Атырау, 7 қазан 03:43
 ашықВ Атырау +20
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Сертификаттың маңызы

1 715 просмотра

Атырауда «APEC Training Center» ғимаратында «Қазақстандағы адами капиталды дамыту» форумы өтті. Онда техникалық және кәсіптік білім берудің (ТжКБ) тиімділігі және NEET-ті құзыретпен және жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Ағылшын тілінен аударғанда «Not in Education, Employment, or Training» (NEET) – оқымайды, жұмыс істемейді және қайта даярлаудан өтпейді дегенді білдіреді. Әдетте, әңгіме 30 жасқа дейінгі жастар туралы, оларға техникалық және кәсіптік білім беру саласының мамандары қажетті біліктілікке ие болып, кейін жұмыс табуға қалай көмектесетіні жөнінде болып отыр.

Форум жұмысына «Talap» КЕАҚ өкілдері, түрлі қаладағы колледж басшылары мен оқытушылары және ірі компаниялар - ТШО, «KazMunaiGaz Automation» ЖШС, «BAZIS HOLDING COMPANY» ЖШС-нің өкілдері қатысты.

– Көп жыл бұрын 20 жастағы жігіт кезімде жұмыс іздедім. ТШО тәжірибесі және сертификаты бар темір конструкцияларды монтаждаушыларды жұмысқа қабылдайды деген хабарландыруды көрдім. Менде мұның біреуі де болған жоқ. Тәжірибеге келетін болсақ, түйіндемемді бұрмалап, екінші мәселені ақшамен шештім – 5 мың теңгеге сертификат сатып алдым, – деді «APEC Training Center» ЖШС директоры Асқар СЕКЕРБАЕВ ақтарыла сөйлеп. – Содан соң жұмыс орнымда тәжірибе жинақтадым, кейде кемшілік жіберген жерлерім болды. Бірақ кейін үйреніп алдым. Ол кезде мен сияқтылар көп еді. Мұндай жағдайлар әлі де бар шығар. Супервайзер болып жұмыс істейтін бір досым жұмысқа келгендердің 80 пайызында өздеріне берілген тапсырмаларды орындауға практикалық дағдылары жоқ екенін айтады. Оның айтуынша, бұл адамдарды жұмысқа алмау мүмкін емес – олардың дипломдары да, сертификаттары да бар, бірақ тәжірибесі жоқ. Оларды оқытып, бағыттау үшін компанияға қажетті ресурстарды жұмсауға тура келеді.

Екінші мысал, осыдан 20 жыл бұрын жерлесіміз, есімін Серік делік, ағаш құрастырушы болып жұмысқа орналасты. Көп тәжірибе жинақтады, бірақ, өкінішке орай, қажетті сертификаттары жоқ. Онымен бірге шетелдік маман жұмыс істейді, тәжірибесі Серіктен аз, бірақ сертификаттары бар, сондықтан да бастық. Біз командамызбен осы жағдайларды ойластырып, біліктілік, құзырет деңгейін анықтауға, жергілікті жұмысшыларды оқытуға және оларға сертификат беруге көмектесетін тәуелсіз сертификаттау орталығы қажет деген қорытындыға келдік.

А.Секербаевтың айтуынша, жаһандық салалардағы – мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі, құрылыс саласындағы жұмыс стандарттары шамамен бірдей. Осы салалар бойынша оқыту бағдарламаларының стандарттары мен талаптарын әзірлеген бірқатар кәсіби қауымдастықтар бар. Дамыған елдердің мамандары дәл осы стандарттарға сүйенеді, олар негізі болып табылады, яғни, белгілі бір адамның білімі мен дағдыларын растайды. Өйткені дәнекерлеуші - Африкада да дәнекерлеуші. Бірақ оның дағдыларын, мысалы, NCCER растаса, бұл бүкіл әлемдегі жұмыс берушілер үшін «сапа белгісі».

Сондай-ақ мұнай-газ саласында API 510 Pressure Vessels Inspectors certification танымал. Ол жоғары қысымды резервуарларды тексеруге, AAPG – кәсіпшілік геологияға, NEBOSH – өнеркәсіптік қауіпсіздікке мамандандырылған және т.б.

Стандарттарды әзірлеген ұйымдар, мысалы, логистикада – APICS, кадр бойынша жұмыста – HRCI – қызметтің барлық бағытында бар және олардың барлығы жастардың қай салада жұмыс істеуді жоспарлап отырғанына қарай Қазақстандағы колледж студенттеріне қолжетімді болуы мүмкін.

2019 жылы Келешек Кеңею Жобасын (ККЖ) жүзеге асыру аясында ТШО эксперимент ретінде Атыраудағы «APEC Training center» ЖШС-не халықаралық аккредитация алуға және National Center for Construction Education and Research (NCCER) халықаралық ұйымының оқыту және сынақ бағдарламаларына бейімдеуге көмектесті. Басқа өңірдегі колледждер де өз түлектеріне халықаралық үлгідегі сертификат беруге мүдделі.

Ол үшін форум аясында колледж өкілдерінің NCCER, City & Guilds, Finch Global шетелдік ұйымдарының өкілдерімен онлайн кездесуі өтті. Оқу орындарының басшылары кадрларды даярлаудың халықаралық стандарттары талаптарымен (салалық аккредиттеу), аккредиттеуден өту алгоритмімен және колледждердің жұмыс берушілерімен өзара әрекетімен танысты.

Форум қорытындысы бойынша халықаралық аккредитация алуға көмектесу туралы меморандумдарға қол қойылды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

12 сәуір 2022, 17:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.