмейді. Ал да, жұмыс жаса. Жоқ, оны дәлелдеу керек. Біздің жабдықтың бәрі шетелдік, иә қымбат, бірақ сапалы. Ал мемлекеттік сараптамадағы қазақстандық инженерлер бізге ұқсас бағаны әкеліңдер дейді. Біз сонда, коммерциялық барлаушымыз ба? Түрлі фирмалардан сұрай бастайсың - әрине, ешкім мұндай ақпаратты бөліскісі келмейді, бір-біріне сілтейді. «ИЖҚ» (инжиниринг-жеткізу-құрылыс) түріндегі және толық орындалатын («Күміс кітап») жобаларға келісім шарттарын Халықаралық инженер-консультанттар федерациясы (FIDIC) дайындайды. Біз Күміс кітап бойынша жұмыс істейміз. Қытайлық әріптестер неліктен өздерін смета әзірлеуге мәжбүрлеп жатқанымызды түсінбейді. Бізде толық орындалатын жоба, кепілдік береміз, айыппұлын да төлейміз. Яғни, әлемдік тәжірибе еліміз үшін қолданылмайды. Бір жағынан «халықаралық нормалар мен стандарттар» дейміз, екінші жағынан «егер олар біздің норма мен стандарттарды бұзбаса» деген ескерту бар. Яғни, ҚР нормаларын бұзбайды деп айту үшін компания жалдап, көп ақша жұмсау керек. Біз қалай жұмыс істеу керектігін шешуіміз керек: халықаралық стандарттар бойынша ма әлде біздің стандарт бойынша ма. Бірақ, осы қиындықтарға қарамастан, біз мәреге жақындап қалдық, - деді С.Мералиев. Ол қазіргі уақытта зауыт іске қосу-реттеу жұмыстарының сатысында екенін, жабдықтар мен қондырғылар сынақтан өтіп жатқанын айтты.


Осы сөздерді растау үшін зауытты аралау кезінде пропанды ағызу және сақтау паркі, дайын өнім қоймасы, пропанды сутексіздендіру және пропиленді полимерлеуге арналған технологиялық қондырғылар, сондай-ақ зертхана мен әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар көрсетілді.


ЖЕРГІЛІКТІ КАДРЛАРДЫҢ ДЕҢГЕЙІ ТӨМЕН, КРІ ОЛАРДЫ ӨЗІ ДАЙЫНДАЙДЫ

«КРІ» ЖШС басқарма төрағасының бірінші орынбасары Дамир ӘШІМОВ жергілікті кадрларды жұмыспен қамту мәселесіне қатысты сауалға жауап бере отырып, қазіргі таңда компанияда 552 адам жұмыс істейтінін, оның 75 пайызы Атырау облысының тұрғыны екенін айтты. Бұдан басқа, KPI бейінді мамандықтар бойынша диплом алған түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша бірнеше оқу орындарымен бірлесе жұмыс істейді. Бүгінде бос орындар бар, бірақ біздің мамандарды дайындау сапасы нашар. Сондықтан KPI жұмысқа қабылданған кадрды оқытуға көп көңіл бөледі. 2018 жылдан бастап басқа елдердегі ұқсас кәсіпорындарда тағылымдамадан өту жоспарланған, бірақ пандемия мен карантин шектеулеріне байланысты ол жаққа бару тоқтатылды. Шектеу жойылғаннан кейін зауыт қызметкерлері Өзбекстандағы Шуртан газ-химиялық кешеніне, «СИБУР Холдинг» ЖАҚ-ына (Ресей), Колумбия және Германияға оқуға жіберілді. Бұдан басқа, қызметкерлер APEC PetroTechnic Жоғары колледжінде теориялық дайындықтан өтеді.


«СИБУР» ӘЗІРГЕ САНКЦИЯҒА ІЛІНГЕН ЖОҚ

Сәуір айының соңында Қазақстан ресейлік «СИБУР» ЖАҚ-мен мұнайхимия саласында ірі жобаларды бастағаны туралы хабар тарады. Әңгіме KPI туралы болған еді. Бұдан бұрын «Самұрық-Қазына» қоры, «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ұлттық компаниясы және ресейлік «СИБУР Холдинг» ЖАҚ Қазақстандағы мұнайхимия жобалары бойынша ынтымақтастық шарттары туралы келісімге қол қойған болатын. Ресейлік компанияның үлесі - 40 пайыз. Әрине, «Ресейлік компанияның санкцияға ұшырау қаупі бар ма және бұл оның қазақстандық серіктесіне әсер ете ме?» деген сұрақ туындайды.

– Иә, келісімге қол қойылды, «СИБУР» бізге 40 пайызбен кіреді. Біз күтіп отырмыз. Ендігі мәселе - «СИБУРДЫҢ»  біздің акционерге айналатынын ескерсек, өнімімізді сата аламыз ба? Егер ол әсерін тигізбесе және біз санкциялар қаупіне ұшырамасақ, онда әрі қарай қозғаламыз. Бұған қоса, қазір «СИБУРМЕН» бұрын қол қойылған келісімге белгілі бір өзгерістер енгізу бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр: егер санкциялық қауіп іске асса, Қазақстан біржақты тәртіпте шығады да өнімді өз бетінше сатуға құқылы. Неліктен біз өз өнімдерімізді осы компания арқылы сатуды шештік? Біріншіден, бізде сату тәжірибесі жоқ, екіншіден, бұл негізгісі – «СИБУР» бөліске баяғы түскен әлемдік полимер нарығындағы танымал бренд. Ең жақсы нарық Еуропа - Италия, Түркия, мұнда «СИБУР» мықты позицияға ие. Ал бізге осы керек. Біз «СИБУР» маркасымен кіріп, өз қатысымызды біртіндеп клиенттерге дағдыландыруды жоспарладық: алдымен «Сибур – KPI», содан кейін KPI-дің өзі, – деді Д.Әшімов.

- «СИБУР Холдинг» ЖАҚ-ының бұрынғы басқарма төрағасы Дмитрий КОНОВ Еуроодақтың санкциясына ұшырағандықтан, қазір «СИБУРДА» қандай да бір проблемалар бар ма?

 – Жоқ, «СИБУР» бізге күн сайын санкцияға ұшырамағаны туралы хат жолдайды, кәсіпорын қалыпты жұмыс істеп жатыр. Санкцияға ұшыраған басшылар компанияның жұмысын тоқтатпау үшін директорлар кеңесінен, басқарма құрамынан шығып кетті, деп сендірді Д.Әшімов.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттерді түсірген автор

25 мамыр 2022, 18:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.