Атырау, 24 қараша 18:03
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс: 85-күн

1 131 просмотра

Жапония Сыртқы істер министрі Ёсимаса Хаяси сәрсенбі күні қытайлық әріптесі Ван Имен қашықтықтан келіссөздер жүргізіп, Қытай билігін Украина төңірегіндегі ахуалға байланысты бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға шақырды. Бұл туралы Kyodо агенттігі хабарлады.

* * *

Немістің Deutsche Bankі еурода корреспонденттік шоттары ашылған бірқатар ресейлік банктермен қарым-қатынасын тоқтатты. Бұл туралы РБК-ға қаржы нарығындағы екі дереккөз хабарлады.

* * *

Польша президенті ЕО-ны Украинадан босқындарды қабылдайтын елдерге жеткіліксіз көмек көрсетті деп айыптады. Дуданың айтуынша, Польша мен Венгрия бүгінде босқындарға көмектесу үшін Еуропалық Одақтан қажетті қаражатты алып отырған жоқ. Ол бұл жағдай еуропалық бірлікке нұқсан келтіретінін атап өтті. Ресми мәліметтер бойынша, Украинадағы қақтығыс басталғалы бері Польшаға 3,4 миллионға жуық украин босқыны келген.

* * *

Ресейде жұмыс істейтін АҚШ-тың ірі мұнайсервис компаниялары өз күшіндегі келісім-шарттарын бұзып, ресейлік нарықтан шығу жолдарын іздестіруде. Бұл туралы нарықтағы дереккөздерге сілтеме жасап «Коммерсантъ» хабарлады.

* * *

Газеттің ақпарат көздеріне сәйкес, американдық Baker Hughes барлық келісімшарты бұзған, ал Halliburton ресейлік филиалдың мүлкін жаңа заңды тұлғаға берген, ал ол жергілікті менеджментке сатылады. Ресейде ең көп қатысуы бар Schlumberger осындай сценарийді қарастыруы мүмкін.

* * *

Ресей қарулы күштері шабуылды күшейтті.

Американың Соғысты зерттеу институты Украинадағы әскери қақтығысқа қатысты жаңа дерек жариялады. Оған қарағанда Ресей әскері бар күшін Северодонецк қаласына жақындауға жұмылдырып жатыр. Луганск облысында олар бірнеше қалаға апаратын жолды бақылауға алуды көздейді. Дегенмен бұл жоспарды жүзеге асыруда қиындықтарға тап болған. Сонымен бірге Ресей армиясы Донецк облысындағы Славянск қаласын әрі қарай шабуылдау үшін әскерилер санын толықтырып жатыр.

Ал, Харковь бағытында Украина күштері Ресей армиясын ығыстыра түсті. Америкалық сарапшылардың мәліметінше, оңтүстік бағытта ресейліктер белсенді әрекеттерге көшпей, қорғанысты күшейткен. Азовстальда украина әскерилерін эвакуациялау жүріп жатыр. 300-ден астам жауынгер Ресей бақылауындағы Оленевка поселкісіндегі колонияға жеткізілген. Ресей Мемлекеттік думасы оларды ресейлік тұтқындарға айырбастамауды ұсынып отыр. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы болса, сумен қамтамасыз ету жүйесі қираған Мариупольда холера белең алуы мүмкін деген қауіп айтты. Сол себепті ұйым инфекцияға қарсы вакциналар мен дәрі-дәрмек дайындап жатыр.

* * * 

АҚШ Қаржы министрі: Ресейге салынған санкциялар Екінші дүниежүзілік соғыстағы санкциялармен тең.

Дүйсенбі күні АҚШ-тың қаржы министрі Джаннет Йеллен Ресей Орталық банкінің бұғатталған активтері мен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гитлерлік Германия басып алған елдерге салынған санкцияларды салыстырды. Бұл жөнінде Reuters ақпарат агенттігі хабарлады.

Польша еврейлеріне арналған Варшавадағы музейде сөйлеген Йеллен 1940 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Франклин Рузвельттің Норвегия мен Данияның активтеріне салған санкциясын еске алды. Бұл шара Германия жаулаған елдердің шетел банктеріндегі қаржысын пайдалануға жол бермеу үшін жасалған. Йелленнің сөзінше, өткен кезеңнің сабақтары Ресейге қарсы тұруға арналған стратегияны жасау кезінде пайдалы болған.

"Тиранияға қарсы қолдағы барлық құралдарымызды падалануымыз керек. Өткен тәжірибе бүгін де пайдалы... Біз Ресейді жауапқа тартуға және Украинаға қолдау көрсетуге мейлінше ынталы болып отырмыз" деді Йеллен.

Ресей әскері Украинаға басып кірген соң АҚШ пен Еуропа одағы Ресей банкінің активтерін бұғаттап, Ресейдің алтын валюта қорының үштен екісіне жуығына Ресей үкіметінің қолы жетпестей еткен.

Ресейге салынған санкциялардың мақсаты – Ресейді Украинада соғыс жүргізу мүмкіндігінен айыру. Владимир Путиннің айналасындағылар мен Ресей үкіметімен тығыз байланыстағы миллиардерлерге де қаржы-экономикалық санкция салынған.

* * *

Ресейге қарсы санкциялар Қазақстан экономикасына ауыр соққы болады - ХВҚ.

Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) сарапшылары Украинадағы оқиғалар мен Ресейге қарсы санкцияларға байланысты Қазақстандағы экономикалық өсім туралы болжам жасады.

ХВҚ Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері департаментінің директоры Джихад Азурдың пікірінше, Ресейге қарсы халықаралық санкциялар Кавказ бен Орталық Азия елдерінің экономикасына да ауыр соққы болады.

"Орталық Азия елдері географиялық жақындығын, Ресеймен тығыз сауда және қаржылық байланыстарын, ақша аударымдары мен туризмге тәуелділігін, сондай-ақ, айырбас бағамына байланысты әсерлерді ескере отырып, әлеуеті осал елдер қатарына кіреді. Сонымен қатар, аймақ елдері Украинамен сауда байланыстарын жүргізеді және шикізат пен азық-түлік бағасының өсуіне, сондай-ақ, қаржылық жағдайдың күшеюіне қатысты жаһандық қайталама әсерге ұшырайды. Украинадағы соғыстың жан-жақты әсері биыл Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерінің экономикалық өсімін едәуір әлсіретті", - деді ол.

Жақында қор жариялаған экономика дамуы перспективасы болжамына сәйкес, нақты ЖІӨ өсімі 2022 жылы 2,6 пайызға төмендейді. Сонымен қатар, сарапшылар өңірде инфляция биыл 10,7 пайызға дейін артады деп болжап отыр.

"Алайда бұл шок салдары өңірлерде әртүрлі байқалады және энергия ресурстарының экспорттаушылар, мысалы Әзербайжан мен Қазақстан мұнай мен газ бағасының өсуінен пайда көріп, соғыстың кейбір негатив салдарының орнын жабады. Осы елдерден Ресейге немесе оның аумағы арқылы энергия ресурстарын экспорттауға қауіп төнуі мүмкін. Сонымен қатар, Армения, Грузия және Қырғызстан сияқты энергия ресурстарын импорттаушы елдер экономикасының өсу болжамы шикізат тауарларына бағаның өсу әсерін ескере отырып айтарлықтай төмендеді", - дейді Азур.

Одан бөлек, маман барлық өңірде азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық азық-түліктің әлемдік бағасының өсуіне байланысты өсіп жатқанын және Ресейден жеткізілімдер аймақтағы азық-түлік импортының 20 пайыздан асатынын, ал кейбір елдер Ресейден де, Украинадан да бидай жеткізіп, тәуелді болып отырғанын атап өтті.

Экономистің сөзінше, пандемиямен байланысты дағдарыс, макроэкономикалық саясаттың мүмкіндіктерін шектей отырып, инфляция мен қарыз деңгейінің жоғарылауына әкелді.

"Даму перспективасы нашарлауы жағдайында орталық банктер инфляцияны ұстап тұру үшін барлық күш-жігерін жұмсауы тиіс, бұл ретте экономикалық өсуге артық кедергі келтірмеуі керек. Мемлекеттік басқару органдары бағаның өсуі халықтың осал топтарына әсерін жұмсарту мүмкіндігін мұқият бағалауы қажет. Сондай-ақ, олар аймақтағы долларландырудың жоғары деңгейін және Ресеймен банк секторындағы байланысты ескере отырып, қаржылық тұрақтылықтың сыртқы әсерлерден туындаған қатерлерін есте ұстауы керек. Бұл экономикалық саясатты әзірлеу және жүргізу үшін сынақ уақыты. Аймақтың болашағын анықтайтын белгісіздік факторлары мен ұзақ мерзімді қиындықтар әлі де бар - бұл климаттың өзгеруіне бейімделуден бастап жоғары және жан-жақты өсуді қамтамасыз етуге дейін ", - деп атап өтті Азур.

Оның пікірінше, инфляциялық болжам өсетін елдерде орталық банктерге директивалық пайыздық мөлшерлемелерді одан әрі арттыру қажет болуы мүмкін. Валюта бағамының икемдігі шокты азайтуға көмектесуі мүмкін. Ал бюджеттік мүмкіндіктері шектеулі энергия ресурстарын импорттаушы елдер өсуге қолайлы бюджеттік шараларын іске асыруы керек, бұл ретте денсаулық сақтау мен әлеуметтік салаға жұмсалатын шығын маңызды болады.

"Азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерді тез арада азайту керек және елдер халықтың кедей топтарына жоғары халықаралық бағалардың әсерін жеңілдетуі қажет. Осал үй шаруашылықтарын қорғауды қамтамасыз етудің ең тиімді тәсілі - атаулы және уақытша трансферттер. Әлеуметтік қорғаудың жүйесі берік болмаса, бағаны біртіндеп көтеруге болады. Сондай-ақ өндірісті қолдау және халықаралық ынтымақтастықты жандандыру азық-түлік жеткізілімін арттыруға көмектеседі. Экономикалық саясат шараларының дұрыс жиынтығымен КОА аймағы жарқын болашақ жолында осы күйзелістерден шыға алады", - деп түйіндеді ол.

Ақпараттар kursiv.mediaАзаттық радиосы, Tengrinews.kz басылымдарынан алынды.

19 мамыр 2022, 10:57

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.