Жақында №2 Атырау қалалық сотында қызықты азаматтық іс қаралды. «Болашақ» зауытында инженер-жобалаушы боп жұмыс істейтін Үндістан азаматы Renco-Kat компаниясының Атырау филиалына қарсы заңсыз жұмыстан босату фактісі бойынша азаматтық талап-арыз берді.
«ДЕМАЛЫСТАН КЕЙІН ҚОШ БОЛ!»
Сотқа талап-арыз берушінің атынан адвокат пен оның екінші сәбиге жүкті әйелі – Қазақстан азаматы (жоғардағы суретте) жүгінген. Неке ресми түрде 2009 жылы тіркелген. Ал оның өзі жұмыс жасауға берілген рұқсат мерзімі өткендіктен Қазақстанға келе алмай отыр. Ол осы себеппен жұмыстан босатылған екен.
Сонымен, Үндістан азаматы 2009 жылдың наурызында сынақ мерзімімен жұмысқа қабылданып, 2012 жылдың 21 қарашасында еңбек келісімшарты мерзімінің өтуіне байланысты жұмыстан босатылған. Алайда талап арыз беруші тарап жұмыстан босатылуын және осы фактінің өзін заңсыз деп есептейді. «АЖ»-ға хабарласқан жұбайының растауынша, еңбек демалысынан кейін жұмысқа шығатын күн еңбек келісімшартының аяқталған уақытына – 21 қарашаға тура келу үшін, жұмыс беруші оның күйеуіне 6 қарашада кезекті еңбек демалысын әдейі ұсынып, отбасының бүкіл мүшесіне Үндістанға әуе билеттерін сатып әперген.
– Күйеуім қазан айында еңбек демалысын аламын деп, қыркүйек айында өтініш жазған еді. Бірақ басшылықтан жауап ала алмады. Енді келіп, аяқ астынан оған қарашада еңбек демалысын беріп, жұмыс рұқсатын ұзартуға керек деп, алдын-ала сотталмағандығы туралы анықтама сұратты. Атырауға қайта келген кезде күйеуім жұмысын жалғастырады деп сенген біз оның отаны Мумбайға кетіп қалдық. Ал 20 қарашада Ренко-Каттан күтпеген жерден күйеуімнің жұмыстан босатылғандығы туралы хабарламаны, ал келесі күні еңбек келісімшартының бұзылғандығы туралы бұйрық алдық, - дейді Майра.
Талап-арыз беруші тарап сотта кейбір қаржылық жайттарды даулауға тырысты. Атап айтқанда, оның жалақысынан ай сайын коммуналдық қызметтер үшін аз мөлшерде сомалар ұсталып тұрған (келісімшартқа сәйкес жұмыс беруші оған айына 120 мың теңге көлемінде пәтерді жалға алу ақысын, ұшу билеттерінің құнын және басқа да шығындарын төлеп отырған).
ҮШ ЖЫЛДАН СОҢ КӨРЕРМІЗ
Жауапкер тарап сотта бұрынғы қызметкерінің барлық талаптарын үзілді-кесілді жоққа шығарды. «Ренко-Кат» бас директорының орынбасары Руслан ФУН-СОНЫҢ (суретте) айтуынша, шетелдік жұмысшыға жұмыс жасауға рұқсат қағазын заңға сәйкес жергілікті билік органдары үш жылға берген. Осы мерзім аясында үнділік азаматпен еңбек келісімшарты бірінші жылдан кейін екі мәрте ұзартылған. Ал енді жұмыс рұқсаты мерзімінің аяқталуымен қатар еңбек келісімшартының мерзімі де біткен.
Талап-арыз беруші, егер келісімшарт бірінші жұмыс жасаған жылы ұзартылған болса, онда ол мерзімсіз болуы тиіс деп растайды. Бірақ бұл ереже тек Қазақстан азаматтарына ғана қолданылады. Осы жерде шетелдік жұмыс күшін тарту рұқсаты негізінде жұмыс істейтіндерге мұның қатысы жоқ.
– Егер елге келетін бүкіл шетелдіктің барлығы осы жерде мерзімсіз жұмыс істей беретін болса, не болатынын елестетіп көріңізші, - деп мәлімдеді Фун-Со сот ісінің барысында. Оның айтуынша, жұмыстан босату біржақты тәртіппен емес, еңбек келісімшарты мерзімінің бітуіне байланысты орын алған. Бұл жағдайда жұмыс беруші қызметкерге бір ай бұрын хабардар етуге міндетті емес.
–Талап-арыз беруші жұмыс рұқсаты мен еңбек келісімшартының мерзімі бітіп жатқандығынан және оған елден кетуге тура келетіндігінен хабардар болды. Осы жақта отбасымен қалу үшін ол басқа шаралар: мекендеу құжатын ресімдеп, азаматтық алуға өтініш беруі тиіс еді.
ЗАРДАП ШЕГУШІ ТАРАП
20 ақпанда сот Үндістан азаматының талап-арызын қанағаттандырмады. Оның осы шешімге қарсы шағымдану үшін 15 күні бар.
Соттан кейін мен Фун-Со мырзадан босаған орынға кімнің отыратынын сұрадым. Жұмыс рұқсаты мерзімінің өту фактісі есепке алынбайды. Шетелдіктердің көпшілігінің бізде он және одан да көп жылдар бойына жұмыс істеп жатқаны ешкімге құпия емес: жұмыс беруші келесі үш жылға жаңа жұмыс рұқсатын ресімдейді. Оның үстіне, талап-арыз берушінің жұбайының айтуынша, оның күйеуінің екі әріптесі – олар да Үндістан азаматтары жұмыстарын жалғастыруда.
– 3-ші санаттағы бұл орынға (инженерлік позиция) шетелдік кадрларды отандық мамандармен ауыстыру шарттарын орындау аясында қазақстандық азамат отырады, - деп сендіреді Фун-Со.
Әрине, жұмыс беруші жергілікті кадрға орнын беру үшін шетелдікке жаңа жұмыс рұқсатын ресімдемеген деп, осынау «романтикалық» нұсқаға сенуге болады. Бірақ басшылықтың оның отбасылық жағдайын назарға алмай, өз қызметкеріне аяусыз қарауының басқа себептері болуы әбден мүмкін. Дегенмен, сотта «басқа себептер» туралы ештеңе айтылмаған. Ал формалды түрде басшылық заңды бұзбаған - жақсы жұмыс тауып, осы жерде отбасылы болған және қонақжай Қазақстаннан айырылғысы келмеген шетелдіктің талап-арызын қанағаттандырмаған сот осылай деп шешті.
Бірақ соңында мұратына жетпеген бұл хикаяда, үнді киносындағыдай, қолында бір сәбиі, құрсағында екінші баласы бар қазақ әйелі зардап шегуші тарап боп қалды. Маған мұндай хикаяның алды-арты осы болмауы мүмкін деген ой келді ...
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ