Атырау, 29 наурыз 04:21
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Атырау шаруалары әкімге талап қойды. Ол "заң шеңберінде" шешуге уәде етті

1 396 просмотра

Атырау облысының әкімдігінде 60-қа жуық шаруа қожалығы өкілдері облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВПЕН кездесті. Төрт сағатқа созылған жиында жергілікті шаруагерлер өздерін толғандырған мәселелерді жеткізді. Ал олар аз емес. 

Соның ішінде көктемгі егін науқанына дайындық, жайылымдық жерлерді бөлу, мал ауруларының алдын алу, ветеринариялық ахуалды тұрақтандыру, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, субсидияны бөлу тәртібі мен белгіленген лимит бойынша суды пайдалану және тағы басқа мәселелер айтылды. Одан бөлек, шаруагерлер жалдамалы жұмыс күшінің тапшылығын да алға тартты.  

Шаруагерлер биыл жаппай өлген малдың бір бөлігіне болса да үкімет тарапынан өтемақы төлеуін талап етті. Еске салсақ, биыл ақпан мен наурыз айларында Құрманғазы, Қызылқоға, Исатай, Махамбет аудандарында төрт түлік мал жаппай қырылған еді. Соның ішінде Қызылқоға ауданындағы «Ойтаң» шаруа қожалығына тиесілі 200-ден астам қой, 10 бас сиыр өлген. Қожалық өкілі Айбар ЕРЕКЕШОВ шаруа қожалығы иелерінің 98 пайызында «Ауыл шарушалығын қаржылау қолдау қоры» АҚ мен екінші деңгейлі банктерінен малды асылдандыруға алған несиелері бар екенін айтады.

- Біз, мал шығынынан зардап шеккен шаруагерлер сол несиемізді төлей алмай отырған дәрежеге жеттік. Шаруагерлер несиесінің көп бөлігін өтей келді, ал қазір қаржылық мүмкіндік болмай отыр. Қалған соманы кешіруін немесе мал өлімі үшін өтемақы төлеуін сұраймыз, әйтпесе құрдымға кетеміз, - деді Ерекешов. Оның айтуынша, мал өлімі облыста әлі де тыйылмаған. Ол өзінің малы неден өлгенін де біле алмай отыр. Ақпан айында алынған қан әлі талдаудан өтпей, сақтаулы тұр деген ветеринарлардың бірі. 

Бұдан бөлек, кездесуде ветеринарларға «Нива» автокөлігін алып беру жөнінде айтылды. Себебі, олардың ескі көлігі қайта-қайта жөндеуге тұрады екен.  

Айтпақшы, шаруагерлер Атырау облысына үкіметтен бөлінген ауыл шаруашылығы субсидиясының көлемі аз деп есептейді.

- Дотацияның 80 пайызға жуық көлемін латифундистер алып кетеді. Қарапайым шаруалар оны алуға жылдап кезеккке тұрады. Олардың қатарында мен де бармын. 2021 жылы облысқа 700 млн теңге бөлінсе, бір «Первомайский» ЖШС-нің өзі соның жартысынан астамын алды. Алуы заңды, бірақ, қалған шаруаға субсидия жетпейді. Оның үстіне облысқа бөлінетін субсидия қаражатын жергілікті атқарушы органдар жергілікті шаруагерлермен кездеспегендіктен Ауыл шаруашылығы министрлгіне нақты талдау жүргізбей, соманы ойдан шығарып сұратып отыр деп есептеймін. Мен ауыл шаруашылығы техникасына субсидия алуға кезекте тұрмын. Бір өкініштісі, бізде отандық өндірушіден сатып алынған техника үшін субсидия қарастырылмаған. Тек қана шетелдік техникаға, яғни, Ресейден немесе Белоруссиядан сатып алынған техника үшін беріледі. Ал бүгінде Ресейге салынған санкцияның кесірінен ол жақтан техника жеткізудің мүмкіндігі жоқ, - дейді Ерекешов.

Осы әңгімені «Дастан» ШҚ иесі Қоныс ЕРМАНОВ жалғастырды. Оның айтуынша, Ресейдің Украинамен соғысы салдарынан  салынған санкция салқынын жергілікті егін шаруашылығымен айналысып отырған фермерлер де сезінген. Ол да қазір екі ауыл шаруашылығы техникасын елге жеткізе алмай, қиналып отыр.

- Ресейге қойылған шектеулердің кесірінен ауыл шаруашылығы техникасымен қатар, жабдықтар мен автобөлшектерді әкелуге тыйым салынған. Тіпті кейбір тыңайтқыштарға да қол жеткізе алмай отырмыз. Мысалы қыс басталмай тұрып мен Ставропольский крайдан 5 млн теңгеге сатып алған техника мен Краснодарский крайдан 1 млн теңгеге сатып алған техникаға тапсырыс бердім, бірақ, оларды бірнеше рет кеденнен кері қайтарып жіберіп жатыр, - дейді Ерманов.

Бұдан бөлек, шаруагерлердің басым бөлігі бұрынғы ауыл шаруашылығы бағдарламаларын қайта жандандыруды сұрады.

Мәселен, 2018-2019 жылдары үкімет тарапынан шаруагерлерге баламалы энергия көзі ретінде күн панельдерін орнатуды қайта жүзеге асырса екен дейді.

Сонымен қатар, жем-шөпке берілетін субсидияны желтоқсанда емес, нағыз жем-шөп дайындалатын шілде, тамыз айларында ертерек төлеуді сұрады.

Одан соң қожалықтарға арзандатылған бағамен жанар-жағармай сатылса деген тілек айтылды. Мәселен, қазір оның 1 лтирі 230 теңге болса, ең болмағанда 170 теңгеден берсе деп ұсынды шаруагерлер.

Ал, қала іргесіндегі Қайыршақты ауылдық округінің Соколок каналы маңында орналасқан «Анашым» шаруа қожалығының иесі Әсемғали ҚУАНЫШЕВ төрт түліктің жайылым жеріне қатысты мәселені сөз етті. Оның айтуынша, малы Атырау-Доссор тас жолы маңында жайылады. Ал бұл жерде күндіз жарық бар да, түнде жоқ. Малын көлік қағып кету оқиғалары кездесіп тұратынын айтады. Одан қалды, қазір соңғы уақытта ит пен қасқырдан қауіп төнген.

- Соңғы екі айдан бері ит пен қасқыр малымның біраз бөлігін жеп кетті. Биеге шабады. Бүгінде бас-аяғы бес бас малымды қырып кетті сол Атырау-Доссор тас жолы маңындағы жайылымда. Мен де субсидияны шілде, тамызға дейін төлесе деп тілеймін. Әйтпесе, 20 желтоқсанда береді, оған дейін жем-шөп дайындайтын науқан кезінде оған ақша таппай қиналамыз. Одан бөлек, мен қожалыққа қарай электр энергиясы желісін тартуды сұрап келе жатқаныма екі жыл болды. Бұрынғы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовке шаруагерлер болып осы аталған мәселелерді бірнеше рет жеткіздік. Қалалық әкімдік те, ауыл шаруашылығы басқармасы да біледі. Бұл мәселелерді уақыт созбай шешу керек! - дейді Қуанышев. 

Шаруагерлердің көтерген мәселелерін  мұқият тыңдаған облыс әкімі Серік Шәпкенов заң шеңберінде түйіткілді мәселелердің түйінін тарқатуға болатынын айтты:

- Қай салада болмасын заң үстемдік ету керек. Бүгінгі кездесу соңғысы емес, әлі осы саладағы талай маңызды мәселені бірге талқылаймыз. Жұмыстың барлығын бірлесе отырып жасауымыз керек. Сонда ғана нәтиже шығады.

Аймақ басшысы салаға жауапты орынбасарларына және басқарма басшысына бірқатар тапсырма жүктеді.

...Жалпы облыс бойынша тіркелген шаруашылық саны 3200. Бүгінде нақты жұмыс істеп тұрған 2 мың шаруа қожалығы бар. Оның 350-і егін шаруашылығымен, 1650-і мал шаруашылығымен айналысады.

Айнұр САПАРОВА

23 мамыр 2022, 12:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.