Атырау, 20 сәуір 11:35
 ашықВ Атырау +32
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Мариупольден Атырауға келген босқындар: «Қаламыздың түгі қалмады»

Сурет Бейнежазба
1 802 просмотра
Мырзағалиевтар отбасының қираған үйінің суреті

Людмила, Кристина және Вероника Мырзағалиевтардың Мариупольден қалған естелігі - олардың фотосуреттері. Үйлерінен бомбадан қорғану үшін панажайға шыққан отбасы өздерімен бірге құжаттарын, азын-аулақ азық-түлік пен ауыстыратын киім ғана алып шыққан. Бірер күнге осы жетеді деп ойлапты. Сол кезде үйлерінің қирайтынын, Украинада қалу қауіпті болатынын, өздерінің басқа елден баспана сұрауға мәжбүр болатынын ешкім де білмеген еді.

– Мен Украинаның алты ірі облысында қызмет көрсететін энергетикалық компанияда жұмыс істедім. Жұмысым беделді, жалақысы да жақсы, кестесі де ыңғайлы еді - сағат 8-ден 17.00-ге дейін. Демалыс күндері де, мерекеде де баламен үйде болатынмын, - дейді Людмиланың қызы Кристина.

Людмиланың өзі «Азовсталь» зауытының азық-түлік блогын басқарған, ал бұл 20 нысан - асханалар мен буфеттерден тұрады. Кристина анасы тұратын үйде орналасқан пәтерінде жөндеу жұмыстарын аяқтап жатқан. Отбасы зауыттың бірінші кіреберісінен 10 минуттық қашықтықта тұрған екен. Соғыс басталған кезде үйдің зауытқа жақын орналасуы қауіпті еді. Олар тұратын аумақ үнемі бомбаланатын, бастапқыда жарты сағат немесе бір сағатқа үзіліс болған болса, кейін үзіліссіз бомбалап, зымырандық шабуылдар жасаған.

Бұл әйелдер мен кішкентай Верониканың бірнеше айдың ішінде қаншама тауқыметті бастан өткергенін естігенде жүрегің ауырады. Бір ай бойы жер астында, суықта, жарықсыз, сусыз, газсыз, қарапайым тұрмыстық жағдайдан қол үзген. Олардың арасында омыраудағы сәбилер де болды. Олардың көз алдында туған қаласы қиратылды, жауған оқтың астынан белгісіз бағытқа бас сауғалады. Енді олар есін жинап, өмірлерін қайта реттеуге мәжбүр.

– Бір қызығы, жағдайдың қиындығына қарамастан, ешкім ауырған жоқ. Тіпті кішкентай балалар да. Шамасы, мұндай сәттерде адам күшін жинап, бүкіл сынаққа қарсы тұратын болып тұр ғой. Ал панажайдан салыстырмалы түрде бейбіт аумаққа шыққан кезде аурудан көз ашпай қалдық, - дейді әйелдер.

ТҮГІ ЖОҚ ПАНАЖАЙДА

Бұл соғыстың 24 ақпанда басталғаны белгілі. Бұл күні бүкіл Украина жұмысқа шықпай қалды. Қоғамдық көлік тоқтады. Кристина кеңседен ноутбугін алғысы келген. Ұзаққа созылмас, әзірге қашықтан үйде жұмыс істеймін деп ойлаған еді. Бірақ такси шақырмақ болған әрекетінен түк шықпады. Ол такси кезегінде тұрған 300-ші адам екен, ал такси құны 10 есеге өсіп кеткен. Су, жарық, газ ажыратылды, жарылыстар гүрсілдеп жатты, снарядтар ұшып, ғимараттар шайқалды. Ол бір сұмдықтың басталғанын бірден түсінді. Сондықтан 25 ақпанда олар өнер мектебі ғимаратының астындағы 7 метрлік тереңде орналасқан бомбадан қорғайтын панажайға түседі. Ішінде 200-ге жуық адам болды, кейбірінің үй жануарлары да бар. Бомбадан қорғанатын панажай кеңес заманында атом соғысы бола қалса деп салынған. Одақ ыдырағаннан кейін қараусыз қалғандықтан ол жерде жағдай болмады. Дәретхананың орнына шығар ауызға жақын бөлмеде шелек қойылған. Оны кешке кезекпен төгіп тұрды. Әр жерде әйнектер мен кірпіштер шашылып жатты. Адамдар сынған әйнектерді шығарып, кірпіштерге тақтайлар қойып, өздеріне ұйықтайтын орын жасады. Тыншыған уақытта ер адамдар жер бетіне шығып, от жағып, әйелдер картоп, макарон салынған кастрюльдерді алып шығып, дереу төмен қарай жүгіретін. Көшелерде шайқас болып, бейбіт тұрғындар бәрінен – қаңғыған оқтан, снарядтардан, жауған оқтан қорқатын болды. Әйелдердің айтуынша, от жаққан бір ер адам осылай жараланған. Жігіттердің бірі жақын жерде тұратын дәрігерді білетін, басын қатерге тігіп, алып келуге барыпты.

Жалпы, панажайдан шығу қайғылы аяқталуы мүмкін. Соған қарамастан Людмила үйіне бірнеше рет барып келген, ішіп-жейтін су мен азығы таусылғанда басқа амал жоқ еді. Ол Кристинаға сыртқа шығуға рұқсат бермеді, қозғалған объект нысанаға айналды, ал егер қызы екеуін бірге өлтірсе, Вероника кіммен қалады?! Қысқа жолды миналап тастаған соң, үйді айналып баруға тура келген. Бейбіт күндері 10 минутқа созылатын жолды енді жарты күнде еңсеруге тура келді. Жарылыстың толқыны төңіректегі бүкіл терезенің әйнегін қиратып, ал жолдар әйнек сынықтарына толы еді. Адамдар сол жолдың бойымен жүрді, жүгірді, бір жерде жарты сағат бойы тырп етпестен жатып, еңбектеді. Людмила соңғы рет үйіне 20 наурызда барып, су, тамақ, заттар мен фотосуреттерін алып келген. Содан кейін үйлерінің енді жоқ екенін, оның тек қирандысы қалғанын біледі.

АЖАЛ ЖОЛЫ

Алдымен олар тығылып жатқан ғимаратқа украин әскерлері, кейін Ресей әскерилері келген. Олар телефондардың бәрін алып кетіпті. Көп уақыттан бері байланыс та, жарық та болмағандықтан, олардың пайдасы да жоқ еді.

- Біз олардан қорықтық, олар бізден қорықты. Өздері сөйлеп тұрса да, көздерімен бізді сүзіп тұрды, шүріппелерін басуға дайын еді. Олар панажайға тығылғандардың арасында сарбаздар болуы мүмкін деп ойласа керек. Бірақ шамасы келгендер соғысқа бірден өз еріктерімен аттанса, қалғандарының отбасын, қарт ата-анасын тастап кетуге мүмкіндігі болмады. Біздің де, орыс әскерлері де панажай үстіне миномет қойып, оқ жаудырды, қарсы тарап та атқылады. Сондықтан бізде бір сәт те тыныштық болмады. Мариупольде негізінен көп қабатты үйлер болатын. Кейбір қала тұрғындары панажайға тығылып үлгермей, бомбалаған уақытта үйлердің жертөлесіне түсті. Қалаға жоғарыдан салмағы 500 келі бомбалар тасталып, үйлер жермен-жексен болды, жертөлелер бітеліп, адамдар өлді. Бір күні панажайға бомба түсіп, көбі зақым алды, ішінде 3 жасар бала да бар. Вентиляция шахтасы бітеліп қалды. Екінші рет бомба түссе, шығатын жолдарды бітеп тастап, біз жер астында қалар едік. Әупірімдеп шығар ауызға қарай көтеріліп, қисайған есіктің саңылауынан түскен жарықты көрдім. Таңғалып, қозғала алмай қалдым. Өйткені қалада көптен бері электр жарығы жоқ болатын. Есікті сәл аштым да, үйлердің өртеніп жатқанын білдім. Бір айдың ішінде айналамыздағы барлық ғимарат өртеніп кетті, – дейді Кристина.

Сол кезде олар кету керегін түсінеді. Бірақ орыс әскерлері оларға рұқсат бермеді. «Біз осы нүктеден кеткеннен кейін кетесіңдер», - деді олар. Міне, бұл күн де келді. Адамдар топ-топ болып жиналып, асығыс шықты, өйткені кетіп бара жатқанда Ресей әскерилері арттарынан ДХР сарбаздары келетінін айтты. Бірақ төртінші әрекет қана сәтті болды. Алғашқы күні есікті ашпақ болған бойда мергендер аяқтарына оқ жаудырды. Екінші күні де солай болды. Үшінші күні олар ұшақтың гүрілін естіп, сыртқа шығуға батылы бармады. Төртінші күні таңғы 6-да сәтін салды. Адамдар ажал жолынан - трамвай жолдары мен мергендер бақылауда ұстап отырған арка арқылы өтуге мәжбүр болды. Бір ай бойы панажайдан шықпай отырған бір егде әйел туған қаласының қандай күйге түскенін көргенде, жүрегі шыдамай, құлап, қайтыс болды.

АТЫРАУҒА АПАРАР ҰЗАҚ ЖОЛ

Әрине, бәрі Украинаның соғыстан онша зардап шекпеген және Украина билігінің бақылауында болған бөлігіне жетуді қалайтын. Бірақ ол үшін қаланың жартысынан өтіп, аман қалу керек. Мұның қанша уақытты қажет ететінін адамдар білмеді, бірақ мұның қандай қауіпті екенін түсінді. Екі мысығы бар ерлі-зайыптылар мен бір жігіт қана сол жаққа жетуді ұйғарды. Ал қалғандарына, балалар мен қарттарға ДХР сарбаздарының блок постына баруға тура келді.

- Жолда Вероника мен Кристина мина басып кетті, оның танкке қарсы қолданылатын түрі болғанына шүкір, жарылмады. Новоазовскіде бізді әлдебір клубқа апарды, ол жерде орындықтар болды, ал сахнада ыстық тамақ таратылып жатты. Бәрімізді тіркеді, - дейді Людмила. - Кішкентай Новоазовскіде қаншама босқын, рухы әлсіреген мыңдаған адам болды. Сол жерде қалып, жұмыс іздеудің еш мәні жоқ еді.

Бастапқыда отбасы Еуропаға кеткісі келген, бірақ Польша арқылы өтуге ақшасы болмады. Сол кезде Қазақстаннан туыстары хабарласады. Олар соғыс басталғаннан кейін дереу қоңырау шалып, Людмила қыздармен бірге бір ай жоғалып кеткенде қатты уайымдап, қайта тауып алған соң, отбасын Атырауға келуге көндірген. Таганрог, Ростов-на-Дону арқылы олар Астраханьға жетіп, сол жерде туыстары оларды көлікпен алып кеткен. Үйді жалға алуға көмектескен.

Олар Қазақстанда өздерін жайлы сезінеді, тілдік кедергі жоқ, адамдар мейірімді. Бұл отбасының Украинадан келгенін білген пәтер иесі жалдау ақысын төмендеткен. Қазір Людмила мен Кристина жұмыс іздеп жүр, олар Верониканы жазда қайда орналастырсақ деп ойластырып жүр. Біз ересектермен сөйлесіп отырған кезде, Вероника жанымызда болды - қуыршақтармен ойнап, сурет салып, әйнекке ермексазды жабыстырып отырды. Балалардың психикасы осындай икемді болғаны қандай бақыт деген ойға қалдым. Жеті жасар бүлдіршін соғыс қасіретін көрсе де, тұйықталып қалмады, өте мейірімді, ашық, ерке күйінде қалған.

Панажайда ол өзіне дос құрбылар тапқан, олар бір-біріне «қонаққа барып» ойнапты. Бір қыздың әкесі көліктен аккумуляторды түсіріп алып, оған лампа қосып қойыпты. Осылайша бөлмелердің бірінде анда-санда жарық қосылатын. Ақпан айында Верониканың көзіне ота жасату керек еді, бірақ үлгермеді. Бұл ересектерді алаңдататын тағы бір мәселе.

«ДОНЕЦК МЕН ЛУГАНСК – БҰЛ УКРАИНА»

Людмиланың ДХР мен ЛХР-ға және жалпы қазіргі соғысқа қалай қарайтынын сұрамай тұра алмадым. Оның үстіне Мариуполь Донецкіге жақын орналасқан.

– Донецк пен Луганск облыстары – бұл Украина, басып алынған біздің жеріміз. Ресей билігі «кеткісі келгендер кетті» дейді. Ал егер қалған адамдар болса, демек бәрі олардың көңілінен шығады дейді. Іс жүзінде, адамдардың барар жері жоқ. Бастапқыда адамдар жаппай Украинаға кете бастады. Бізге, Мариупольге көшкендер көп, жоғары оқу орындары бүкіл профессорлық-оқытушылар құрамымен көшірілді. Бірақ мойындауымыз керек, біз бай ел емеспіз және бұған дайын емес едік, көмек көрсету, баспана, жұмыс беру кез келгеннің қолынан келе бермеді. Кейбірі қайтуға мәжбүр болды. Халықтың ДХР-ға көңілі толмайды, олар дүмпулерден, ойрандаудан, қантөгістен, үнемі қорқыныштан шаршағаны соншалық, олар тек бейбіт және тыныш өмірді қалайды. Біз ДХР-ды да, Ресейді де қаламаймыз. Қарапайым орыс халқы кінәлі емес екенін түсінемін, Астраханьда бізді бір орыс әйел жылы қарсы алып, үйіне апарды. Бірақ өзімнен аттап кете алмаймын. Сол елде сол үкіметтің қол астында өмір сүре алмаймын және оны қаламаймын да. Өзімнің Украинама оралуды армандаймын. Әпкеме, ағама, әкеме.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

24 мамыр 2022, 23:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.