Атырау, 6 қазан 23:21
 ашықВ Атырау +20
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

«Тіпті бір метр де болмайды». Балық қалай ауланады?

1 492 просмотра

Атырау облысында Жайық пен Қиғаш өзендерінің таяздығы балық шаруашылығының дамуына кедергі болып отыр. Атырау облысы балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур СӘДІБЕКҰЛЫ қатысқан брифингте осы және басқа да мәселелер қозғалды.  

Соңғы жылдары өзендердің сағасы таязданып кеткен. Жақында өлшеу кезінде тереңдігі 45-60 см құрайтынын көрсеткен.

- Бұл өте төмен деңгей. Бір метрге де жетпейді. Теңізде балық аулаумен айналысатын шаруашылық кемелері күзде және көктемгі балық аулау маусымдарында теңізге өте алмай, тұрып қалып жатады, - дейді А. Сәдібекұлы. 


БАЛЫҚ АУЛАУ ЖӘНЕ ЭКСПОРТ

Атырау облысында кәсіпшілік балық аулаумен 19 шаруашылық айналысады. Олардың қатарына биыл сәуірде жұмысын жаңа бастаған Исатай ауданындағы «Шағала-Атырау» ЖШС қосылды. Жобаның құны - 250 млн теңге. Мекеме «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы 104 млн теңге несие алып, қазір тәулігіне 6 тонна балық өңдейді. 

Биыл көктемгі балық аулау маусымы Қиғаш өзенінде 17 ақпаннан, ал Жайық өзенінде 9 наурыздан басталды. Ақпан-наурыз айларында 1 100 тоннаға жуық балық ауланды (Жайық өзенінде - 85 тонна, Қиғаш өзенінде - 882 тонна, Каспий теңізінде - 135 тонна).

1 092 тонна балық, 123 тонна балық өнімдері және 20 тонна балық уылдырығы Ресей Федерациясына, Әзірбайжанға және Израильға экспортталды.

Былтыр Жайық-Каспий бассейнінде көктемгі және күзгі балық аулау маусымдарында 15 052 тонна балық ауланған (көктемгі маусымда 8992 тонна және күзде 6060 тонна). 9 019 тонна балық және балық өнімдері Ресей Федерациясы, Украина, Әзірбайжан, Израиль, Грузия, Өзбекстан және Румыния елдеріне экспортталды. Ал 5 539 тоннасы Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Орал қалаларына сатылған.  


БАЛЫҚ ӨСІРУШІЛЕР

- Өңірде балық өсірумен бір ғана «Caspian Royal Fish» ЖШС мен «Каспий бекіресі лимитед» ЖШС айналысады. Соңғысы бұрынғы «Луговской конный завод» ЖШС. Бұл мекеме белгілі бір себептермен 2018 жылдың аяғында жұмысын тоқтатты. Ал 2021 жылы қайта құрылып, жұмысын жандандырды. Былтыр өңірде осы екі ЖШС 11,7 мың тонна балық өсірді, - дейді А.Сәдібекұлы.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін тағы екі балық өсіру субъектісі жұмысын бастайды. Бұл қала маңындағы Алмалы ауылында былтыр жыл соңында тоған шаруашылығымен айналысуды қолған алған «Сагиева» шаруа қожалығы мен Махамбет ауданындағы «А-Дана» шаруа қожалығы.

«А-Дана» шаруа қожалығында наурызда сумен қамтудың тұйықталған жүйесінде тауарлы балық өсіру нысанының құрылысы басталды.

А.Сәдібекұлының айтуынша, 2025 жылға дейін жалпы 9 балық өсіру жобасы іске асырылады, оның 7-уі балық өсіретін тоған шаруашылығы. Бұдан басқа, «Сагиева» шаруа қожалығынан бөлек мұнымен «СевКаспийФиш» ЖШС, «Сәт» шаруа қожалығы, «Тілекші» ЖШС, «Каспий балық» өндірістік кооперативі, «Абдолов» шаруа қожалығы, «Жұмағалиева» шаруа қожалығы айналыспақ. Сонымен қатар, судағы торлы шарбақ ішінде балық өсіру шаруашылығы мен балық өңдеу цехы салынады («Каспий балық» өндірістік кооперативі).

Жылыой ауданында орналасқан «Сәт» шаруа қожалығы былтыр қараша айында 3 га және 1,2 га аумақтағы балық өсіруге арналған екі тоған құрылысын бастап кетті. Тоғанның біреуі 3 га, екіншісі 1,2 га аумақты алып жатыр. 

Одан бөлек, жыл соңына дейін Құрманғазы балық өңдеу зауыты қайта жаңғыртудан өтіп өтіп, іске қосылады.   

А.Сәдібекұлы өңірде балық өсіруге қызығушылықтың артқанын былтыр күзде осы салада пайда болған мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерімен байланыстырып отыр.

 

ШАБАҚ КӨП ЖІБЕРІЛЕДІ... БІРАҚ БҰЛ АЗ

2021 жылы «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» мен «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» Жайық өзенінен 304 дана (оның 92-сі аналық) бекіре балығын аулады. Мемлекеттік тапсырыс аясында зауыттар Жайық өзеніне 7  млн 869 мың бекіре тұқымдас балықтың шабағын жіберді.   

Ал «Caspian Royal Fish» ЖШС де мемлекеттік тапсырыс аясында 1 млн 109 мың шабақ жіберді.

- Әрине, бұл өте аз деп есептейміз. Биыл облыс әкімі Балық шаруашылығы комитетімен бірлесіп, мемлекеттік тапсырыс аясында қаржы көлемін арттыру бағытында келіссөздер жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, көктемдегі өр суымен келген балықтардың, шабақтардың мамыр-маусым айларында жаппай қырылуының алдын алу үшін қала, аудан әкімдерімен бірлесіп шаралар ұйымдастырылады. Былтыр осындай шара аясында 8 млн-ға жуық шабақ құтқарылды, - дейді А.Сәдібекұлы.

Еске салсақ, қазір Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре-2022» кең ауқымды акция өтіп жатыр. Бүгінде 214 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 23 қылмыстық іс қозғалған. Заңсыз айналымнан 10 тонна 614 кг балық алынған. Оның 772 келісі бекіре тұқымдас балық түрлерін құрайды. 115 балық аулау құралы, 51 су көлігі, ұзындығы шамамен 30 км болатын 307 заңсыз балық аулау құралы тәркіленген.

Айнұр САПАРОВА

22 сәуір 2022, 15:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.