Атырау, 23 қараша 19:20
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қара жұмыс өзағаңа емес, өзімізге қалды

5 080 просмотра

Соңғы уақытта белсенді жүріп жатқан елімізді өзбекстандық гастарбайтерлерден тазалау жұмыстарына байланысты көпшіліктің көкейінде «оларды қалай заң жүзінде жалдауға болады?» деген сауал туындады. Мұндай сауалдар жеке тұлғалардан да, кәсіпкерлерден де келіп түсуде. Алайда, біз мұның мүмкін емес екенін анықтадық.

 

800 КВОТА ҒАНА БӨЛІНГЕН

Біз жолыққан ең бірінші тарап – облыстық көш-қон полициясы басқармасы болды.

- Біз Өзбекстаннан жеке сапарлары бойынша келген азаматтарды ғана бір ай мерзімге тіркейміз, - дейді басқарма бастығы Руслан ӘДІЛОВ. – Бір ай мерзім өткеннен кейін осындай уақытқа тағы да ұзарта аламыз. Қонақ болып келген олардың мұнда жұмыс жасауға құқылары жоқ. Шетелдік жұмыс күштеріне еңбек қызметтерін жүзеге асыру үшін рұқсатты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы береді. Кедендік одаққа мүше елдерге мұндай рұқсат керек емес.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының шетелдік жұмыс күшін тарту жөніндегі бөлімнің бастығы Хайдар ТӨЛЕУІШОВТЫҢ айтуынша, биылғы жылы еңбек министрлігі біздің облысымызға маусымдық жұмыскерлер үшін 800 квота бөлген.

- Үкіметтің 13.01.12 күнгі №45 қаулысына сәйкес, маусымдық жұмыстарға рұқсат алу үшін Өзбекстан азаматтары сотталмағаны жөніндегі анықтама, дәрігерлік анықтама, медициналық сақтандыру және төлқұжаттарын ұсынуы керек, - дейді Төлеуішов. - Маусымдық жұмыскерлерге рұқсат тек бір жыл мерзімге ғана беріледі.

- Іс жүзінде сіздерге осындай рұқсат алуға адамдар келді ме?

- Жоқ. Ауызша хабарласып, қандай құжаттар керек екенін білгендер бар. Өткен жылы квота да болған жоқ. Биыл рейдтер мен тазалауларға байланысты, біз алдын-ала еңбек министрлігінен 800 квота сұрап алдық.

- Бұл жеткілікті ме?

-Жоқ, жеткіліксіз.

 

ТЫҒЫЛЫП ЖҰМЫС ЖАСАМАСЫН

Төлеуішовтың айтуынша, шетелдік жұмыс күшін тарту ережелеріне өзгерістер енеді деп күтілуде. Қазіргі уақытта құжаттар үкімет қарауында жатыр.

Өткен жылдың аяғында ІІМ әзірлеген түзетулерге (бұл әзірге құжаттың жобасы ғана екенін естеріңізге саламыз) сәйкес, ТМД елдері азаматтары ішкі істер органдарына тіркелуді ресімдегенде келу мақсаттарын «жұмыс жасауға» деп еркін толтыра алады. Гастарбайтер рұқсатты ресімдегенде рұқсат ресімделетін әр айға алдын-ала 2 АЕК мөлшерінде мемлекеттік алым төлеуі керек. Жұмыс жасауға рұқсат бірнеше рет ұзартылады, алайда ең жоғарғы жалпы жиынтық мерзімі 12 айдан аспауы керек. Заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген шетелдіктерді  осылай заңдастырудан мемлекеттік бюджетке жылына 4 миллиардтан 6 миллиардқа дейін таза түсім түседі деп болжануда. Әзірге мемлекет шығынға ұшырап отыр. Көш-қон полициясы басқармасы жанында заңсыз көш-қонмен айналысатын арнайы взвод бар. Өткен жылы заңсыз жұмыс жасап жатқан шетелдіктерді елден шығаруға жергілікті бюджеттен 570 мың теңге жұмсалса, биыл 200 мың теңге бөлініп отыр.

 Мигранттардың заңсыз жұмыс жасауы Қазақстанда заңмен жазаланады. Гастарбайтерлерге жиі қолданылатын жаза - 10 тәулікке қамаққа алу, кері ұсталса - 15 немесе 45 тәулік. Айыппұлдар да бар, бірақ оларды төлету іс жүзінде мүмкін емес. Жұмыс берушілер үшін 30 АЕК (жеке тұлғалар үшін), 50 АЕК (лауазымды тұлғалар үшін), 200 АЕК (ЖК және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін), 1000 АЕК(ірі кәсіпорындар үшін) мөлшерінде айыппұлдар белгіленген.

- Біз бюджеттік қаржыларды жоймай, заңсыз мигранттарды шығаруды оларды жалдаған адамдардың қаражатынан жүзеге асыруға күш салып жатырмыз, - дейді Р. Әділов.

Алайда қазіргі жиі жүргізіліп отырған рейдтер мардымды нәтиже берер емес. Бұл туралы кәсіпкерлердің біреуі былай дейді:

- Бәрін де келістіруге болатыны белгілі ғой, әсіресе биік дуалдар артындағы коттедждерде тұратындар мұны жиі жасайды. Олардың аулаларында міндетті түрде уақытша жер үйлер болады. Ол үйлерде өзбектер отбасыларымен бірге тұрып, егін егіп, тал өсіреді. Оларға елдеріндегі отандастары әрдайым қызыға қарайды, өйткені осы жақтан тапқан ақшалары ол жақта той жасауға да, балаларына білім беруге де жетеді. Олар, расымен, егін егуде, шаруашылыққа қарауда ұқыптылық көрсетіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отырады. Сондықтан да жаңа қазақтар оларға жақсы жағдайлар жасауға тырысады.

 

ҚАЙДА БІЗДІҢ ЖІГІТТЕР?

Жеке кәсіпкерлер көмек сұрап Кәсіпкерлер одағына жүгінген екен.

- Иә, бізге өзбекстандық азаматтарды жұмысқа заңды тарту жөнінде кәсіпкерлер жиі хабарласады, алайда біз оларды облыстық жұмыспен қамту басқармасына жібереміз, - дейді«Атырау облысының кәсіпкерлері мен жұмыс берушілері одағы» ҚБ-нің заңгері Гүлмира ЖҰМАҒҰЛОВА.– Кәсіпкерлер олардан рұқсат алған жағдай тәжірибеде болған емес. Басқармада оларға айтатыны: Өзбекстан азаматтарына рұқсат берілмейді, өйткені заң бойынша шетелдік жұмысшыларға белгілі бір біліктілік талаптары қойылады. Олардың білімдері, жұмыс өтілі болуы керек, ал өзбекстандықтар бұған сйкес келмейді. Сонымен қатар мұндай мамандар Қазақстанға керек емес, мемлекетіміз қара жұмысты өзіміздің жігіттер де жасай алады деп есептейді.

Мигрантты заңды жұмысқа тартудың тағы бір тәсілі бар, ол – тұруға ыхтиярхатын алу. Бірақ бұл үшін оның есепшотында 2,3 млн теңге болуы керек.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

28 ақпан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.