Атырау, 24 қараша 18:06
 ашықВ Атырау -2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Украинадағы соғыс: 83-күн

1 103 просмотра

Ресейден Forbes журналы да кетті.

Forbes журналы Ресейдегі қағаз нұсқасын тоқтатын болды. Бұл жөнінде басылым директоры Дмитрий Озман хабарлағанын The Insider жазды.

Озман сөзінше, Ресей нарығынан шетелдік жарнама берушілер кетіп қалғандықтан осындай шешім қабылданған.

"Forbes журналының қағаз нұсқасына қарасаңыз, онда жарнаманың негізгі бөлігін BMW, Mercedes, Bentlеy секілді автомобиль брендтері және нарықтың люкс сегментінің тауарлары алып тұрғанын көресіз. Санкция салдарынан олардың бәрі Ресейден кетіп қалды. Оның үстіне қағаз бен типографиялық қызмет шығындары да көбейіп кетті" дейді Озман.

Журналды баспаға дайындайтын қызметкерлер басылымнан кетуі мүмкін, редакция мүшелері жұмыс орындарында қалады. Коммерциялық бөлім дербес бизнес-юниттер бөледі.

Озман сөзінше, бұл шешім Forbes журналының Нью-Йорктегі бас укеңсесінің талаптарына немесе лицензияға байланысты емес.

Американың іскерлерге арналған Forbes журналының негізін 1917 жылы Берти Чарльз Форбс қалаған. Басылым бизнес, инвестиция, технологияға арналған. Forbes жыл сайынғы түрлі саладағы рейтингтерімен де белгілі.

* * *

Украина Ресеймен келіссөздер уақытша тоқтағанын растады.

Бұл туралы Украина Президент кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк украиналық телемарафон эфирінде мәлімдеді. Оның айтуынша, процесс тоқтатылды, бірақ бұл тараптар келіссөздер үстеліне енді отырмайды дегенді білдірмейді.

"Қазір ол тоқтатылды, өйткені Стамбул коммюникесінен кейін ешқандай алға жылжу жоқ. Ресей Федерациясы әлі де стереотипті ойлайды. Бірақ кез келген соғыс келіссөздер үстелінде аяқталады және менің ойымша, Зеленский мырза бұл процесті модерациялайды", - деді Подоляк.

Украина тарапының мәлімдемесі Ресей СІМ өкілі Украинаның қақтығысты аяқтау жөніндегі келіссөздер процесінен шығатынын айтқаннан кейін жасалды.

"Жоқ, келіссөздер жалғасын таппайды. Украина келіссөздер процесінен шықты десе болады", - деді Ресейдің сыртқы істер министрі Андрей Руденко.

Ол Украина тарапы Ресейдің бейбітшілік келісімінің жобасына жауап бермегенін айтты.

Бұған дейін НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг Украинадағы қақтығыс Мәскеу сценарийі бойынша емес деп мәлімдеді.

* * *

Словакия полициясы Ресейдің Украинадағы әскери операциясын қолдап сөйлеген Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы мен бұрынғы әділет министрі Штефан Гарабинді ұстады, деп хабарлайды жергілікті Markíza телеарнасы. Гарабинге экстремизмді қолдады деген айып тағылып отыр. Телеарнаның хабарлауынша, Украинадағы арнайы операция басталған кезде республиканың Әділет министрлігінің бұрынғы басшысы өзінің әлеуметтік желісінде Ресей билігінің әрекетін қолдап сөйлеген.

 * * *

Жаңа Зеландия үкіметі Украинадағы жағдайға байланысты Беларуссияның бірқатар кәсіпорны мен азаматтарына, соның ішінде президент Александр Лукашенкоға қарсы санкциялар салғанын хабарлады. Бұл туралы Жаңа Зеландияның Сыртқы істер министрі Нанаия Махута мәлімдеді.

* * * 

Зеленский "Азовстальден" Украина жауынгерлерінің эвакуацияланғанын растады.

Мариупольдегі "Азовсталь" зауытында қоршауда қалған Украина жауынгерлерін эвакуациялап жатыр. Бұл жөнінде Reuters агенттігі хабарлап, бірнеше фотосурет жариялады. Ақпаратты Украина қарулы күштерінің бас штабы растады.

"Азовстальден" барлығы 264 адам шыққан, оның 53-і жаралы жауынгер" дейді Бас штаб. Reuters мәліметіне қарағанда, оларды Новоазовск қаласына жеткізген. Бұл қала Ресей қолдайтын сепаратистер бақылауында тұр. Жаралы жауынгерлердің Новоазовскіге апарылатынын бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігі де хабарлаған болатын.

Қалған 211 жауынгерді гуманитарлық дәліз арқылы сепаратистік "ДХР" бақылауындағы Еленовкаға алып кеткен.

Украина жауынгерлері тұтқынға алынды ма, жоқ па деген мәселе айтылмады. Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Малярдың сөзінше, "оларды Ресей тұтқындарына айырбастауы мүмкін".

Украина президенті Владимир Зеленский Мариупольдегі эвакуация туралы: "Украина әскери қызметкерлерінің – Украина қарулы күштері мен барлауының, келіссөз тобының, Халықаралық Қызыл крест комитеті мен БҰҰ-ның арқасында жүзеге асты. Жауынгерлеріміздің өмірін сақтап қалудың сәті түседі деп үміттенеміз. Бізге Украина батырларының тірі болғаны керек. Бұл біздің принципіміз. Меніңше, мұны ақыл-есі түзу әрбір адам түсінеді",- деді.

Дүйсенбі күні Украинаның "Азов" полкінің командирі Денис Прокопенко "Мариуполь гарнизоны жоғары әскери басшылық бекіткен шешімді орындайтынын және Украина халқы қолдайды деп үміттенетінін" видеоүндеумен жариялаған.

Бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігі Мариупольдегі "Азовсталь" қоршауында қалған Украинаның жаралы жауынгерлерін эвакуациялау жөнінде Украинамен келісімге келгенін мәлімдеген еді. Мұндай келісім болғанын сепаратист командирлердің бірі Александр Ходаковский де хабарлаған.

Мариуполь қаласы Ресей әскерінің бақылауына өткенімен "Азовсталь" зауытын әлі күнге Украина жауынгерлері бермей отырған. Украина басшылығы секілді олар да "Азовстальден" тым болмағанда жаралы жауынгерлерді эвакуациялауға мүмкіндік беруге шақырған. Ресей олар беріліп, тұтқынға түсуге тиіс деген талап қойған.

* * *

Ресей Украина астығын теңіз жолымен шығаруға бөгет қойып, одан тартып алған астықты сата бастады.

Астық жөніндегі халықаралық кеңестің дерегінше, кейінгі жылдары астық экспорты көлемі бойынша әлемде төртінші орында болған Украина шетелге астықтың 90 пайызын Қара теңіздегі порттарынан жөнелтіп келген. Ресей басқыншылығына дейін украин компаниялары ай сайын Қара теңіз порттарынан бес миллион тоннаға жуық астық тиейтін. Қара теңізден Жерорта теңізіне балкерлер (сусыма жүк артатын арнайы кемелер) керуені сапарға шығатын. Олар бидай, жүгері, арпа және өзге дәнді дақыл таситын.

Ресей соғыс бастағаннан кейін Қара теңіз жағалауындағы Украинаның бірқатар портты қаласын басып алып, онысымен қоймай украин астығы саудасына бөгет қойды.

"Орыс кемелері Қара теңізде тұр. Олар Украина аумағына соғыс басталғанға дейін келген халықаралық кемелердің жолын кесіп тастады, ол кемелер [теңізге] шыға алмай қалды. Сол сияқты, әдетте [Украинадан] астық тиеп, оны шартарапқа таситын кемелер сырт жақтан кіре алмай отыр" дейді Бүкілукраиндық аграрлық кеңес төрағасының орынбасары Денис Марчук.

Қазір Еврокомиссия Украинадан сыртқа астықты қалай тасымалдауға болатынын ойластырып жатыр. Мысалы, Ресей әскери флоты бөгеп тастаған Украина порттары мен элеваторларында жиналып қалған миллиондаған тонна астықты теміржол және көліктің басқа да түрлерімен тасымалдау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бірақ бұл аса зор күш-жігер мен мүлде тың логистиканы қажет етеді.

Өйткені бір балкерге орташа есеппен 60 мың тоннаға жуық астық артуға болады. Ал жүк автокөлігі болса ондаған тонна ғана астық таси алады. Тіпті Украинадағы экспортқа шығарылатын бүкіл астықты Еуропаның Жерорта теңізіндегі порттарына жеткізген күннің өзінде мұнша көлемдегі астықты сауда кемелеріне лезде тиеу мүмкін емес.

"Еуропа порттарында барлық жұмыс алдын ала жоспарланып, кестеге сай атқарылатынын да ұмытпайық. Олар жұмыс жоспарын құрған кезде Украинадан астық келіп қалады, оны тиеп, тасу қажет болады деп ойлаған да жоқ қой" дейді саясаттанушы Алексей Якубин.

Ресей президенті Владимир Путин биылғы егін түсімі ел тарихында бұрын-соңды болмаған "рекордты көрсеткішке" жетеді деген болжам жасады. "130 миллион тонна, соның ішінде 87 миллион бидай түседі" деді ол. Және Ресейдің жаңа нарыққа шығатынын айтты.

Америкалық CNN телеарнасы дерегінше, Ресей өз астығымен қоса Украинада өзі басып алған жерлерден әкелген астықты да сата бастаған. Журналистер спутниктен түсірілген суреттерге қарап, Ресей өзіне қосып алған Қырым түбегінен Сирияға астық жеткізген кемені анықтаған. Соның алдында ғана жүк көліктері Украинадағы элеваторлардан Қырымға астық тасыған.

"Біз Украинаның [Ресей] оккупациялаған жерлерінде: Херсон, Запорожье облысының бір бөлігінде, Донецк, Луганск өңірлерінде қалыптасқан ахуал жайлы айтып отырмыз. Іс жүзінде 500 мың тоннаға жуық астық қазір Украина аумағынан апарылып жатыр" дейді Денис Марчук.

Оның есебі бойынша, осы 500 мың тонна астықтың құны 150 миллион доллардан асады: Украина бюджеті айтарлықтай зиян шегіп отыр.

Бұған қоса, дейді Марчук, Украинаның көп жылдан бері сауда-саттық жасап келе жатқан серіктестері дәнді дақылдарсыз қалып отырғанын ескеру керек. Ал олардың қатарында Батыстың дамыған мемлекеттері ғана емес, сонымен бірге Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы дамушы елдер де бар. Бұл аймақтарда астық тапшылығы аштық пен жаппай наразылық туғызуы мүмкін.

"2011 жылғы "араб көктемін" еске түсірейікші. Барлығы іс жүзінде жұртта ақша болмай, астық пен ұн бағасы қатты шарықтап кеткен соң басталды, – дейді Марчук. – Ал соның салдарынан Еуропаға өте көп босқын ағылды. Қазір де дәл сондай мәселе туып отыр".

Бұл пікірмен Украинаның аграрлық саясат министрінің бірінші орынбасары Тарас Высоцкий де келіседі.

"Бұл соғыс сайып келгенде ғаламдық азық-түлік дағдарысының басталуына түрткі болды. Бұған қоса, қазір тамақ өнімдері жетіспей, бағаның өсуінен халықтың ауқымды бөлігінің экономикалық жағдайы нашарлап, көп нәрсені сатып алуға шамасы жетпейтін болады. Егер болашақта, орта мерзімді кезеңде баға өсімін тоқтатпаса, оның әсері ұзаққа созылып, кейін қайта қалпына келтіруге көп жыл қажет болады" дейді Высоцкий.

"Өндірілген ауылшаруашылығы өнімдерінің барлығы тұтынылып келген. Сондықтан егер қандай да бір ондаған миллион тонна азық-түлік ешқайда жіберілмесе, оны тек тұтынуды азайтып қана алмастыруға болады, – деп түсіндіреді Высоцкий. – Немесе ол азық-түлікті басқа елдерден алуға болады, оларға тиісінше тұтынуды азайтуға тура келеді. Қалай болғанда да тапшылық орнайды. Ал егер аса бай емес бұл елдерде барлық зат қатты қымбаттап, ақша жетпей, осы азық-түлікті сатып алу мүмкін болмаса, онда тұтынуды да азайту керек болады. Бұның салдары халыққа қатты батады, аштан өлмесе де, тамақтан тарығады".

Украинада енді бірнеше айдан кейін егін орағы басталады. Бірақ ол кезге дейін дамушы елдердің көбінде астық қоры таусылуы мүмкін, ал оны тез арада толтыру, Қара теңіздегі кеме жолын Ресей әскері бөгеп тұрған кезде мүмкін емес дейді сарапшылар.

Ақпараттар kursiv.media, Азаттық радиосы басылымдарынан алынды.

17 мамыр 2022, 10:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.