Аққыстау селосында осыдан бірнеше жыл бұрын салынған жылыжай кешені, көкөніс қоймасы және сүт өңдейтін цех жұмысы әлі де тоқтап тұр. «Бұған себеп – бұл өндірістік нысандарды іске қосу кезіндегі пайда болған проблемалар», дейді кәсіпкерлер.
2009 жылы Аққыстау селосының әкімдігі, жоба жетекшісі «Аманбаев» ШҚ және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау өкілдігі арасында жылыжай кешенін салып, көкөніс өнімдерін өндіруді жүзеге асыру мақсатында келісім жасалған болатын.
- Жылыжай кешенін салу үшін біз 3 млн 400 мың теңгеге несие алғанбыз, ол қаржыны өтеп болдық. Бірақ, басында жылыжай жабындысы (целлофан) қатты желге шыдамай жыртылып қалды. Жаңасын Ресейден алдыртып, қайта жаптық, - дейді кәсіпкер Алмас АМАНБАЕВ. - Жақында ток пен газ қосуға рұқсат алдық. Енді жылыжай кешенінің жұмысын биыл іске қосамыз деп отырмыз,
Ал тәулігіне 500 литр сүт өңдеп шығарады деп жоспарланған цехтың ғимаратын (суретте) тұрғызу 2008 жылы басталған. «Дана» ЖШС қажетті құрал-жабдықтарды лизинг несиесі негізінде Ресейден алдыртқан.
- Біздің электр желісіне, газге қосылуға рұқсатымыз бар, бірақ мекемелердің ауысуына байланысты газге қосылу үшін құжаттарды қайтадан жинақтауға тура келіп тұр. Өз технологымызды оқыту үшін Оралға жібереміз. Себебі, уақыт оздырмай осы жылдың күзіне дейін сүт өңдеп шығара бастауымыз керек. Сүтті қай жеке шаруа қожалығынан алу қажеттігін білмей отырмыз. Біз дұрыс таңдау жасауымыз керек. Себебі, мал саулығы үшін безек қағатын аса жауапты шаруамен ғана келісімшартқа отырғымыз келеді, -дейді «Дана» ЖШС жетекшісі Тойған СҮЛЕЙМЕНОВА.
Айтпақшы: Исатай ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Ғаллем ЖАНАРЫСТАНОВТЫҢ айтуынша,жақында кәсіпкерлер инвестициялық жобаларды дамыту жөнінде Кеңеске екі ірі жобаға ұсыныс берген. Оның бірі - 150 млн теңгеге ет өнімдерін өңдейтін және 30 млн теңгеге қоян өсіріп, деликатес ет дайындайтын цехтарды ашуға бағытталған.
Жеке кәсіпкер Найля АТАУОВАҒА тиесілі 3,8 млн теңгенің көкөніс қоймасы да әлі толық жұмысын бастаған жоқ. Десек те Исатай ауданы әкімінің орынбасары Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ бұл көкөніс қоймасының жұмысы биыл іске қосылатынын мәлім етті:
- Жобалар жұмысы жанданып кетсе, аудан үшін тиімді болары анық. Бір жағынан жұмыссыздарға жұмыс табылар еді. Біз кәсіпкерлермен сөйлестік, олардың бәрі биыл жұмысты бастаймыз деп уәде беріп отыр.
- Соңғы жылдары тәулігіне 10 мың данаға жуық кірпіш шығаратын зауытты бір жеке кәсіпкер сатып алғанымен жұмыс жасамай тұрып қалды...
- Кәсіпкер цехтың газ үшін 4 млн теңге бережағы барын айтты. Сондықтан ол цехты саттыққа шығармақ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА